Конференцияның мақсаты: заманауи жаһандық сын-қатерлер жағдайында экскурсия және музей ісінің өзекті мәселелерін талқылау, мәдени туризмді дамыту жолдарын қарастыру, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және ілгерілету перспективаларын айқындау.
Конференция жұмысы келесі бағыттар/секциялар бойынша жүргізіледі:
1. ХХІ ғасырдағы экскурсиятанудың теориясы мен практикасы: инновациялар, трендтер және сын-қатерлер.
2. Музейлер және туризм: мәдениет, ғылым және білімнің синергиясы.
3. Туризм, музей және экскурсия ісі бойынша кадрлар даярлау: тәжірибе, әдістеме, трендтер.
4. Материалдық емес мәдени мұраны сақтау және танымал ету: дәстүрлер мен заманауи ұсыну формалары.
5. Экскурсия жүргізушілері мен гидтердің шеберлік сағаттары.
Конференцияның жұмыс тілдері: қазақ және орыс.
Конференция материалдары негізінде электронды және баспа форматындағы ғылыми жинақ жарияланады.
Бақыт Камалқызы Оразымбетова – туризм мен музей ісі саласының майталманы, Қазақстан Республикасының мәдениет және туризм саласының еңбек сіңірген қызметкері. Кәсіби ортада жоғары білікті экскурсия жетекшісі-әдіскер, ұлттық деңгейдегі экскурсия ісі мен туризм бойынша жаттықтырушы ретінде кеңінен танымал болды.
Көп жылдар бойы Бақыт Камалқызы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінің экскурсия бөлімін басқарып, экскурсия әдістемесін жетілдіру, заманауи музейлік коммуникация тәсілдерін енгізу және кәсіби стандарттарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
Қазақстан туристік қауымдастығымен, сондай-ақ Қазақ спорт және туризм академиясының туристік-ақпараттық әдістемелік орталығымен тығыз ынтымақтастығы туризм саласындағы білім беру, ағартушылық және практикалық бағдарламалардың дамуына елеулі үлес қосты, гид-экскурсия жетекшілерін даярлау ісін жаңа деңгейге көтерді.
Конференцияға жоғары оқу орындарының оқытушылары, туризм, музей ісі, мәдени мұраны сақтау және туристік білім беру саласының мамандары мен ғылыми қызметкерлері, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері, студенттер, магистранттар және докторанттар шақырылады.
