Ұлы ғұндар дәуірінде Тараздың негізі қаланып, шаһар ретінде қалыптаса бастады. Академик Әлкей Марғұлан көне жазбалар мен археологиялық деректерді терең зерттей келе, Таразды Жетісу ғана емес, бүкіл Қазақстан жеріндегі алғашқы қалалардың бірі деп бағалаған. Тараз туралы алғашқы нақты жазба деректер V ғасырда пайда болды. 568 жылы бұл қалада Византия императоры Юстинианның елшісі Земарх болып, шаһар туралы маңызды мәліметтер қалдырған. Ал 629 жылы Қытайдан шыққан әйгілі будда миссионері Сюань Цзян да Таразды көріп, оның сәулеті мен тіршілігін сипаттап жазып кеткен.
VIII–X ғасырларда Тараз сауда мен мәдениеттің ірі орталығына айналды. Шығыс авторлары бұл қаланы түрлі халықтардың басын қосқан, дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген тауарлармен сауда жасалатын, түрлі тілдер мен діндер үндескен өркениет ордасы ретінде сипаттайды. Базарларында түрік тілінен өзге, араб, парсы, үнді тілдері де еркін естілетін. Шын мәнінде, бұл кезеңде Тараз – «көпестер қаласы» атанған. Атақты араб саяхатшысы әл-Макдиси Таразды халқы көп, айналасы ормен қоршалған, төрт қақпасы бар алып шаһар ретінде сипаттайды. Ол мұнда бау-бақша жайқалып өсіп, қала маңында көптеген елді мекендердің шоғырланғанын жазады. Тараз – өткеннің үнін бүгінге жеткізген, тұтас бір дәуірлердің айғағы іспетті тарихи мұра. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл көне қала – қазақ жерінің ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің ортақ байлығы.
Тарихтың терең қойнауына көз жүгіртсек, Тараз қаласының іргетасы біздің заманымызға дейінгі III–II ғасырларда қаланған деген тұжырымға келеміз. Бұл көрнекті қазақ ғалымы, академик Әлкей Марғұланның археологиялық деректерге сүйене отырып жасаған байламы. Ал әйгілі шығыстанушы, академик В. В. Бартольд өз зерттеулерінде ежелгі Тараздың орны қазіргі Орталық базар аумағында орналасқанын атап көрсеткен. Археологтардың ұзақ жылдарға созылған қазба жұмыстары бұл деректерді растады: Тараз қаласы І ғасырдың алғашқы кезеңінен бастап-ақ қалыптаса бастаған. Бірте-бірте Тараз қуатты бекіністері бар, халқы тығыз қоныстанған қамалды қалаға айналды. Бұл кезеңде Талас өзенінің бойын қаңлы тайпалары мекендей бастады. Ал VІ ғасырдан бастап осы өңірге түркі тілді ру-тайпалар орныға түсті. Олар өзара туыстас, мәдениеті мен дәстүрі ортақ іргелі халық ретінде қалыптаса бастады. Тарихшылардың пайымдауынша, бұл кезеңде Тараз ғана емес, бүкіл Орта Азия қалаларының негізгі тұрғындары – түркілер болды. Алайда бұл қалаларда сонымен қатар соғдылар, арабтар, парсылар мен сириялықтар да көптеп қоныстанды.
Тараздың саяси және мәдени өркендеуінде Батыс Түрік қағанатының ықпалы ерекше болды. Бұл дәуірде түркілер мен соғдылар арасындағы байланыс артып, соғды мәдениеті мен өнерінің элементтері Тараз мәдениетіне сіңе бастады. Сауда-саттық, қолөнер мен сәулет өнері гүлденіп, қала Орта Азиядағы ірі орталықтардың біріне айналды. Алайда VIII ғасырдан бастап Батыс Түрік қағанаты құрамындағы ру-тайпалар арасында билік үшін күрес басталып, ішкі алауыздық туындады. Бұл саяси тұрақсыздық салдарынан кейбір тайпалар Іле өзенінің бойынан ығысуға мәжбүр болды. Осы тарихи аласапыран кезеңде де Тараз өзінің экономикалық және мәдени маңыздылығын жоғалтпай, байлығы мен қуаты жағынан ерекше мәртебеге ие қала болып қала берді. Тараз – ежелгі өркениеттің ізі қалған, түркі әлемінің тұғыры болған, талай тарихты бастан өткерген киелі мекен. Ол – түркі халықтарының тағдыры түйіскен, сан түрлі мәдениеттер тоғысқан, ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен шежірелі шаһар.
X ғасырдан бастап Тараз қаласының атауы кең көлемде танымал бола бастады. Осы кезеңде тәжіктер Талас қаласын «Тараз» деп атай бастады. 955 жылы өңірде Қарахан әулетінің билігі орнады. Ал арада бес жыл өткен соң, 960 жылы Қарахан мемлекеті ислам дінін ресми, мемлекеттік дін ретінде жариялады. Осыдан бастап ислам өркениеті мен мәдениеті Тараз жерінде терең тамыр жайып, жаңа рухани дәуір басталды.
Бұған дейін таралған зороастризм, христиандық, буддизм сынды өзге діндер біртіндеп шеттетіліп, аймақтың басты рухани бағыты ретінде ислам орнықты. Дегенмен көрші Жетісу аймағында мекендеген түркілер ежелгі наным-сенімдеріне, атап айтқанда, Тәңірлік дүниетанымға адал болып қала берді. Бұл дәуір – түркілер мен мұсылмандық дүниенің бір-бірімен терең үндесіп, біртіндеп жаңа өркениеттік тұтастыққа ұласқан кезеңі болды.
Зерттеушілердің пайымдауынша, Оңтүстік Қазақстанның ірі қалаларында, оның ішінде Таразда түркі тайпалары басымдыққа ие болды. Соғдылар бұл өңірде, әсіресе 580–731 жылдар аралығында тығыз қоныстанғанымен, Тараз X–XII ғасырларда түркі билеушілерінің – «Түрік патшаларының ордасы» ретінде өз мәртебесін сақтап қалды. Бұл пікірді ортағасырлық араб тарихшысы Таари да қуаттап, Таразды түрік мемлекетінің жүрегі ретінде сипаттаған.
Осы тарихи негіздердің барлығы кейін ХV ғасырда жеке хандық ретінде қалыптасқан қазақ халқының түп-тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын көрсетеді. Көптеген ғалымдардың пікірінше, қазақ халқының этникалық негізі мен біртұтас саяси бірлігі ХI–ХII ғасырларда-ақ қалыптаса бастаған. Ал Тараз сол қалыптасу үдерісінің маңызды рухани, саяси және мәдени орталығы болды.
VIII ғасырдың алғашқы жылдары Тараз даласы күрделі тарихи кезеңдерді бастан өткерді. 705 жылы араб әскерлері Орта Азияның теріскей шебін нысанаға алып, Пайкендке жорық жасады. Алайда бұл шабуыл соғдылар мен түргештердің бірлескен қарсылығына тап болып, арабтар кейін шегінуге мәжбүр болды. Түргеш қағанаты әлсірегеннен кейін, арабтар тағы да қайта соққы жасауға тырысқанымен, түбегейлі үстемдік орната алмады. Олар тек Оңтүстік Қазақстанның кейбір өңірлерін ғана өз иеліктеріне қоса алды.
Сол тарихи кезеңдерде Тараз бірте-бірте Жетісу мен Орта Азиядағы жетекші қолөнер мен сауда орталықтарының біріне айналды. Сауда керуендері тоғысқан бұл шаһар жаңа тыныс алып, мәдени әрі экономикалық өрлеу кезеңіне қадам басты. Осы дәуірде тұрғызылған әйгілі Тараз моншасы – сол уақыттың өркениеттік жетістіктерін айғақтайтын сәулет ескерткіші.
Ислам дінінің үстемдік құруымен бірге, ХІ ғасырда Таразда ерекше рухани серпіліс орын алды. Дәл осы кезеңде бүгінге дейін жеткен Айша бибі, Қарахан, Бабажы-хатун кесенелері салынды. Бұл сәулет өнерінің жауһарлары исламдық және түркілік рухтың тоғысуынан туған мәдени сымбаттың үлгісі еді.
ХІ ғасырдың бірінші жартысында Тараз бен Испиджаб қалаларында күміс және мыс теңгелер соғылып, аймақтың экономикалық тәуелсіздігі нығая түсті. Алайда бұл өрлеу ұзаққа созылмады. ХІІ ғасырдың соңында Қарахан мемлекеті әлсіреп, оның иелігіне Қарақытайлар қол салды. Бірақ 1210 жылы оларды Хорезмшах Мұхаммед тас-талқан етіп жеңді.
Осыдан кейін Тараз түрлі билеушілердің қолына өтіп, тағдыр тауқыметін тартты. 1220 жылы ұлы жорықтың екпінімен келген Шыңғыс ханның әскерлері Таразды бағындырып, оны Шағатай ұлысының құрамына қосты. Қаланы қайта қалпына келтіру мақсатында жаңа шаһар – Яны бой көтеріп, 1334 жылға дейін бұл қалада ақша соғу ісі жалғасты. Бұл Тараздың қайта түлеп, сауда мен қолөнер орталығы ретінде жандана бастаған кезеңі еді.
Осы тұста тағы бір сәулет ескерткіштері – Дәуітбек пен Тектұрмас мазарлары бой көтерді. Бұл кесенелер ислам өркениетінің өңірдегі орнығып, мәдени өмірге тереңдей енгенін паш ететін нышандар болды. Алайда 1307 жылы Шағатай әулетінің арасындағы тақ таласы кезінде қала тағы да ойранға ұшырады.
Сөйтіп, қала мыңжылдық тарихында бірнеше рет күйреп, қайта жанданған, от пен оқтың ортасынан аман шыққан, әр дәуірдің ұлы өркениетін бойына сіңірген шежірелі мекен. Ол тек өткеннің куәгері ғана емес, бүгінгі ұрпаққа мұра боп жеткен рухани қазына.
Қазақ жері тек табиғи кен байлықтарының ғана емес, сонымен қатар табиғаттың көз тартар көркі мен адамзат өркениетінің алтын арнасына айналған құнды қазыналарының мекені. Бұл кең байтақ дала ежелден-ақ адамзаттың тіршілік етуіне, қоғам құрып, мәдениет өркендетуіне қолайлы өмір кеңістігі болған.
Қазақ халқы – түркі тілдес ру-тайпалардың, көне ұлыстардың ортақ аумақта ғасырлар бойы тіршілік етіп, тарихи даму сатыларынан өте отырып біртіндеп бірігуі нәтижесінде қалыптасқан халық. Ежелгі дәуірлерден жеткен жоңғар шежірелері мен шетелдік жылнамашылардың жазбаларында қазақ құрамына енген ру-тайпалардың аттары сақталған. Бұл атаулар қазіргі этникалық негізбен тығыз сабақтасып жатқан тарихи шындықтың айғағы. Сондықтан да бұл дереккөздер қазақ халқының қалыптасу тарихын зерттеуде аса құнды әрі нанымды негіз болып табылады. Халықтың біртұтас этнос ретінде танылуы тек қоныс пен рулас болудың ғана емес, ғасырлар бойғы саяси, экономикалық және рухани ортақтықтың жемісі.
Қазақ даласы адамзаттың алғашқы ошақтарының бірі. Ғылыми деректерге сүйенсек, жер бетіндегі алғашқы адамдар пайда болған үш орталықтың бірі – дәл осы Ұлы дала. Қалған екеуі Шығыс Африка мен Үндіқытай түбегін, Суматра мен Ява аралдарын қамтитын оңтүстік-шығыс Азия аймағы. Бұл Қазақстан тарихының тереңдігін, адамзат дамуының ажырамас бөлігі екенін көрсететін биік мәртебе.
Қалалардың пайда болуы да кездейсоқ үрдіс емес. Белгілі археолог В. М. Массон атап өткендей, қала – қоғамдағы күрделі экономикалық, әлеуметтік және мәдени қарым-қатынастардың табиғи нәтижесі. Қала құрылуы айырбас пен сауданың дамуы, кәсіпкерліктің өркендеуі, байлық теңсіздігі секілді факторлардың негізінде пайда болған қажеттілік. Мұндай жағдайда қоғамға ірі шаруашылық, сауда және мәдени орталықтар ауадай қажет болды.
Осындай тарихи үдерістің жарқын көрінісі Тараз қаласы. Бұл көне шаһар еліміздің тарих сахнасында ең алғаш бой көтерген қалалардың бірі ретінде саналады. Археологиялық деректер мен материалдық жәдігерлер Тараздың кемінде екі мың жылдан астам тарихы бар екенін дәлелдейді. Қазақ археологтарының табанды зерттеулері нәтижесінде Тараздың Орта Азия өркениеттерінің дамуында алатын орны нақты айқындалды. Тараз тек бір қаланың ғана емес, бүтіндей бір халықтың, тіпті тұтас өңірдің саяси, мәдени, рухани өмірінің алтын күретамыры. Ол өткен мен бүгінді, көне мен жаңаны жалғаған тарихи тамыр.
Еуразияны бойлай созылған Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз қаласы көне өркениеттің ұлы куәсі, талай тарихтың алтын парағы. Бұл шаһардың гүлденуі мен өркендеуіне сауданың дамуы, ақша айналымының қалыптасуы, егіншілік пен қолөнердің өркендеуі тікелей ықпал етті. Қалада өндіріс құралдарын жасау, архитектура мен қолөнер кәсіптері соғды шеберлерінің елеулі ықпалымен өріс алғаны тарихи шындық.
Тараздың көне сауда жолының күре тамырларының біріне айналуы оның географиялық орналасуымен тығыз байланысты. Шығыстан Батысқа, терістіктен күнгейге бағыт алған керуендер үшін Тараздан аттап өту мүмкін емес еді. Теріскейдегі қарлы таулардан кейінгі жазиралы даланың шеті осы өңірден басталып, Таразды табиғи өткел, өркениеттерді байланыстыратын тоғыс нүктесіне айналдырды.
Археологиялық деректерге сүйенсек, Тараз қаласының алғашқы нышандары б.з. І ғасырында пайда болған. Ал V–VII ғасырларда қала Цитадель мен Шахристаннан тұратын бекініске айналып, мәдени және экономикалық орталық ретінде таныла бастады.
VIII ғасырда Батыс Түрік қағандығы құлап, оның мұрагері ретінде тарих сахнасына шыққан Түргеш қағанаты Таразды астана етті. Қағандықтың негізін қалаған әйгілі Түргеш – ел аузындағы Сарыүйсін атымен белгілі, Бәйдібектің ұрпағы. Оның кезінде Талас бойындағы түркілер отырықшы өмір салтына біржола бет бұрды. Қытай шежірелері мен Батыс деректері кейде бұл өзгерістерді сыртқы ықпал ретінде көрсеткенімен, шын мәнінде олар сол дәуірдің ірі тұлғаларының бастамаларымен жүзеге асты.
ХІ–ХІІ ғасырлар Тараздың гүлдену кезеңі. Бұл кезеңде қала дербес саяси күшке айналып, Қашғар мен Самарқанд секілді ірі қалаларға билік жүргізді. Сауда мен қолөнер шарықтап дамыды. Шахристан қаланың экономикалық және мәдени өмірінің шоғырланған орталығына айналды.
Алайда бұл даңқты дәуір ұзаққа созылмады. ХІІ ғасырдың соңында Таразды қарақытайлар жаулап алды. 1210 жылы Хорезмшах Мұхаммед оларды талқандағанымен, бұл уақытша жеңіс еді. 1220 жылы қала Шыңғыс ханның әскерлерінің шапқыншылығына ұшырап, Тараздың қуаты әлсіреді. Осыдан бастап қала «Жаңа Талас» атымен белгілі болды.
XIII ғасырда тарихшы Якут: «1320 жылы жер мен көк жаралғалы бері болмаған бақытсыздық орын алды. Қалалар мен қамалдар бұзылып, адамдар олардан қашты. Қаңыраған бақтар көзге жас үйіріп, жүрек тебірентеді...» – деп жазған еді. Бұл сөздер – сол кезеңдегі Тараздың күйзелісін сипаттайтын жанды шежіре.
1307 жылы Шағатай ұрпақтары арасындағы ішкі талас-тартыстар қалаға тағы да ауыр соққы болды. Алайда Тараз тарих сахнасынан біржола кеткен жоқ. XIV ғасырда ол «Мауереннахр мен Алмалық арасындағы сауда жолындағы қала» ретінде аталды. Бұл шағын елді мекендерден қайта қалыптасқан тіршілік белгісі болатын.
Ұлы Жібек жолы маңызынан айырыла бастаған XV–XVI ғасырлар Тараздың біртіндеп ұмыт бола бастаған уақыты. Еуропа мен Үндістан арасындағы теңіз жолының ашылуы, Орта Азиядағы саяси тұрақсыздық, үздіксіз соғыстар мен көшпелі тайпалардың ықпалы қала өмірін әлсіретті. Әйткенмен, Тараз атауы соңғы рет 1513 жылы қазақ ханы Қасымның жорығында айтылады. Бұл қаланың Қазақ хандығы құрамына енген шағы.
XVIII ғасырдың соңында Ұлы Абылай хан Тараз қаласын қайтадан жандандыруға күш салып, үйіндіге айналған ежелгі шаһарды құрылыс орталығына айналдырды. Қала біртіндеп тіршілігін қалпына келтіріп, тарихи сабақтастығын сақтады.
Иә, әр қаланың өзіндік тағдыры бар. Ғасырлар сынынан өткен Тараз тарихтың үнсіз куәгері, жадыда жаңғырып тұратын шежіре. Ғасырлар шаңы көне шаһардың үстін көмкеріп жатса да, археологтар мен ғалымдардың жанқиярлық еңбегімен оның бай тарихы бүгінгі ұрпаққа қайта оралды.
Л. Н. Гумилевтің айтуынша, Тараздың алғашқы атауы – Талас. Ол Батыс Түрік қағанатының құрамында болып, VI ғасырдан бастап Қытай, Парсы, Византия және Үндістан сынды алпауыт елдермен сауда-саяси қарым-қатынас орнатқан ірі аймаққа айналды.
Қала арқылы өтетін Ұлы Жібек жолының маңызды тармақтарына бақылау орнату мақсатында түрлі мемлекеттер Түрік қағанатымен одақ құруға тырысты. Сауда мен мәдениет осы одақтардың алтын көпірі болды. Жібек, алтын, асыл тастармен қатар идеялар, сенімдер, өнер мен ғылым да бір елден екінші елге ауысып жатты. Осы орайда Тараз сауданың ғана емес, мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысқан нүктесі болды.
Бүгінде көне Тараздың ізі қайта жаңғырып келеді. Айша бибі мен Қарахан кесенелері, бабалар салған тас жолдар мен мешіттердің іздері өткеннің үнсіз ескерткіштері.
Ұлжалғас ШАИЗХАН, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы«Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің басшысы