Анонс


XXI ғасыр музейі – дәстүр мен инновация үндестігі

Сәрсенбі, 01 Сәуір 2026 14:40
XXI ғасыр музейі – дәстүр мен инновация үндестігі KAZMUSEUM.KZ -  

Мақалада XXI ғасырдағы музейдің даму ерекшеліктері дәстүр мен инновацияның өзара байланысы тұрғысынан қарастырылады. Музейдің мәдени мұраны сақтау, ғылыми зерттеу жүргізу және ағартушылық қызмет атқару бағыттарындағы рөлі айқындалады. Зерттеу барысында дәстүрдің музейлік қызметтегі тарихи сабақтастықты қамтамасыз ететін негізгі фактор екені, ал инновацияның музей кеңістігін жаңғыртып, аудиториямен байланыс орнатудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыратыны анықталды. Сонымен қатар цифрландыру, виртуалды музейлер және интерактивті экспозициялар арқылы мәдени мұраны қолжетімді етудің заманауи тәсілдері талданады. Қазақстан музейлерінің даму тәжірибесі негізінде дәстүр мен инновацияның үйлесімді моделін қалыптастырудың маңыздылығы көрсетіледі.

Аннотация. В статье рассматриваются особенности развития музеев XXI века через призму взаимодействия традиций и инноваций. Определяется роль музеев в сохранении культурного наследия, научно-исследовательской и просветительской деятельности. В ходе исследования выявлено, что традиции обеспечивают историческую преемственность музейной деятельности, тогда как инновации способствуют модернизации музейного пространства и формированию новых форм коммуникации с аудиторией. Анализируются современные технологии, включая цифровизацию, виртуальные музеи и интерактивные экспозиции. На основе опыта музеев Казахстана обосновывается необходимость формирования гармоничной модели сочетания традиций и инноваций.

Annotation. The article examines the development of museums in the 21st century through the interaction of tradition and innovation. It highlights the role of museums in preserving cultural heritage, conducting research, and providing educational functions. The study reveals that tradition ensures historical continuity in museum activities, while innovation modernizes museum space and creates new forms of communication with audiences. Modern approaches such as digitization, virtual museums, and interactive exhibitions are analyzed. Based on the experience of Kazakhstani museums, the importance of forming a balanced model combining tradition and innovation is emphasized.

Тірек сөздер: музей, мәдени мұра, дәстүр, инновация, цифрландыру, виртуалды музей, интерактивті экспозиция, музей педагогикасы, мәдени коммуникация.

Ключевые слова: музей, культурное наследие, традиция, инновация, цифровизация, виртуальный музей, интерактивная экспозиция, музейная педагогика, культурная коммуникация.

Keywords: museum, cultural heritage, tradition, innovation, digitization, virtual museum, interactive exhibition, museum pedagogy, cultural communication.

Қазіргі жаһандану дәуірінде мәдени мұраны сақтау және оны болашақ ұрпаққа жеткізу мәселесі ерекше маңызға ие. Осы үдерісте музейлер қоғамның мәдени жадысын сақтайтын негізгі институттардың бірі болып табылады. XXI ғасырда ғылым мен техниканың қарқынды дамуы музей қызметіне жаңа талаптар қойып, оның дәстүрлі қызметін жаңаша қырынан қарастыруды қажет етті. Ақпараттық технологиялардың дамуы, цифрлық мәдениеттің қалыптасуы музей кеңістігін жаңғыртып, келушімен қарым-қатынас орнатудың жаңа формаларын туындатты. Осыған байланысты дәстүрлі музейлік тәжірибе мен инновациялық технологиялардың үндестігі өзекті ғылыми мәселеге айналып отыр.

1. Дәстүр ұғымының музейлік контекстегі мәні. Дәстүр музей қызметінде тарихи сабақтастықты, ғылыми дәлдікті және мәдени мұраны сақтау қағидаттарын білдіреді. Дәстүрлі музейлік модель экспонаттың түпнұсқалығын, сақтау талаптарын және классикалық экспозициялау әдістерін қамтиды. Музейдегі дәстүр мәдени жадыны сақтаудың негізгі тетігі болып табылады. Ол ғылыми жүйелілікке, деректік нақтылыққа және тарихи шынайылыққа негізделеді. Осы тұрғыда дәстүр музейдің институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз ететін фактор ретінде қарастырылады.

2. Инновация ұғымы және оның музей қызметіндегі орны. Инновация музей қызметінде жаңа технологияларды, коммуникациялық тәсілдерді және басқару модельдерін енгізумен сипатталады. Инновациялық үдерістер ақпаратты ұсынудың жаңа формаларын қалыптастырып, музейдің әлеуметтік рөлін кеңейтеді.Цифрландыру, интерактивті экспозициялар және виртуалды музейлер инновацияның негізгі көріністері болып табылады. Бұл технологиялар музейдің аудиториямен өзара әрекеттесуін күшейтіп, мәдени ақпараттың қолжетімділігін арттырады.

3. Дәстүр мен инновацияның диалектикалық байланысы. Дәстүр мен инновация музей қызметінде диалектикалық бірлікте қарастырылады. Инновация дәстүрлі музейлік мазмұнды жоюды мақсат етпейді, керісінше оны жаңа формада қайта интерпретациялауға мүмкіндік береді.Мысалы, түпнұсқа жәдігерді сақтау дәстүрлі қағидат болып қала береді, ал оның цифрлық көшірмесін жасау инновациялық тәсіл ретінде қолданылады. Бұл жағдайда инновация дәстүрдің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

4. Дәстүр мен инновация арасындағы қайшылықтар. Музей тәжірибесінде дәстүр мен инновация арасында белгілі бір қайшылықтар туындайды. Шамадан тыс технологияландыру экспонаттың тарихи мәнін екінші орынға ысыру қаупін тудырады. Ал дәстүрге шамадан тыс сүйену музейдің заманауи аудиториядан алшақтауына әкелуі мүмкін.Сондықтан музей қызметін дамытуда дәстүр мен инновация арасындағы тепе-теңдікті сақтау негізгі әдіснамалық қағидат болып табылады.

5. Дәстүр мен инновацияның үйлесімді моделі. Музейдің тиімді даму моделі дәстүр мен инновацияның үйлесімді синтезіне негізделуі тиіс. Бұл модельде дәстүр мазмұндық негізді қамтамасыз етсе, инновация сол мазмұнды жеткізудің заманауи құралын атқарады.Мұндай тәсіл музейдің мәдени мұраны сақтау миссиясын сақтай отырып, оның қоғамдағы коммуникативтік әлеуетін арттырады [1, c 60].

   XX ғасыр бойы музейлердің статусы ұлғайып, басқа да әлеуметтік мәдени институттардың қызметтерін өзіне алуына байланысты мәдени ақпаратты трансляциялаудың негізгі құралына айналды. Егер бұрындары музейлерге баратындардың негізгі легі жоғары білімді, оқыған адамдар және олардың ұрпақтары болса, қазірде музейлерге барушылардың әлеуметтік құрамы біршама кеңейген. Қазіргі әлеуметтік мәдени жағдай музейлерге жаңа идеялар, білімдер, рухани құндылықтар іздеуге итермелейді. Осылайша, музейлер қоғамдық сананың дамуын белгілі деңгейін бейнелейтін институттан біртіндеп оған жаңаша серпін беретін институтқа айналуда. Цифрлы технологиялар мен IT саласының дамуы музейлік жәдігерлерді 3D моделдерін құру арқылы қайта қалпына келтіру ісін жаңа деңгейге көтерді. Қазірде дамыған батыс елдерінде осы технологиялар кеңінен етек жайған сала болып табылады. Тағы бір өзекті мәселе – музей қорын электронды форматқа көшіру, іздеу жүйесіне ыңғайландырып жасақталған бірыңғай ақпараттық база жасақтау. Музейлер тек сақтау мен қалпына келтіру жұмыстарымен ғана айналыспайтынын есте сақтау керек, олар сондай - ақ, зерттеу, түсінік беру жұмыстарымен де шұғылданады. Ал жәдігерлерді кең ауқымда зерделеу үшін жақсы мәліметтер базасы барлығына қолжетімді болуы керек. Осы үшін де ІТ технологиялар болуы қажет. Виртуалды музей жасақтау арқылы шалғай аймақтарда тұратын немесе әлеуметтік мүмкіншілігі шектелуіне қарамастан үйде отырып-ақ, қажет ақпараттарды оңай тауып, пайдалана алу мүмкіндігін туғызуға әбден болады [2, б.137].

    Музей қорын цифрлық үлгіге көшіру – өте қиын, ұзақ уақытты алатын, әрі біліктілігі жоғары кәсіби мамандарды, заманауи жабдықтар мен қаржыны қажет ететін жұмыс. Бірақ, бұл жұмысты жақын арада қолға алу қажет. Қазақтың төл туындылары әлемге паш етіп көрсетуге тұрарлық теңдесіз дүниелер екені сөзсіз. Қазақстан музейлері 1991 жылы өз алдымызға егемен ел болып, тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, өзіндік даму бағыты айқындалып, құлашын кеңге жая бастады. Осы уақыттан бастап, ғылыми - зерттеу жұмыстарының өзіндік даму жолы басталды десек болады, музей желілерінің ауқымы кеңейіп, жаңа типтегі музейлер пайда болды. 2005 жылы тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының өтпелі кезеңі аяқталып, енді оның дамуының жаңа сатысы басталады. Қазақстан музейлері ұлттық нақышта сипат алып, басты бағыты дәстүрлі, ұлттық өнерді паш етумен байланысты болғандықтан, музейлердің техномәдени-ағартушылық құрылымына үлкен қолдау көрсетілу керектігі жөнінде мәселе түбегейлі көрініс тапты [3, б.36].

  Бүгінгі таңда біз ақпараттық технологияның дамуы есебінен туып отырған дәстүрлі және жаңа көзқарастардың қақтығысын көріп отырмыз. Қазақстан музейлері үшін басым екі үрдіс: материалдық емес мұраның құрып кету қаупi төніп тұрған мәдени дәстүрлерін, соның ішінде «ауызша таралған», сақтау және қолдау, алыс өркениеттер дамуының «негізгі» үрдісіне ілесуге мүмкіндік беретін көрнекі бағыттарды дамыту. Қазіргі заманғы қазақстандық музейлерде алдыңғы орынға «табиғилық» сипаты шығады, бұл біздің музейлердің ерекшелігі мен келешегін анықтайды. Жаңа ақпараттық технологияны кеңінен қолдану көрерменге экспозиция мазмұнын терең түсінуге, тақырыпқа қатысты тарихи маңызы бар қосымша деректермен танысуға және баспалық қызмет түрлерін жеделдетуге де жағдай жасайды. Кейінгі жылдары кеңінен қолданылып жүрген электронды жолбағдар арқылы виртуалды экскурсия жасау әлемдегі алдыңғы қатарлы музейлермен өз жеріңде отырып ақ, танысуға жол ашып берді. Әрине, мұндай мүмкіндіктер қазіргі заманғы адамзат сұранысына тура табылған жол, елдер арасындағы мәдени байланысты дамытудың да ыңғайлы көпірі. Музей жалпы, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерін жинастырып, зерттеп, солардың жиынтығы негізінде алдына қойған міндеттерін жүзеге асырады. Онда сақталатын ескерткіштер белгілі бір ғылым саласында зерттеу жұмыстарын жүргізуге, ал жүйелі әрі шебер орналастырылған күйде адамның ой-өрісі мен өмірлік көзқарасының, өткенге деген сый құрметінің қалыптасуына тигізер әсері сөзсіз. Сондықтан, музейлердің басқа да мәдени-білім беру, тәрбиелік және ғылыми мекемелер қатарында алатын өзіндік орны ерекше. Музейдің халыққа қызмет көрсету жұмысының басты әдісі болып отырған экспозиция өзінің ағартушылық және тәрбиелік міндеттерін музейлік бұйымдарды көрсету, оларға арнайы түсініктер беру арқылы жүзеге асырады. Музейдің көрме бөлмелеріндегі экспозициялар танысуға келген көрерменді көрсетіліп отырған бұйымдар жайында жан-жақты хабардар етуі қажет. Осыған орай, кез-келген экспозиция өзінің мазмұны мен мақсатына қарай мына талаптарды ескеруі керек:

         1) Көрерменді белгілі бір оқиға жайында хабардар етіп және соның негізінде оның ішкі дүниесіне әсер бере алатын жекелеген музейлік бұйымдар көрсетуге;

         2) Экспозициялар музей мамандарының терең ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижелері негізінде құрылуға;

         3) Шынайы музейлік бұйымдардың мәнін жан-жақты көрсету және оны көрерменге түсінікті ету мақсатында қосымша ғылыми-көмекші құралдарды пайдалануға тиісті.

         Музей экспозициялары мақсаты мен қажеттілігіне қарай, үнемі және көрмелер ретінде уақытша да болады. Жас ұрпақты ерлік, елдік рухта тәрбиелейтін, көшпелі өркениеттің қайталанбас туындыларын қастерлеп, туған елінің ұлы тұлғаларының еңбегі мен ерлігін көрсетіп, насихаттай алатын, сол арқылы өз Отанын сүюге деген құлшынысын арттыратын рухани орталықтар болуы керек. ХХ ғасырдың соңғы жылдарынан бастап, елдің тарихын қалыптастыруда, ұлттық жəне мəдени бірегейлікті қалыптастыруда, тарихи естеліктерді сақтауда музейдің алатын орны мен атқаратын қызметі туралы тарихшылар, əлеуметтанушылар жəне мəдениеттанушылар көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Музей - тарихқа, білімге, ғылыми ізденіске, əлеуметтік тəрбиеге, материалды жəне рухани мəдениетке, құндылықтарға толы орда. Ендеше, музей елдің, аймақтың, сол жерде өмір сүретін халықтың бет-бейнесі деп айтсақ, артық болмас. Сонымен, музей аймақтың танымалдылығын, яғни, имиджін қалыптастырушы ретінде, ол — мəдени орталық болуы керек, мəдени мұраны сақтаушы жəне тасымалдаушы институт, аймақтың көркін келтіретін, туристерді өзіне тартатын «инициатор», мəдени бастамаларға арналған алаң жəне өмірлік стандарттың «эталоны» болуы тиіс» [4, б.65].

        Қазақстандағы музей жұмысын дамыту барысында біріншіден, музей ісін түбегейлі қайта құру;

екіншіден, музей қорларындағы жәдігерлерді сұрыптай отырып, мәселелік-хронологиялық тұжырымдарға негізделген жаңа экспозициялар құру;

үшіншіден, жәдігерлерді жан-жақты зерттеу арқылы ақпараттық маңыздылығын арттыру;

төртіншіден, экскурсоводтың қызметін жаңашаландыру, түрлендіру жолдарын қарастыру;

бесіншіден, техникалық құрал-жабдықтарды, ақпараттық кеңістікті музей ісінде тиімді пайдалану арқылы көрермендерді музейге тарту;     

алтыншыдан, музейлердің тәрбиелік мақсаттарына сай музейлік педагогиканы дамыту;

жетіншіден, музейлік бизнес, маркетинг және менеджмент мәселелеріне назар аударып, музей ісінде аталған жаңалықтарды енгізуге мүмкіндіктер беру тұстарына ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

        Музей белгілі - бір аймақта орналасқандықтан, ол басқа мекемелерге сай емес мəселелерді шешеді: біріншіден, музей сол өңірдің ғылыми құжаттандыру орталығы болып саналады. Себебі, музей үлкен ғылыми жəне мəдени маңызы бар шынайы ақпаратты тасымалдайтын, өңірдің тарихы, мəдениеті, табиғаты туралы куəландыратын құжаттар мен заттарды музей пəні ретінде сақтайды. Екіншіден, өңірдің ғылыми-зерттеу қызметінің орталығы, себебі музей заттарын экспонат ретінде таңдау, зерттеу жəне қолдану зерттеу қызметін талап етеді, ал алынған нəтижелер мəдени немесе табиғи үрдістерде ғылыми жаңалық болып табылады. Үшіншіден, музей — өңірдің мəдени өкілдігі, музейде көрсетілген экспонаттар сол өңірдің мəдени мұрасы. Музей экспозициялары белгілі - бір уақытта нақты қоғамда үстемдік ететін мəдени нормалар шоғырланған жаңа мəдени шынайылық болып табылады. Төртіншіден, музейдің құжаттандыру, ғылыми жəне мəдени құндылықтары ағартушылық - тəрбиелік орталық ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Əр түрлі тарихи кезеңде ұрпақтар тəжірибесін, үлгілі дəстүрді, мəдени нормаларды тасымалдаушы үрдісін жүзеге асырады. Оларға - «Тарихи-өлкетану музейі», «Тарихи-мəдени жəне табиғи қорық музейлерді» жатқызуға болады. Музей бұл ғылым, білім, коммуникация, мəдени ақпараттар пен шығармашылық инновациялар орталығы ғана емес, ол мəдени бастамаларға арналған алаң ретінде қызмет атаруы тиіс [5, б.44].

      XXI ғасырдағы музей феномені дәстүр мен инновацияның өзара сабақтастығы мен үйлесімді синтезі негізінде дамып отырған күрделі әлеуметтік-мәдени институт ретінде айқындалады. Жаһандану мен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы музейлердің тек мәдени мұраны сақтаушы ғана емес, сонымен қатар білім беру, коммуникация және мәдени инновациялар орталығы ретіндегі рөлін күшейтті. Осы тұрғыда музей қызметін жаңғырту дәстүрлі құндылықтардан бас тартуды емес, керісінше оларды заманауи технологиялар арқылы жаңа мазмұн мен формада ұсынуды талап етеді. Зерттеу барысында дәстүр ұғымының музейлік қызметтегі орны тарихи сабақтастықты, ғылыми дәлдікті және мәдени жадыны сақтаумен тікелей байланысты екені анықталды. Дәстүр музейдің институционалдық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің негізгі тетігі болып табылады. Ал инновация музей кеңістігін жаңғыртып, оның қоғаммен байланыс орнату мүмкіндіктерін кеңейтеді, аудиторияны тартудың жаңа формаларын қалыптастырады. Цифрландыру, интерактивті экспозициялар, виртуалды музейлер мен ақпараттық дерекқорлар мәдени мұраны кең ауқымда танытуға және қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Қорытынды. Дәстүр мен инновацияның диалектикалық бірлігі музей дамуының негізгі әдіснамалық қағидаты ретінде көрініс табады. Инновациялық технологиялар дәстүрлі музейлік мазмұнды толықтырып, оның функционалдық әлеуетін арттырады. Дегенмен, шамадан тыс технологияландыру тарихи шынайылықтың әлсіреуіне, ал дәстүрге біржақты сүйену музейдің заманауи аудиториядан алшақтауына әкелуі мүмкін. Сондықтан музей қызметін жоспарлау мен дамытуда осы екі үрдіс арасындағы тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Қазақстан музейлерінің даму тәжірибесі де дәстүр мен инновация үндестігінің өзектілігін айқын көрсетеді. Тәуелсіздік жылдарында музей желілерінің кеңеюі, ұлттық мазмұнның күшеюі, халықаралық мәдени жобаларға қатысуы музейлердің елдің мәдени имиджін қалыптастырудағы рөлін арттырды. Сонымен қатар музей қорларын цифрландыру, виртуалды экскурсиялар ұйымдастыру, музейлік педагогиканы дамыту сияқты бағыттар қазақстандық музейлердің заманауи талаптарға бейімделуінің маңызды көрсеткіші болып отыр. XXI ғасыр музейі – бұл өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты байланыстыратын мәдени диалог алаңы. Дәстүр мазмұндық және рухани негізді қамтамасыз етсе, инновация сол негізді қоғамға жеткізудің тиімді әрі заманауи құралын ұсынады. Осындай үйлесімді модель ғана музейдің мәдени мұраны сақтау миссиясын жүзеге асырып қана қоймай, оның қоғамдағы әлеуметтік, ағартушылық және коммуникативтік маңызын арттыра алады.

 

Ерқожа АБДУАХИТОВ, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей – қорығы» РМҚК Кіші ғылыми қызметкері, философия мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдарының магистрі

 

ФОТО: автор ұсынған

 

Қолданылған дереккөздер мен әдебиеттер тізімі:

1. Шляхтина Л.М. «Современная методология реализации образовательной функции музеев». Важский край: источниковедение, история, культура: исследования и материалы. - Вельск, 2004 г. – с 126

2. Мұстапаева Д. Ө. Қазақстандағы музей ісінің тарихы. «Тұран» баспаханасы, Түркістан, 2011 жыл. - 200 бет

3. Кукашев Р.Ш. К вопросу о новых подходах в методологии научного проектирования музейной экспозиции. – Алматы, 1998 г. – с 78

4. Қартаева Т.Е. Әлемдік музейлер кеңістігі. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2013 жыл. – 148 бет

5. Ирбаева А.Ғ. «Қазақстандағы музей ісі: қалыптасуы мен дамының тарихи тәжірибесі».  – Астана, 2010 жыл. – 308 бет

429 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper