Анонс


Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық тарих пен мәдениеттің жанашыр жасампазы

Дүйсенбі, 05 Ақпан 2024 05:50
Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттық тарих пен мәдениеттің жанашыр жасампазы KAZMUSEUM.KZ -  

Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық тарихымызда ерекше орны бар тұлға. Ол кеңес дәуірінің 60 жылы ішінде сталиндік, хрущевтік, брежневтік басшылық пен саясаттың кермек дәмін татып есейді, комсомол мен партия органдарында мәртебелі қызметтер атқаруымен, мүлтіксіз адалдығымен халықтың құрметіне бөленді, Қазақстанның түкпір-түкпірінде музейлер, кітапханалар, театрлар ашуымен рухани байлықты молайтуға олжа салды. Наурыз мейрамы мен тайқазанның қайта оралуы, тарихи-мәдени жәдігерлердің, әсіресе музыкалық аспаптардың ел ішінен жиналуы – бәрі Өзекеңнің есімі мен ісін ұрпақтан ұрпаққа аманаттайтын ұлы жетістіктері.

Қазақ: «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейді. Интеллектуалды әлеуеті мен әлеуметтік-кәсіби кемелдігі толысқан 60 жасында Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін шексіз қуанышпен қарсы алған еді. Бұрынғыдан әлдеқайда өнімді еңбек етуге даяр еді. Бірақ кеше өзі мылтық беріп, мерген еткен әріптесі Батыраш пен Қотыраштың әдісіне салып, абзал жанды зейнеткерлікке шығарып жіберді. Еңбегін елемеді, атын ататпады.

Әр нәрсенің қайыры бар деген емес пе. Азаттықпен келген шығармашылық еркіндік Ө. Жәнібековтің қаламына қанат бітірді. Осы тұста жазған еңбектері ұлттық тарихнамамызға айтарлықтай реңк берді. Жарияланбай жатқандары да бар. Бұрын-соңды қаламынан шыққан дүниелерді 10–15 том көлемінде оқырманға ұсынатын уақыт жетті. Есімі Оңтүстіктегі педуниверситетке берілуі – тұлғаға тағзымның бір парасы.

Осылайша елінің алдындағы перзенттік парызын риясыз атқарған азаматтың өмір жолы Отан тарихының шағын моделі десек, еш артықтығы жоқ. Неге десеңіз, мәселе мынада.

Ықылым заманнан бері келе жатқан: «Өзіңнің кім екеніңді білгің келсе, досыңды көрсет» деген қағидат бар. Міне, осы өлшем-түсінікті сәл кеңейтіп айтар болсақ, халықтың да болмыс-бітімі оның өзі түзген тарихында, мәдениетінде тұрғаны ақиқат. Халықтың, қоғамның, тіпті билік пен қоғамдық сананың сыры мен құпиясының кілті, нағыз айнасы – тарихы. Әр замандағы тарих пен тарихи ақыл-ойдың өз құндылықтары мен басымдықтары бар. Тарихтың атасы Геродоттың жазғандарын оқи отырып, сақтар төл тарихының тірегі ретінде мемлекеті мен билеушісін, жері мен салт-дәстүрін ұлықтағанын байқаймыз. Ұлттық тарихнамамыздың бастауы Орхон мұрасында, әсіресе Күлтегін жазуында тарих қозғалысының шешуші факторына адам баласының пайда болуы мен өсуі, қағанның қайраткерлігі мен көрегендігі, соғыс пен бейбітшілік, ұрпақтар сабақтастығы жатқызылған.

***

Қазақ хандығы тұсындағы тарих пен тарихи ақыл-ойдың тапқаны мен жоғалтқаны, дәуірлері мен ерекшеліктері батырлар жырында, хандар шежіресінде, билер тағдыры мен шешендік сөздерде, аңыз-әңгіме сынды халық қазынасында көрініс тапты. Тек осыларды әлем архивтеріндегі деректермен байытып, ғылым мен техника жетістіктерін қолданумен, уақыт пен кеңістік көлеңкесіндегі ақиқатынан қылаудай ауытқымай сөйлете алсақ, ұрпақтан ұрпаққа аманаттай білсек, өзімізді өзіміз тануға, құрметтеуге қол жеткізетініміз күмәнсіз. Мұнсыз Лин Баоны Елібай, Шыңғыс ханды Тобықты, Момышұлын Сталиннің ақылманы ретінде сөйлеу, насихаттау, жойдасыз мақтау жалғаса береді. Өзекең тарихты әсірелеуді мүлде қаламаған жан.

Шынайы тарихқа бет бұру 1991 жылдан басталды. Нәтижесінде тәуелсіздік тұсында ұлттық тарихи ақыл-ой тамаша табыстарға жетті. Қазақстандық археологтар, шығыстанушылар, этнологтар, деректанушылар, алаштанушылар, т.б. ашқан жаңалықтар аса беделді халықаралық форумдарда құрметпен ауызға алынуда. Оқулықтарға, энциклопедиялық басылымдар мен хрестоматияларға енді. Төл мәдениетімізді жаңғыртуға серпін берді. Ө. Жәнібеков алдағы уақытта ғылым табыстары ұлттық жаңғыруға қызмет ететініне шүбәсіз сенді.

Дей тұрғанмен, тап бүгін отандық тарихнамамызда екі жобаның шоқтығы биік. Бұларды күн тәртібіне Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев қойып отыр. Бірі – ХХ ғасырдың 20–50 жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау, екіншісі – Қазақстан тарихының академиялық жаңа басылымын даярлау. Бұлар бұрын-соңды қолға алынбаған тың жобалар емес. Кезінде Қазақстан тарихының 5 томдығын жазған тарихшылардың үлкен тобы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталғаны белгілі. Бірақ саяси-идеологиялық себептермен сол басылым мазмұнында жартыкеш күйде қалған талдау мен баяндау жетерлік. Мәселен, кеңестік зорлықшыл саясатқа наразылықтан орын алған халық көтерілістері төңірегінде ақтаңдақтар өте мол. 1928 жылы кәмпескеге ұшырағандар, әр жылғы ашаршылықтар туралы да осыны айтуға болады. Басқа-басқа, тәуелсіздік тұсында академик М. Қозыбаевтың басшылығымен даярланған 5 томдық «Қазақстан тарихында» да толымды бағасын алмаған үдерістер бар. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіретін уақыт жетті.  

Ғалымдарды алда қаншалықты жауапты да сауапты ізденістер күтіп тұрғанын мына деректерден-ақ байқауға болады: тарихи зерттеулерде кеңестік қуғын-сүргіннен Қазақстанда 130 мыңдай адам жапа шекті, 25 мыңы атылды деген пайым-тұжырым мың мәрте қайталануда. Ақиқатына көшсек, бұл – мұзтаудың ұшар басы ғана. 2021 жылы ҚР Бас прокуратурасының ұлттық архивтегі құпия құжаттарымен жұмыс істегенде қуғын-сүргінге қатысты ондаған мың іс бар екенін көрдім. Кейбір істер бойынша 15–20 адам сотталған, атылған, жазаланған. Мұның сыртында қуғын-сүргін құжаттары ҚР ҰҚК-нің, ІІМ-нің архивтерінде, облыстық, қалалық, аудандық архивтерде жабық күйінде жатыр. Демек, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен атылғандар санын кем дегенде 15–20 есе ұлғайтсақ, еш қателеспейміз. Тіпті бұл да аз болуы мүмкін. Ал бағанағы 130 мың, 25 мың деген статистика қайдан шықты десек, менің ойымша, күштік құрылымдардың қойнауында дүниеге келген көп анықтаманың біреуінен алынса керек. Бұлардан басқа жапон, қытай, поляк, фин, ағылшын азаматтары болғанын ескерсек, Қазақстанның әлемдік қуғын-сүргін ошағына айналғанын еріксіз мойындаймыз. Қысқасы, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша құрылған республикалық және өңірлік комиссиялар құрамында жүздеген мамандар тынбастан ізденіп жатса да, жұмыстың шеті көрінер емес. Ізденушілердің бірде-біреуі қасіретті статистиканы жоққа да шығара алмайды, құптай да қоймайды.

Ақтау ісіне басты бөгесін – қуғын-сүргін құжаттарының «құпия», «өте құпия» белгілерімен сақталатыны. Жүздеген, мүмкін мыңдаған істермен танысқан маман ретінде архивтік ақпараттарда тарыдай құпия жоқ екенін нық сеніммен айта аламын. Тоталитарлық жүйе өзінің ауыр қылмысын жасыру үшін құпиялылық белгісін оңды-солды аямай соға берген. Менің жобалауымша, ұлттық архив қорларындағы құжаттардың жартысынан астамы осы себепті тұтынушыларға қолжетімді емес. Бұл экономиканың жекелеген салаларына, әлеуметтік статистикаға, кадр саясатына да қатысты. Жабық ақпарат – ғылымның аяғына салынған тұсау. Басқаша айтқанда, бүгінгі ғалымдар кешегі режимнің құрсауынан шыға алмай отыр. «Қытай қорғанынан» жапа шегуде. Кеңестік қуғын-сүргін салдары әлі жеңілер емес. Осының қырсығынан құрбандардың мыңдаған ұрпақтары әке-шешесінің немесе ата-әжесінің тағдырынан хабарсыз қалуда. Бейне, тоталитарлық тәртіп құрбандары бүгінге дейін қамауда жатқандай сезім қалдырады.

Бұдан да түсініксізі – архив қорларындағы құжаттарды жариялаудағы, ғылыми айналымға енгізудегі бірізділіктің болмауы. Бір ғана мысал келтірейін. 2013 жылы «Красный террор: из истории политических репрессий в Казахстане» құжаттар жинағы жарық көрді. Құрастырушылар – М.Қ. Қойгелдиев, В.И. Полулях, Ш.Б. Тілеубаев. Мұнда 40-қа жуық тұлғаның Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы, Алматы қаласындағы ҰҚК архивінен алынған өмірдерек құжаттары топтастырылған. Әрине, бәрінің құпиялық белгісі бар. Бірақ таныса келе, оларда құпия мүлде жоқ екенін аңғардық. Бары - жазықсыз жазаланғандардың жанайқайы ғана, арнайы қызмет органы адамдарының әлемге аян зорлық-зомбылығы. Қоғам және мемлекет қайраткерлері тарапынан ешбір сатқындық анықталмаса, қарапайым жандар – малшы, дихан, жұмысшы – қандай шпиондық әрекет жасауы мүмкін? «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген халықпыз. Жапқан жаланың қисынсыздығын мынадан-ақ байқауға болады: шалғай ауылда кетпен шауып жүрген дұнған диханын Кремльдің төрінде отырған Каменевті, маршал Тухачевскийді жақтады деп айыптағанын қайтесіз. Ол сорлы бұл есімдерді алғаш рет абақтыда естігені кәміл.

Жарайды, өрескел заңсыздық жеке адамның тағдырын қиды. Ал әкесі үшін өмір бойы қудаланған, сенімсіздікке ұшыраған жандарды қалай ақтап аламыз? Мәселен, 1931 жылғы ақпан айында Созақ көтерілісі бұрқ ете қалды. Аяусыз басылды. Мыңдаған адам шәйт болды, елден босып кетті. Осынау «қылмысына» бола созақтықтар жарты ғасыр бойы күдіктілер саналды, қызметтен қағылды, бақылау астында жүрді. 1987 жылы Мәскеу агенті Г. Колбиннің Созақтан Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайлануы ауданды жақсы көргенінен емес, бұрынғы сенбегендіктің салқыны еді. 

70–80 жылдан кейін кез келген архив қоры ашылуы керектігін ескерсек, құпия саналып отырған құжаттар тез арада әділетсіз қамаудан босатылсын. Бүгін бұлардың жоқтаушылары бар, ертең іздеушілері де табылмай қалуы таңғажайып емес.

Келесі айрықша ойланатын мәселе – қуғын-сүргінге қатысты Президентіміз Қ. Тоқаевтың тапсырмасын тура өз мағынасында орындамай жатқанымыз. Президент толық ақтауды практикалық тұрғыдан шешуді тапсырды. Ал біз тарихын зерттеумен көп айналысып кеттік. Қыруар қаражат жұмсалуда. Күнде жиын, күнде zoom. Түймедейді түйедей көрсетушілер де бар. Осындайда кеңестік дәуірде де үздік үлгі болғаны еске түседі. Мәселе мынада: 1989 жылы КСРО басшысы М.С. Горбачев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты арнайы қаулыға қол қойды. Тапсырма аса қарқынды орындалды. Бір жыл ішінде Қазақстанда 29 мың адам ақталды. Абыр-сабырсыз, дабырасыз. Неге осы тәжірибені қайталамасқа?

Қуғын-сүргін ақиқаты там-тұмдап ашылуда. Енді оны әлем оқырманына жеткізу керек. Орайы да келіп тұр – дайындалып жатқан көптомдық «Қазақстан тарихы» басылымында бүктемесіз, тайға таңба басқандай баяндалғаны абзал. Сәтін салып, заманауи теориялық, методологиялық, танымдық деңгейде жазыла қалса, қазақты әлемге танытатын тарихи шығармалар қатарын толықтыратыны сөзсіз. Оған жеткізетін жол біреу – ғылымға тән миссияны, яғни жаңалық ашу мен ақиқатты кемел сомдау биігінен көріну. Саясиландырудан, идеологиялық қасаңдықтан, жылтыр сөзден аулақ тұру. Әсіресе социалистік Қазақстан тарихын жазушыларға қойылатын талап ерекше маңызды. Капитализмге соқпастан социализм құра салуға жан беріп, жан алысқан 74 жыл ішінде қазақ бөрікті аспанға атқан сәттер аз еді. Өкінген, күңіренген, қара жамылған, түптеп келгенде халық ретінде жойылуға шақ қалған қасірет басым түсіп жатты. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалғанымыз ғасырлар барысында қалыптасқан бәсекелік қабілеттің, ұлттық кодтың құрыштай беріктігін паш етіп тұр. Қысқасы, тоталитаризмнің қылмысын түсіну үшін Қазақстандағы социализм дәуірін ми қазанында қорыту барысында үш ұстанымға басымдық берген жөн тәрізді. Бұлар Ұлы даланың дархандығынан, мұндағы адам мен табиғат арасындағы жарасымды қарым-қатынастан туындаған. Азаттық пен еркіндікті бәрінен қымбат санаған ортада сана мен өмір салтының құрамдас бөлігіне айналған. Қоғам мен қауымның өзін өзі жетілдіруіне себепкер факторлар. Кеңестік тоталитаризммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Енді әрқайсысына қысқаша тоқтала кетейік.

Біріншіден, қазақ халқының қанына, сүйегіне, менталитетіне сінген жасампаздық пен құлшыныс социалистік құрылыстың мазмұнын, нәтижесін, ерекшелігін анықтады. Стахановшы шахтер Т. Күзембаевты, күрішші Ы. Жақаевты, қойшы Ж. Қуанышбаевты, академик Қ. Сәтбаевты ерен еңбекке жетелеген құдірет үздіксіз қуғын-сүргін, үрей мен қорқыныш емес, партияның идеологиялық, кадрлық жұмыстарындағы кемеңгерлігі де емес. Олар табиғат берген қабілет-қарымын риясыз жұмсады, үздік нәтижемен көмкерді, елінің, халқының ертеңіне сенді. Жасампаздық халқымызға ежелден тән қасиет екенін Ұлы даланың жеті қыры, адамзат өркениетіне олжа салған тұлғаларымыз, ән-күйіміз, бабалар сөзі айғақтап тұр. ХХ ғасырда жалғасын тауып, ұлт тарихын бұрынғыдай гуманизммен, оптимизммен, сеніммен әрлендірді. Әрине, бұл әрбір қазақстандық азамат жасампаз болды деген сөз емес.

Екіншіден, социалистік жасампаздық ұстанымы салтанат құрған тұстағы адамдар жақсы мен жаманды айырмады демейміз. Қазақстандағы кеңестік билік алғашқы күннен зорлық-зомбылыққа, заңсыздыққа, шовинистік өктемдікке сүйенді. Заманауи ілгерілеуге азды-көпті мұрындық болғанын да мойындаймыз. Халық осының бәрін көріп, біліп отырды. Дегенмен тоталитаризмнің адамгершілікке жатпайтын үш қылмысын ұмытуға болмайды: бірі – әр жылдардағы ашаршылықтар, екіншісі – саяси қуғын-сүргін. Бұлар қанша миллион адамның өмірін қиғанын ешкім дәлме-дәл айта алмайды. Ең ауыр шығынға ұшырағандар қазақтар екені ақиқат. Үшінші қылмысы – қазақ жерінің талан-таражға түскені. Бұл айтқандар – ұлт тарихына түбегейлі бетбұрыс әкелген қасіретті үдерістер.

Күнделікті өмір де әділетсіздікпен бетпе-бет келіп жатты. Ұлттық тіл мен мәдениетке, жекеменшік пен адам құқығына қысым ашу-ыза туғызбай тұрмады. Қарапайым сұраныс қолдау таба бермейтін. Бұл індет қазан төңкерісіне дейін де болған, қазаннан кейін перманенттік және жаппай сипат алды. Дүниеге келгеннен жер қойнына енгенше адамдардың алдынан шығып отырды және ол шарпымаған сала жоқ. Көшеге атау беруден республиканың бірінші басшысын тағайындауға дейін Мәскеудің бақылауында тұрды. Бұған минералды ресурстарымыздың аяусыз тоналуын, әлеуметтік теңсіздікті қосыңыз. Заманауи перзентханада, балабақшада, мектептер мен институттарда орын тапшылығы ешқашан жойылған емес. Пәтерге, жиһазға, жеңіл көлікке сұраныс орындалмаған күйде қала берді. Большевиктік идеологияға сенумен еңбек еткен жарқын болашақ құрушыларға тигені алты шаршы метр ас үй мен алты сотық жер телімі, екі кг ет пен екі түйір сабынға талон болып шықты. Номенклатура иелері ғана, салыстырмалы түрде алғанда, жоғары әл-ауқатпен өмір сүрді. Әлеуметтік әділетсіздік құлдар тарапынан да наразылық пен қарсылық туындатқан ғой. Бізде де сол тарих қайталанды. Наразылық атаулы аяусыз жаншылды. Қуғын-сүргінге ұласты. Ол үрей, сатқындық, екіжүзділік, парақорлық, жағымпаздық тәрізді келеңсіз құбылыстарды туындатты. Ақыры немен тынғаны белгілі: адамдар социализмнен, социалистік идеядан жатсынды, КСРО күйреді.

Жинақтай айтсақ, Отан тарихын зерттеудегі екінші басым ұстанымға ешқашан тоқтамаған бұқаралық қарсылықты жатқызуды ұсынамын. Оның түрі мен формасын, деңгейі мен ықпалын, ерекшеліктері мен жалпы сипатын жүйелеу – тарихшы ғалымдардың міндеті. Мұнсыз кеңестік тоталитаризмді ақтағанмен бірдей адасуға жол береміз, ең ауыры – құрбандар алдындағы борыш пен аманат атқарылмайды.

Үшінші ұстанымның қысқа да нұсқа анықтамасы – арылу. Оның мәні – коммунизм елесін қуу түбінде жарға соғатынын, ілгерілей даму эволюциясы мен диалектикасына қайшы екенін мемлекеттік, құқықтық, танымдық деңгейге көтеру. Кеңестік эксперимент күйреген сайын большевиктер жүйе мен идеологияны құтқарудың, адасу мен қасіреттен арылудың небір моделін алға тартумен болды. Ленин жаңа экономикалық саясатты ұсынды, Сталин халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлікке бағаны төмендету арқылы «қара таңбадан» арылғысы келді. Хрущев жеке басқа табынуды сынаумен қанды қылмысты жууға тырысты. Брежневтік тұрақтылық пен тоқырау, Горбачевтік жеделдету мен қайта құру арылуға ұмтылыстан туындаған құбылыстар. Бұлар бақуатты, қайырымды қоғам құру стратегиясына айналмады. Мезеттік бетбұрыспен шектелді. Қайта қазақ елінің арылу идеологемасы әлдеқайда терең әрі ізгілікке толы еді. Беріден қайырсақ, Ш. Мұртазаның «Сталинге хаты», Қ. Қайсеновтің, Р. Қошқарбаевтың, Қ. Рысқұлбековтің «Халық қаһарманы» атануы, Алаш арыстарының оралуы, қазақ тілі мен ономастикасының ұлттық негізде қайта жаңғыруы – бәрі арылудың шешуші қадамдары. Қазақ елі жасампаздық пен әділетсіздіктің тәжірибесімен жақсы таныс. Оларға арналған зерттеулер том-том болып жарық көрді. Шын мағынасындағы арылу үдерісі енді басталды. Өкініштісі – қаңтар қасіреті арылудың жаңа міндетін туындатқаны.

Арылуға тарихты түзуші үш күш те бастамашы бола алады. Дегенмен халықтың, биліктің, зиялы қауымның қосар үлесі әрқилы. Көздеген түпкі мақсаттары да бірдей деп айта алмаймыз.

Жоғарыда айтылған үш ұстаным арасында өткел бермес тосқауыл жоқ. Бір-біріне серпін беріп, ықпалдасып жатады. Ғылыми зерттеудің объективтілік, детерминизм, тарихилық сынды әмбебап принциптерін бекерлемейді. Теориялық танымның жүйелілік, анализ, тәнік (аналог), моделдеу әдістеріне де жат емес. Қайта тарихымыздың ұлттық ерекшелігі мен сипатын тереңінен ашуға септеседі.

Төл тарихымыздың баяны – алғашқы жолынан соңғы нүктесіне дейін жасампаздығымызды, қарсылығымызды, арылуды тірек идея әрі зерттеу дыңы ретінде қолданумен өрілсе, халықтың, тұлғаның, биліктің миссиясын қаз-қалпында дәйектегенге қоса, тарих қозғалысындағы базис жердің, тілдің, мемлекеттің  әлеуетін қазіргі ұлттық жаңғыру мүддесіне жегер еді. Өзбекәлі Жәнібековтың барша тағдыры жасампаздықтың, қарсылықтың, жаңғырудың символы.

 

Ханкелді ӘБЖАНОВ, ҰҒА академигі, Алматы қаласы

226 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper