Анонс


Аида Балаева: Музейлерді жаңғырту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде Таңдаулы

Сейсенбі, 22 Шілде 2025 15:54
Аида Балаева: Музейлерді жаңғырту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева республикалық «Айқын» газетіне «Мәдениет дау-дамайдың емес, тың идея мен ауызбірліктің алаңы болуы керек» деген тақырыпта сұхбат берді. Министр сұхбатта қазіргі қазақ киноиндустриясы, опера және балет театрының мәселелері, музей ісі мен кітапхана саласының дамуына қатысты пікірін білдірген. Назарларыңызға сұхбаттың музей ісіне қатысты тұстарын ықшамдап ұсынамыз.

Аида Ғалымқызының айтуынша, Алматыдағы Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөс­пірімдер театры ғимаратының реконструкциясы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 2025 жылдың наурыз айынан бастап жүргізілуде. Реконструкция барысында театр жабдықтарының 100%-ы жаңартылмақ. Атап айтқанда, сахна механикасы, акустика, дыбыс, жарық, бейне жүйелері түгел жаңартылады. Сонымен қатар, жоба аясында театрдың тарихына арналған музей экспозициясы ашылады. Министр мұны «тарихи сабақтастықты сақтау мен жаңғыртудың жарқын үлгісі» деп атап өткен.

Сұхбатта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет және өнер ошақтарын қайта қалпына келтіру үшін кәсіпкерлерді тарту туралы тапсырмасының қалай орындалып жатқаны да айтылады.

«Жалпы, мәдени нысандарды жаңарту, қалпына келтіру, заманға сай қайта бейімдеу жұмыстары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Президенттің өнер саласын қолдауға қатысты үндеуіне кәсіпкерлер, демушілер қолдау білдіріп, атсалысуда. Оның ішінде музейлеріміздің де орны ерекше.

Мәселен, Орталық мемлекеттік музейдің желдету жүйесін жөндеу мақсатында «Болат Өте­мұратов» қорымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы орайда мәдениет ұйымдарының жұмысына демеушілік көрсетіп жүрген Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорына, Senim Qogamy қорына және басқа да отан­дық кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін.

Ал Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің шатыры жаңартылып, экспозициялық залдары жөнделіп жатыр. Сонымен қатар музейдің салқындатқыш жүйесі – «чиллер» толықтай ауыстыры­лады. Бұл жұмыстар республикалық бюджеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен атқарылуда», - дейді министр Аида Балаева.

Министр соңғы кезде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Ә.Қастеев атындағы Өнер музейіне қатысты көтерілген мәселеге де тоқталған.  

«Қастеев музейі туралы сөз қозғаған соң жақында болған жағдайға да қысқаша түсі­ніктеме бере кетейін. Шілде айында музей EfesArt Space жобасымен бірлесіп, бірнеше маңызды көрме ұйымдастырды. Бұл серіктестік заманауи өнер мен әлеуметтік маңызды тақырыптарды қолдауға бағытталған.

«Әйел еңбегі» атты қайырымдылық көрмесінің ашылуы музей жұмысынан кейін алдын ала шақырылған, жасы 21-ден асқан қонақтардың қатысуымен өтті. Келісім бойынша музейде алкогольсіз сусындар ұсынылатын фуршет өткізуге рұқсат берілген. Алайда кейтеринг қызметін көрсеткен компания бұл талапты бұзып, құрамында алкоголь бар сусындарды да ұсынған. Осы оқиға бойынша жауапты тұлғалар анықталып, «Эфес Қазақстан» компаниясына әкімшілік хаттама тол­тырылып, айыппұл салынды. Музей басшылығына да ресми ескерту берілді. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бақылау күшейтіледі» - деді Аида Ғалымқызы.

Министрдің сұхбатында музейлерді цифрландыру жұмыстары кеңінен көтерілген. Аида Ғалымқызы бұл орайда ҚР Ұлттық музейі, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығы, «Отырар» музей-қорығы, «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығы тәрізді ірі музейлердің атқарған жұмыстарын мысалға алған.

«Биыл Қазақстан музейлерінің бірыңғай виртуалды алаңы – E-museum веб-порталы іске қосылмақ. Бұл платформа арқылы әлемнің кез келген нүктесіндегі қолданушылар еліміздің мәдени мұрасын 3D үлгілер мен интерактивті форматта көруге мүмкіндік алады. Жоба аясында көрнекі цифрлық технологиялар қолданылып, еліміздегі мемлекеттік музей қорын электронды форматта үздіксіз жүргізуге жағдай жасалады. 

Соңғы жылдары мәдениет объектілерін цифрлық форматқа көшіру, автомат­тандырылған жүйелерді енгізу бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр.

Қазір «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының қорғауындағы «Айша бибі кесенесі» ескерткішінде электрондық билет жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынды. Жүйе бейне­камерамен, турникетпен жабдықталып, объектке кіру face id немесе  IDcard арқылы жүргізілетін болады.

Мысалға айтатын болсақ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының коммерциялық табысы 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы табысы айына 1 млн теңгені құраса, осы жылдың мамыр-маусымдағы табысы айына 4,3 млн теңгеге жетті. Бұл жерден табыстың өсу динамикасын ескеріп, қазіргі кезеңде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының объектілеріне, «Отырар» музей-қорығының «Отырар қалашығы», «Арыстан баба кесенесі» объектілеріне, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының «Қарахан кесенесі» объектісіне жоғарыда аталған автоматтандырылған жүйені енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Осы орайда бұл үдерісті кезегімен барлық тарихи-мәдени мұра объектілерінде енгізу қолға алынбақ» - деді Аида Ғалымқызы.

 

Сұхбаттың авторлық құқығы «Айқын» газетіне тиесілі.

516 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper