Музей сарапшыларының қорытындысына сәйкес, бұл жәдігерлер темір дәуірінің ерте кезеңі мен орта ғасырларға тән және жоғары мәдени құндылыққа ие. Осы қорытынды негізінде Қазақстан Республикасының заңдары мен белгіленген рәсімдерге сәйкес Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті бұл баға жетпес қазынаны Ұлттық музейдің тұрақты қорына беру туралы шешім қабылдады.
Сараптамалық бағалауға сәйкес, аталған бұйымдар б.з.д. VII ғасыр мен б.з. III ғасыры аралығына жатады және ежелгі көшпелі халықтардың, нақты айтқанда сақтардың “аң стилі” мәнерінде жасалған. Бұл қолөнер туындылары жоғары көркемдік шеберлікпен орындалған және олардың грек, парсы, қытай және басқа да көрші халықтармен тығыз мәдени байланыста болғанын айғақтайды.
Музейге тапсырылған бұйымдардың қатарында:
• бүркіттің басы бейнеленген металл бұйым;
• араб жазуы бар жүзік;
• мүйізді аң бейнеленген (тау үстінде) тікбұрышты пластина;
• қанатты арыстан, пырақ (қанатты жылқы), қарғыған барыс пен секіріп тұрған бұғының мүсіндері;
• 15 көне тиын;
• шиыршық түріндегі екі жүзік;
• арыстанның басы бейнеленген жүзік бар.
Жәдігерлердің жалпы салмағы 118 грамнан асады. Ерекше атап өтерлік жайт – бұйымдар шекіме, бедерлеу және гравировка әдістерімен жасалған. Бұл дала мәдениетінің стилистикалық ерекшеліктерімен қатар грек, парсы және шығыс өнерінің ықпалын көрсетеді.
Атаулы шара 2023 жылғы шілде айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетке заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы заңға қол қоюы негізінде жүзеге асып отыр.
Бұған дейін бұл артефактілер мемлекет меншігіне қайтарылып, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-не тапсырылған болатын. Олардың тарихи және мәдени маңыздылығын ескере отырып, басқарушы компания Мәдениет және ақпарат министрлігіне өтініш білдірген еді. Бұйымдардың түпнұсқалығын анықтау және сараптамалық бағалау жүргізу мақсатында артефактілер Ұлттық музейге табысталды.