Анонс


«Көне Тараз» қалашығының жәдігерлері (ФОТО)

Бейсенбі, 17 Шілде 2025 01:27
«Көне Тараз» қалашығының жәдігерлері (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Тараз – тарихтың астанасы, бір кездері ұлы өркениеттің орталығы болған қала. 2014–2017 жылдар аралығында жүргізілген ауқымды қазба жұмыстары барысында Тараздың терең тарихы айқындала түсті. 18 000 шаршы метр аумақты қамтыған қазба жұмыстары барысында қаланың Қарахан кезеңінен сыр шертетін бірқатар архитектуралық құрылыс орындары мен 4000-ға жуық құнды жәдігерлер табылды. Әрбір жаңа жәдігер мен табылған ғимарат қала тарихының бір парағын аша отырып, өткен дәуірдің ерекшеліктерін тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Тараз қаласына жүргізілген қазба жұмыстары еліміз бен тарихымыз үшін де үлкен жаңалық болды. Х–ХІІ ғасырлармен мерзімделетін мәдени қабаттардан қала құрылымы мен мыңдаған құнды жәдігерлер табылды. Сол маңызды нысан «Көне Тараз» қалашығында 2015 жылы ашылған Қарахан дәуіріне тиесілі қойма. Ортағасырларда қоймалар түрлі мақсатта пайдаланылғаны белгілі. Аталған қоймадан екі үлкен хұм ыдысы, қола бөшке, темір қазан мен қыш қазанның бөлігі, құмыра бөлігі мен шағын сырлы шағын кесе табылды. Сонымен қатар, қоладан жасалған шырағданның бөліктері болды. Қоймаға сипаттама:

Қойма X–ХІІ ғасырмен мерзімделетін мәдени қабаттан анықталды. Қазбада барысында 6 квартал № 8 құрылыс нысанында орналасқан (1 сурет). Тік бұрышты пішінге ие қойманың көлемі 2,4 х 2,7 м, ал тереңдігі 1,05 м. Қойманың кіре беріс есігі шығыс жағында орналасқан. Тазалау жұмыстары барысында, қойманың негізі өңделген тас фундаментпен қамтылғаны анықталды. Оның үстінде 2–3 қатар күйдірілген кірпіштен жасалған қабырғалар бар. Кірпіштердің өлшемдері (28 х 15 х 4 см), беті күйдірілген және жоғары сапалы. Күйдірілген кірпіштердің үстіне биіктігі 1 метрге жететін саман кірпішпен қаланған қабырғалар бар. Саман кірпіштердің өлшемдері 32 х 22 х 9 см. Қойманың батыс қабырғасында 11 қатар, ал оңтүстік қабырғасында 7 қатар саман кірпіш қаландысы сақталған. Жалпы, қойманың биіктігі еденнен 1,4 метрге жоғары.

Қоймадан табылған құнды жәдігерлер төмендегідей сипаттамаға ие:

1. Византиялық алтын псевдосолид. Қойма ішінен табылған ерекше жәдігер. Византия императоры Фока І (602–610 жж.) бейнеленген алтын теңге.

Монетаның алдыңғы бетінде (аверсінде) сақалды ер адам бейнеленген. Оның басында тәжі бар, бұл оның патша немесе билеуші екенін білдіреді. Бет әлпеті айқын кескінделген, киімінің иық тұсы дөңгелек пішінді. Қолында крест ұстап тұр. Монетаның жиегінде жазулар болған сияқты, бірақ бұл нақты емес – қате болжам болуы да мүмкін. Ал артқы беті (реверсі) тегіс.

Бұл монетаның ерекшелігі – онда адамның бейнеленуі. Мұндай сипат исламға дейінгі немесе исламның алғашқы кезеңдерінде шығарылған монеталарға тән. Орта Азияда адам бейнесі салынған монеталар көбінесе Сасанидтер, Византия, Түргеш қағанаты немесе Соғды билеушілеріне тән. Сондықтан бұл теңге аймақтың тарихы, сауда қатынастары мен мәдени ықпалдары жайлы құнды дерек көзі болуы да мүмкін.

Солидтер Византия империясында айналымда болған жоғары сапалы алтын монета. Ол мемлекеттік ресми ақша ретінде пайдаланылған және жоғары (960) сынамалы алтыннан соғылған. Ал псевдосолид – сыртқы келбеті жағынан түпнұсқа солидке ұқсас, бірақ басқа жерде, басқа сападағы металдан заңсыз жасалған көшірме болып табылады. Византиялық монеталар жоғары сынамалы алтындар болғандықтан мемлекет шекарасынан тыс айналымда болмаған тәрізді, және олардың көшірмелері Соғдыда жасалған деген болжам бар.

 

Бұл алтын теңгені тарихи оқиғалармен байланыстыра қарастыру да маңызды. VІ ғасырдың аяғында Византия империясы мен Батыс Түрік қағанаты арасында алғаш рет ресми дипломатиялық байланыс орнағаны баршаға белгілі. Византия императоры Юстин II (кей деректе Юстиниан II) Сасанидтік Иранға қарсы одақтас іздеп, Земарх Киликийский басқарған елшілікті Түрік қағаны Дизабулдың ордасына жібереді. Елшілік қазіргі Талас аңғарында қабылданған. Тарихтағы бұл оқиға – түркілер мен Византия арасындағы алғашқы тікелей саяси қатынастардың бастауы болғандай.

2. Қоладан жасалған бөшке. Цилиндр пішінді, көлемі үлкен бұл ыдыс – сұйық заттарды сақтау немесе тасымалдауға арналған. Жалпы биіктігі 71 см., мойын ұзындығы 23 см., ернеу диаметрі 26 см., тұтқа ұзындығы 38 см. Ыдыстың иық бөлігінде ені 5 см. болатын күрделі композициялы ою-өрнек жолағы жүргізілген. Екі ілмек тәрізді тұтқасы ыдыстың иығы мен ернеу бөліктеріне бекіген. 

3. Қоладан жасалған шырағдан бөліктері. Шырағданның бес бөлігі табылды. Ол тек жарықтандыру құралы ғана емес, әлеуметтік мәртебенің де нышаны. Шырағданның әр бөлігі түрлі геометриялық және өсімдік тектес өрнектермен әсемделген. Оның күрделі құрылымы мен әшекейі бұл бұйымның ауқатты адамдарға тиесілі болғанын көрсетеді. 

№1 Шырағданның ортаңғы бөлігі алты қырлы пішінде жасалған. Жалпы сақталған биіктігі 25 см., жарты бөлігінің ұзындығы 12,6 см., диаметрі 10 см. Бұйымның беті геометриялық және өсімдік тектес ою-өрнектермен нақышталған; № 2 Шырағданның жоғарғы бөлігі (болжам бойынша). Биіктігі 10,5 см., диаметрі 12 см. Өсімдік тектес өрнектермен безендірілген; № 3 Шырағданның жоғарғы бөлігі. Ұзындығы 3,4 см., диаметрі 6 см; № 4 Шырағданның жоғарғы бөлігі. Ұзындығы 6 см., диаметрі 13,2 см; № 5 Табақша тәрізді жалпақ. Шырағданның негізі ретінде пайдаланылған. Ернеуі ретінде пайдаланылған. Орталық бөлігі сақталмаған. Ернеуі қайырылған жиегі біркелкі доға тәрізді шығыңқы өрнектермен әсемделген. Диаметрі 27,6 см., қалыңдығы 0,2 мм.

4,5 Сазбалшықтан жасалған хұмдар.Олардың бірі – ою-өрнекті, екіншісі өрнексіз. Екеуі де көлемі жазынан өте ірі. Мұндай хұмдар астық, су немесе басқа сұйықтықтарды ұзақ мерзімге сақтауға арналған. Иық бөлігі «қошқар мүйіз» тәрізді қазақтың ұлттық оюымен өрнектелген. Оюлы хұмның биіктігі 59,7 см., бүйірі 48 см., ернеу диаметрі 31 см., түбі 21 см. Бұл ыдыстыңың тек тұрмыстық қана емес, көркемдік мәнге де ие болғанын білдіреді.

 6,7. Темір және сазбалшықтан жасалған қазандар. Қазандар – тамақ пісіру үшін арнайы жасалған ыдыс. Қазіргі таңда да бұл ыдыстың басқа ыдыстарға қарағандарға қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны мүлде жоғары.

8,9. Құмыра сынығы мен сырлы кесе. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылған асүй ыдыстары.  

Қойманың керуен-сарай ғимаратына қарама-қарсы орналасуы мен ішіндегі алуан түрлі бұйымдарды ескере отырып, оны сауда, шаруашылық және тұрмыстық функцияларды қатар атқарған кешеннің бір бөлігі деп қарастыруымызға болады. Бұл Қарахан кезеңінен табылған құнды жәдігерлер мен архитектуралық құрылыс орындары қала тарихының тереңдігі мен маңыздылығын айқын көрсетуде.

 

Гүлмарал ҚАМБАР, «Ежелгі Тараз ескерткіштері»мемлекеттік тарихи-мәденимузей-қорығының кіші ғылыми қызметкері, «Археология және этнология» магистрі

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Смаилов Ж.Е., Абильдин А.К., Буранбаев Р.Н., Турганбаева Л.Р. Тарихи Тараз, – 62 стр.
  2. Отчет о научно-исследовательской работе «Проведение археологических исследований памятника истории и культуры городища Тараз». ТОО Казархеология. Тараз, 2015 г.
  3. К.М. Байпаков, Г.А. Капекова, Д.А. Воякин, А.Н. Марьяшев. Сокровища Древнего и Средневекового Тараза и Жамбылской области. Тараз, 2011 г. – 282 стр.
83 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper