Анонс


Халықаралық музейлер күнін атап өтуге арналған республикалық семинар өтті

Бейсенбі, 16 Ақпан 2023 17:06
Халықаралық музейлер күнін атап өтуге арналған республикалық семинар өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Ұлттық музейде Қазақстан музейлерін дамытуды әдістемелік-үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен  Халықаралық музейлер күнін атап өтуге арналған республикалық семинар өтті.

Семинар мақсаты – Халықаралық музейлер күнін атап өтуге қатысты отандық және шетелдік тәжірибелермен бөлісу.

Семинарды ҚР Ұлттық музейі директоры м.а. А. Сыдықов ашып, ойымен бөлісті.

«Музей түні» бағдарламасы Қазақстандағы республикалық, облыстық және аудандық (қалалық) деңгейдегі музейлердің барлығында дерлік жыл сайын өтіп отыратыны белгілі. Бұл акция алғаш рет елімізде 2005 жылы басталды.

Ал, 2022 жылды алып қарасақ, осы жылдың бағдарламасы аясында музейлерде негізінен көрмелер, экскурсиялар, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, музыкалық-поэтикалық кештер, викториналар, спорттық ойындар, квест-ойындар, бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттар, ұлттық тағамдар мен киімдердің таныстырылымы, кәдесыйлар сатылымы, деректі фильмдер көрсетілімі және т.б. шаралар өткен.

Сонымен қатар, «Музей түні» бағдарламасын өткізуге байланысты жыл сайын музейлер тарапынан түрлі сұрақтар туындап отырады. Әсіресе, «қандай шара өткізген дұрыс», «шараны кімдер ұйымдастыруы қажет» деген сұрақтар жиі кездеседі.  

Осы ретте Қазақстанның және шет мемлекеттердің музейлерінде өтіп жүрген үздік, қызықты жобаларды музей қызметкерлеріне үлгі ретінде таныстыру өзекті болып отыр. Сондықтан, бұрынғы өткен шараларға жан-жақты сараптама жасап, бірқатар шаралардың креативті өтуіне ықпал етуіміз қажет деп есептеймін», - деді А. Сыдықов.

 

Семинарда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Қазақстан музейлерін дамыту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығының қызметкерлері – Қ. Адельчанов, Л.Нұркеева, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің бөлім меңгерушісі Г.Жұбаниязова және Невзоровтар отбасы атындағы Бейнелеу өнері музейі директорының орынбасары Г.Бүркітова баяндама жасады.

Баяндамашылар жыл сайын 18 мамырда өтетін атаулы күнде қандай жобалар өткізу керектігіне тоқталып, отандық және шетелдік тәжірибелерді ортаға салды.

Семинар онлайн және оффлайн форматта өтіп, барлығы 120 маман қатысты.

Семинар соңында оффлайн қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

2314 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper