Анонс


«Адасқандардан» «Мөлдір махаббатқа» дейін

Бейсенбі, 17 Шілде 2025 01:42
«Адасқандардан» «Мөлдір махаббатқа» дейін KAZMUSEUM.KZ -  

Биыл 125 жылдық мерейтойы еліміздің әр жерлерінде тойланып жатқан қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың көпшілік сүйіспеншілігіне ие болған шығармаларының бірі – алғаш «Адасқандар», кейін «Мөлдір махаббат» деген атпен жарық көрген романы.

Шығарма кейіпкерлері – Бүркіт пен Бәтес. Шынай өмірдегі есімдері – Сұлтанбек пен Бәтима.

«Адасқандар» романы Қызылорда қаласында 1928 жылғы 2 сәуірде болған оқиға ізімен жазылған шығарма. Бұл туралы Сәбит Мұқанов былай деп жазған екен: «Бір күні түскі уақытта жұмыс кабинетімде жазумен шұғылданып отырғанымда («Сұлушашты» жазып жүрген кезім еді) әлдекімдер: «Өлтіріп тастапты!» деп шуласып: тереземнің алдынан жүгіріп өте берісті. Құлаққа жат естілген дауысқа мен де елеңдеп, ашық тұрған тереземнен қарғып көшеге шықтым. «Немене?» – деп сұрасам, жүгіргендер «Өлтіріп кетіпті!» деседі, бірақ кімді-кім өлтіргенін білмейді…».

Болған оқиға 28 жасар жас жазушы Сәбит Мұқановқа қатты әсер етіп көрген-білгенін ойында қорытып, екі жастың махаббат драмасына арналған үлкен роман жазуды қолға алады.

Бір айта кетерлігі, бұл оқиғаны жазбақ болып қызыққан жалғыз Сәбит Мұқанов қана болмаған. Мұхтар Әуезовтің өзі «шіркін, шырайын кіргізіп жазатын махаббат драмасы екен-ау!» деген екен.

Жазушы ойға алған тақырыбын жазамын деген шешімге келсе ойын жүзеге асыру үшін мол материал жинайтын еді. Сәбит Мұқанов бұл кезде әрі Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы, әрі «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкері болады. Шығарма кейіпкерінің бірі Мүсәпірдің прототипі, қайтыс болған Мұстафа Көшекұлының газеттің бұрынғы қызметкері болғандығына байланысты Сәбит сот процесіне қоғамдық айыптаушы болып қатысады. Бұл туралы берілген куәлік қағаз бүгінде жазушының музей-үйінде сақтаулы тұр.

Осылайша жас жазушы тақырыпты зерттей бастайды. Жазушы әрбір шығармасына материалды мол жинап, ұзақ ойланып-толғанып алып, тез жазатын болған. Оқиғаға қатысы бар адамдармен жеке-жеке кездеседі. Абақтыда жатқан Сұлтанбекпен, сүйген қызы Бәтимамен кездесіп, сөйлеседі.

Жазушының жары Мәриям апай: «Сәбит сол күндері шығарма жазбақ болып, жолығуға абақтыда жатқан Сұлтанбекке кетті. Барып қайтқан соң айтқаны: Сұлтанбекке жолықтым. «Әлі талай әңгімелесерміз. Әзірге мен түскен үйде чемодан ішінде Бәтима мен екеуміздің жүрек сырымызды айта алатын екі-үш дәптер бар. Бәтиманың хаттары бар. Соларды алып таныса тұрыңыз», – депті. Сәбит: «Не деген қайсар жігіт!» деп отырды» – деп еске алады.

Сұлтанбектің күнделік дәптерлері мен Бәтиманың оған жазған хаттары жазушы шығармасының жазылуына көп көмек болады. «Мөлдір махаббат» романы Бүркіт пен Бәтестің күнделігі түрінде жазылған. Осы жерде оқырманды «Сұлтанбектің күнделігі шынымен болған ба?» деген сұрақ мазалайтыны сөзсіз. Жазушының архивтегі жазбалары күнделіктің болғанын растайды. Бірақ ол дәптерлер кейін табылмай кеткен.

Жазушы музейінде бір бетіне қыз бен жігіттің суреті жапсырылған оқушы дәптері экспозицияға қойылған. Сурет астына араб әрпімен «Адасқан – Сұлтанбек, опасыз – Бәтима. Екі жастың тарихы» деп жазылған. Одан сәл төменіректе жазушының «Бұл Сұлтанбектің өзінен абақтыға барып сұрап алған суреттер. 12/V – 1928ж.» – деп арабша жазған ескертпесі бар. Бұл күнделіктің алғашқы беті және Сұлтанбектің күнделігінің болғанын дәлелдейді.

Сұлтанбек ауқатты, дәулетті әулеттің баласы, табиғатынан шыншыл отты жан болған. Жастайынан өлең жазумен әуестенген. Бәтима екеуінің махаббатын өлеңге айналдырып жазып жүрген. Оның күнделігі – өз жайын баяндаған өлеңі. Бәтимаға жазған хаттарының бәрін өлеңмен жазып отырған. Өкінішке орай Бәтима ол хаттарды сақтай алмаған. 

Білімге құштар Сұлтанбектен әкесі Әбеу де, нағашысы Міржақып Дулатов та үлкен үміт күткен. Сол жылдары ол Шымкентте шаруашылық техникумында оқи жүріп газет беттеріне ауыл шаруашылығы жайлы мақалалар жазып тұрған.

Сот процесі 1928 жылы 19 сәуірде басталып, төрт күнге созылады. Сұлтанбекті сегіз жыл абақтыда отыру жазасына кеседі. Бұл жазадан алты жылда құтылып, 1934 жылы ерік алады. Содан 1938 жылы Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты жанынан ашылған екі жылдық мұғалімдер институтына оқуға түседі. Бірақ, денсаулығына байланысты оқуы аяқталмай қалады. Сұлтанбек 1942 жылы 13 наурызда қайтыс болады.

Шығарма кейіпкері Бәтима жасынан ерке болып, әжесінің қолында өскен. Бәтиманы көргісі келген оқырмандар үйіне іздеп келетін болған екен. 1982 жылы Алматы қаласында қайтыс болады.

Кітаптың тағы бір кейіпкері Мүсәпірдің прототипі – Мұстафа Көшекұлы. Жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінде рецензия, сын мақалаларымен танымал жас қаламгер болған. Өз мақалаларымен де, Сәбит Мұқановтың  романының бір кейіпкерінің прототипі ретінде де Мұстафа Көшекұлының аты тарихта қалды.

Роман Қызылорда қаласында басталады да Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) аяқталады. Жазушы 1928 жылы әдебиеттегі ұстазы Сәкен Сейфуллинмен кеңесіп, Ленинградқа оқуға барады. Ол кезде Ленинградта Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан секілді қазақтың бетке ұстар азаматтары білім алып жатқан еді. Сәбең де солардың қатарына келіп қосылады.

Бір жағынан сабағы, бір жағынан екі баласы мен жарын асырау керек. Осындай қиындыққа қарамай жазушы өзінің тұңғыш романын жазуды жалғастыра түсті. Ол мәдени ортадан алған білімін жаңа жазып жатқан шығармаға арнады. Романның қалай жазылғандығы жайында жазушы: «Адасқандар» романын жазуды мен Қызылордада бастадым да, жолшыбай тоқтаған жерлерде жұмысымды жалғастыра жүріп, аяғын Ленинградқа алып келдім. Мұнда сабақтарыммен шұғылдана, қаланың іші-сыртындағы әдеміліктерді тамашалай жүре романның алғашқы редакциясын 1928 жылдың 14 декабрі күні аяқтадым. Араб әрпімен жазылған бұл вариант 424 бет болып шықты…» деп жазып кеткен.

Сәбит Мұқановтың роман жазып жатқанын естіген қалың оқырман жаңа шығарманы асыға күтті. Солардың бірі – романның бас кейіпкері Сұлтанбек болатын.

Шығарманың «Жұмбақ», «Ақын» деп аталатын екі бөлімі «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы №1 санында жарияланады. Ал 1931 жылы «Қазақстан» баспасы арқылы ең алғаш кітап болып жарыққа шықты. 1935 жылы өңделіп «Адасқандар» деген атпен қайта басылды. Роман сол жылы Олег Фролих пен Біләл Малдыбаев аудармасымен Мәскеу қаласында «Сын бая» деген атпен орыс тілінде жарық көреді. Аударманың қолжазбасы бүгінде Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік әдебиет пен өнер архивінде сақтаулы тұр. Кейін 1959 жылы Сәбең шығармасын өңдеп, бір ай шамасында қайта жазып шығады. Сол жылы туынды «Мөлдір махаббат» деген атпен қалың оқырманмен қайта қауышты. Көптеген шетел тілдеріне аударылды. 1999 жылы жазушының 100 жылдығы қарсаңында «Адасқандар» романы Астанадағы «Елорда» баспасынан 1931 жылғы ең алғашқы нұсқасымен еш өзгертусіз қайта басылып шықты.

Шығарма желісімен автор «Мөлдір махаббат» драмасын жазды. Спектакль қазіргі уақытта да М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының сахнасынан түскен жоқ. Яғни, С. Мұқановтың шығармалары әлі де халық жүрегінен орын алуда.

 

Рашида ОТАР, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері

581 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper