Музей қорының археологиялық коллекциясында сақталған бірегей жәдігерлердің ішінде - сүйек коньки көпшіліктің қызығушылығын ерекше тудырады. Бұл артефактілер ежелгі адамдардың тұрмысы мен табиғат жағдайына икемделуін, сондай-ақ көне технологиялық ойлау деңгейін көрсетеді.
Артефакт 1980-ші жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының қазба жұмыстары барысында Мыржық қорымынан табылған. Ескерткіш қола дәуірінің орта және соңғы кезеңіне жатады. Көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігер жылқының жілік сүйегінен дайындалған. Коньки түтік тәрізді сүйекті дәл ортасынан қақ бөліп, бір жағын тегістеп, жылтыратып, еш ою-өрнексіз жасалған. Оның жалпы ұзындығы 21 см, ені 4 см. болады. Пішіні сопақша, түзу болып келген. Табаны жайпақ, ал бүйірлері мұқият қырланып, егелген. Сүйектің екі басына жақын тұстан бұрғылау әдісімен тесік саңлаулар жасалған. Диаметрі шамамен 6-7 мм. болатын бұл саңлауларлар арқылы қайыс бау өткізілгені анық, яғни сүйек коньки аяқ киімге байлап тағылатын болған.
Бүгінгі күні «коньки» деген атауды естігенде әрине табанында жүзі бар коньки елестейді. Алайда бұл көне бұйым қазіргі заманғы конькилерден әлдеқайда өзгеше, табанында жүзі жоқ, керісінше сырғанау үшін қосымша өңдеу нәтижесінде тегістеліп жылтыратылған. Табанындағы ұсақ сызаттар оның тұрмыста жиі қолданылғанын дәлелдейді. Ғалымдардың зерттеулері бойынша мұндай конькилерді ежелгі көшпелілер мұз басқан өзен-көлдердің бетінен өтуге және қары қалың аймақтарда аң аулау кезінде пайдаланған.
Аталған жәдігерлерді Ұлттық музейдің қорын толықтыру мақсатында 2016 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтынан Д.А.Байтілеу тапсырған. Жәдігер бүгінде музейдің «Ежелгі және орта ғасырлар тарихы» атты эскпозициялық залына қойылып, көпшілік назарына ұсынылған.
Тарихи деректерге сүйенсек сүйек конькидің қалдықтары Батыс және Шығыс Еуропа және Қытайдың солтүстік-батысынан Қазақстанға дейінгі аумақта табылған.
Қазақстан аумағындағы сүйек конькидің алғашқы үлгілерін 1948 жылы кеңестік танымал археолог О.А.Кривцова-Гракова Қостанай қаласынан 20 шақырым жердегі Тобыл өзенінің бойында қола дәуіріне жататын Садчиков қонысының жертөлелерінен тапқан. Кездейсоқ табылған керемет олжа туралы археолог өзінің отбасына жазған хатында: «Андроновтықтар Тобыл бойында сырғанап жүрген екен», - деп атап өтеді.
Кейінірек 1964-1968 жылдары қазақстандық белгілі ғалым Ә.М. Оразбаев қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Аймақ ауылының маңында орналасқан Шағалалы қонысынан тағы да төрт сүйек конькилер табады. Ғалым бұл теңдесі жоқ табылымдарды терең зерттеп, сүйек конькилер туралы ғылыми-зерттеу мақаласын Мәскеуде шығатын «Советская жизнь» атты ғылыми журналда жариялайды. Осы зерттеулер нәтижесінде қазақ жерінде үш мың жыл бұрын адамдар мұз үстінде сырғанау үшін сүйек коньки қолданғаны ғылыми тұрғыда дәлелденеді.
Пішіні мен құрылымы ұқсас дәл осындай конькилер 1983 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы әртүрлі тарихи дәуірлерді қамтитын Бестамақ қонысынан да табылған. Қазба жұмыстарын археолог В.Н.Логвиннің жетекшілігімен жүргізген Торғай археологиялық экспедициясы бұл конькилердің де жылқының жіліншік сүйегінен жасалғанын анықтаған. Ортасынан бөлініп, екі ұшы қайқайтылып егелген конькилердің ұзындығы 26,5 см және 28 см. Конькилердің әрқайсында бау тағуға арналған тесіктері бар. Қазіргі таңда олар Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған.
Сондай-ақ мұндай сүйек коньки типтес бұйымдар Ертіс алабынан, Орталық Қазақстан, Алматы өңірінде де кездескен. Қазақстан петроглифтерінде бейнеленген табанына сырғытпа байлаған аңшылардың суреттері осындай бұйымдардың сол дәуірде кең қолданылғанын дәлелдейді.
Қазақстан аумағынан табылған сүйек конькилер – ежелгі адамдардың табиғи ортаға бейімделу қабілетін, технологиялық шеберлігін және тұрмыстық жаңашылдығын дәлелдейтін маңызды археологиялық айғақ. Бұл бұйымдар қола дәуіріндегі адамдардың мұз үстінде қозғалу, аңшылық пен көші-қон әрекеттерін жеңілдету мақсатында ойлап тапқан көне көлік құралдарының бірі болғанын көрсетеді.
Қазіргі заманда коньки спорты өркениет пен мәдениеттің дамыған көрінісі ретінде қабылданады. Ал археологиялық сүйек конькилер осы мәдениеттің түп-тамыры үш мың жыл бұрынғы қазақ даласынан бастау алатынын айғақтайды.
Бақытгүл Әлсейітқызы МҰРАТБЕКОВА, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қор сақтаушы ж/д маманы
