Анонс


Оңтүстік Корея музейлеріндегі заманауи тәжірибе: кәсіби сапар туралы

Сейсенбі, 30 Желтоқсан 2025 00:32
Оңтүстік Корея музейлеріндегі заманауи тәжірибе: кәсіби сапар туралы KAZMUSEUM.KZ -  

2025 жылғы желтоқсан айының 12-20 күндері Алматы қаласы музейлер бірлестігінің жеті қызметкері Корея Республикасының астанасы – Сеул қаласында музей қызметкерлеріне арналған кәсіби біліктілікті арттыру курсынан өтті. Мен де осы тағылымдаманың қатысушысы ретінде көрген-білгенімді, шетелдік музей ісіндегі озық тәжірибені бөлісуді жөн көрдім.

Сапардың алғашқы күні Сеул қаласы тарихы музейінің Коллекцияларды сақтау бөлімімен таныстық. Мұнда музей заттарын сақтау, қабылдау, шифрлау, орау және қаптау жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын байқадық. Теориялық дәрістер тәжірибемен ұштасып, біз корей тәжірибесіне сай экспонаттарды материалдары мен сапасына қарай сұрыптап, арнайы талаптармен орау, қаптау жұмыстарын өз қолымызбен жасап көрдік. Бұл тәжірибенің мәдени мұраны сақтаудағы кәсіби шеберлікті шыңдауға қосар үлесі зор.

Тағылымдама барысында Кенбоккун сарайы мен Ұлттық фольклор музейін аралау ерекше әсер қалдырды. Кенбоккун сарайындағы корей халқының дәстүрлі сәулет өнері мен интерьер үйлесімі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дүниетанымды айқын көрсетеді. Әрбір бөлшек – тарихтың үнсіз сырын жеткізетіндей.

Келесі күні Сеул қаласы тарихы музейінің Қор бөлімінде өткен тәжірибелік сабақ та мазмұнды болды. Қатысушылар заманауи реставрация және консервация зертханаларының жұмысымен танысты. Мұнда қолданылатын технологиялар мен әдістер музей экспонаттарын сақтаудың жаңа деңгейін көрсетеді. Ерекше назар аударарлық жайт – Кореяда реставрация жұмыстарына табиғи құрамды, қолмен өңделген материалдар кеңінен пайдаланылады. Бұл тәсіл жәдігердің беріктігін арттырып қана қоймай, тарихи нақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Кореяда екі қор сақтау бөлімдері бар: Сеул қаласы тарихы музейінде және «Енпхен» қыш өңдеу орталығында орналасқан. Алдағы уақытта үшінші қор сақтау бөлімін ашу жоспарланып отыр. Бұл – музей қорын сақтау ісіне мемлекет деңгейінде үлкен мән берілетіндігінің айғағы. Осындай тәжірибені елімізде қолдану музей саласының дамуына серпін берері сөзсіз.

Ары қарай сапар барысында Чхонгечхон музейі мен Ханяндосон қамал бекінісі музейлерінде болдық. Аталған орындарда мультимедиялық және интерактивті экспозициялардың озық үлгілері ұсынылған. Әсіресе Чхонгечхон өзенінің тарихын кезең-кезеңімен, келушіге түсінікті әрі қызықты етіп жеткізген экспозиция есте қалады. Мұнда музей тек ақпарат беретін орын емес, оқиғаны шынайы сезіндіретін атмосфералы кеңістікке айналған.

Чосон династиясы дәуірінде салынған, 600 жылдық тарихы бар Ханяндосон бекініс-қамалы музейі келушілерді өткен мен бүгінге жалғайтын рухани көпір іспетті. Әрбір тас, әрбір қабырға тарихпен тілдескендей әсер қалдырады.

Тағылымдаманың соңғы күні бағдарлама бойынша Кенджу қаласына жол тарттық. Бұл қала – ежелгі Силла мемлекетінің астанасы (б.з.д. 57 ж. – б.з. 935 ж.). Бүгінде Кенджу – Кореяның маңызды туристік әрі мәдени орталығы. Ашық аспан астындағы археологиялық парк, табиғи ландшафтпен үйлескен тарихи нысандар, жаяу туристік бағыттар мен демалыс аймақтары келуші ретінде археологиялық ортаға деген асқан қызығушылықты оятады.

Қорыта айтқанда, Корея музейлерінде кеңінен қолданылатын жаңа форматтар ерекше назар аудартты. Музей заттарын кәсіби орау, рентген және ультракүлгін құрылғылар арқылы зерттеу, стерилизациялау жүйелері, ашық қор сақтау, заманауи стеллаждар, автоматтандырылған жүйелер, сандық және иммерсивті технологиялар, робот экскурсия жетекшілері мен AI қызметтері музей ісінің болашағын айқындайды. Сонымен қатар, музейде тарих пәнін оқыту, келушілер үшін музейге тегін кіру, музей дүкендерінің болуы – музейді қоғамға жақындататын маңызды қадамдар.

Тағылымдаманың нәтижесінде музей қорларын сақтау мен есепке алудың заманауи стандарттары игеріліп, экспозицияларды жаңғыртуда цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесі зерттелді. Музей ісін туризммен және қалалық кеңістікпен ықпалдастыру жолдары анықталып, Кенджу қаласының археологиялық парктерді дамыту тәжірибесі зерделенді. Курс соңында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қызметкерлеріне халықаралық деңгейдегі сертификаттар табысталды.

Соңғы жылдары Алматы қаласы музейлер бірлестігінің халықаралық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Атап айтқанда, 2022 жылы Сеул қаласы тарихы музейімен жасалған меморандум аясында бірқатар маңызды мәдени жобалар жүзеге асырылды. Сол жылы Сеулде Алматы музейінің «Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі ұйымдастырылса, 2024 жылы Алматы қаласында Сеул қаласы тарихы музейінің «Сеул ғажайыптары» атты көрмесі көрермен назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен музей мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған бағдарламалары жүйелі түрде ұйымдастырылады. 2023 жылы Францияның Париж қаласында, 2024 жылы Сингапурда, ал 2025 жылы Түркия Республикасының Ыстанбұл мен Анкара қалаларында өткен біліктілікті арттыру курстары музей саласының халықаралық тәжірибемен толығуына мүмкіндік берді.

Қала басшылығының музей ісінің дамуына айрықша мән беріп, халықаралық аренаға бағыт ұстануы отандық мәдениет саласына тың серпін әкелуде. Музей маманы ретінде бұл бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын тауып, кәсіби біліктілігін арттырған мамандардың жинаған тәжірибесін ұлттық музей ісін дамыту жолында тиімді пайдаланады деген сенімдемін. Бұл сапар бізге кәсіби тәжірибеден бөлек, рухани азық сыйлады. Корея музейлеріндегі заманауи әдістер мен тарихи мұраны ұсыну тәсілдері еліміздегі музей ісіне тың идеялар әкелетіні анық. Біз, музей қызметкерлері, сапардан мәдени мұраға деген құрметіміз еселеніп, өз ісімізге деген жаңа көзқараспен, шабытпен оралдық.

 

Мөлдір САҒЫМБАЕВА, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қызметкері

364 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper