Анонс


Ахмет Жұбановтың қазақ әріптерін енгізген машинкасы көрмеге қойылды (ФОТО)

Сәрсенбі, 12 Қараша 2025 20:33
Ахмет Жұбановтың қазақ әріптерін енгізген машинкасы көрмеге қойылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейінде қазақ музыкасының тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұлы тұлға, композитор, дирижер, ғалым Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ахмет Жұбанов: өнер мұрасы мен тағылымы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Экспозицияға композитордың өмірі мен шығармашылығына қатысты сирек кездесетін құнды жәдігерлер қойылған. Олардың қатарында Ахмет Жұбановтың жеке заттары, қолжазбалары, архивтік материалдары мен фотосуреттері бар.

Көрмеде ерекше назар аударатын жәдігерлердің бірі – композитордың неміс баспалау машинкасы. Бұл машинканың ерекшелігі – Ахмет Жұбанов машинкаға қазақ әріптерін енгізген.

 

Сонымен қатар, Ленинград қаласында студент болып жүрген кезінде (1931 ж.) жазған «Музыкалық әліппе» деп аталатын алғашқы ғылыми еңбегінің 1933 жылы Қазақстан баспасынан жарық көрген нұсқасы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде жұмыс істеген жылдарында киген дирижерлік фрагы, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің соғыс жылдарында ұстазына жазған хаттары алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанатында «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен жас орындаушылар Нұрғиса Тілендиевтің күйлері мен әндерін орындады.

427 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper