Анонс


Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы монография жарық көрді

Бейсенбі, 25 Сәуір 2024 01:30
Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы монография жарық көрді KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржыландыруымен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, т.ғ.д. профессор Досбол Сүлейменұлы Байгунаковтың жетекшілігімен «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қалдықтарының археологиялық верификациясы мен тарихи идентификациясы: пән аралық зерттеулер» археологиялық жобасы аясында монография жарыққа шықты.

  Тарихқа көз жүгіртсек,  1937 жылдары Қазақстанда жүргізілген репрессия 11 айға созылып, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Оның 5 мыңға жуығы Алматы қаласы мен қала маңында атылды. Репрессияланғандарды НКВД ғимаратында атып, жасырын түрде сыртқа шығарып көміп отырған. Олардың кейбірі Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылының маңына көмілді.             

  1989 жылдары Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жаңалық пен Іле ауданының Әли ауылдарының шекарасындағы бос жатқан жерлерден алматылықтарға саяжай үшін деп жел телімдері бөлініп берілген. Бірақ ол жерлерді игеруден саяжай иелері түгелдей бас тартады. Өйткені, топырақты аударса, адам сүйегі шыққан. Табылған әр бас сүйектердің бәрінің шүйдесі тесік, атылған оқтың ізі болған. Осыдан кейін «үлкен террор» құрбандарын жасырын түрде осы жерге көміп отырғаны белгілі болып, Жаңалық ауылы репрессия құрбандарының қорым жері деп белгіленді. Бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындары өз аулаларынан сүйек қалдықтарын тауып отырады. Бірақ бұл жерге арнайы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген болатын. 

  Осыған орай «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қалдықтарының археологиялық верификациясы мен тарихи идентификациясы: пән аралық зерттеулер» археологиялық жобасы қолға алынды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Жаңалық ауылының аумағынан 50 репрессия құрбанының сүйек қалдықтары табылып генетикалық сараптама жұмыстарына өткізілді.  

  Тек Қазақстанда ғана емес, жалпы ТМД елдерінде алғаш рет арнайы саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйегін зерттеуге арналған бұл жоба археология саласында жаңа ғылыми бағыт – сот-медициналық археология бағытын ұсынып отыр. Жасалған жұмыстардың нәтижесі ретінде «Археологическая вирификация и историческая идентификация останков жертв политических репрессий в селе Жаналык Алматинской области: междисциплинарные исследования» атты монография жарық көріп, 2024 жылғы 24 сәуір күні Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында таныстырылымы өтті.

         

Мейіржан МҰСАБАЕВ, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің» меңгерушісі

1097 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper