Ақмола облысының Целиноград ауданы Төңкеріс ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген Әприза Құсайынқызы ата-ананың жолын қуып, С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын алды. Қалалық халыққа білім беру бөлімшесінде еңбек жолын бастаған ол кейіннен жастармен жұмыс істеді. Қалалық, облыстық комсомол комитеті жетекшілерінің бірі бола жүріп, жастарды тәрбиеледі. Кейіннен Целиноград қалалық және Совет аудандық атқару комитетінің бөлімше меңгерушісі болды. Ал 1990 жылдан өмірінің отыз жылын мәдениет саласына арнады. Соңғы демі біткенше осы салада әртүрлі қызмет атқарды.
1992 жылы Целиноград қаласына байырғы Ақмола атауы қайтарылғаны белгілі. Сол уақытта Әприза Құсайынқызы шаһардың мәдениет бөлімінің меңгерушісі еді. Бұл тәуелсіздігін енді алған қазақ елінің ұлттық жаңғыру, рухани түлеу кезеңі болды. Ақмола қаласы да одан тыс қалған жоқ. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайылдың жетекшілігімен оған «Тіл және мәдениет» қоғамы өлшеусіз үлес қосты. Әрине, қала мен облыс басшылығының қолдауынсыз іс бітпес еді. Қазақтың, бағына орай, сол кезеңде шаһар және облыс тізгіні ұлтжанды азаматтардың қолында болды. Бұған Алдан Зейноллаұлының көп томдық шығармаларының «Жаралы жылдар дабылы» аталатын ІV томынан алынған мына үзінді дәлел:
«Тіл және мәдениет» қоғамының ұдайы жүргізіп жатқан екінші бір қызметі – ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді жаңарту, қазақтың ардақты ұлдарының есімдерін қадірлеу, ұлт болып сақталып қалуымызға айрықша еңбек сіңірген қайраткерлерін тарихтың сахнасына қайта шығару. Облыс, қала басшыларынан шын жанашырлық танытқан Қайсар Омаровтың, Светлана Жалмағамбетованың, Жанат Түгелбаевтың, Аманжол Бөлекбаевтың, Аманкелді Күдірбекұлының бұл салада сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ақмола облыстық және қалалық мәдениет бөлімдерінен Дүйсен Мұсабеков пен Әприза Құсайынованың, қазақ театрынан Жақып Омаровтың есімдерін айрықша атар едім. Өйткені мен олардың әлгі байқауларды өткізер кезде күндіз-түні қалай жүгіргенін, қалай қажып шаршағанын, жоқтан бар жасай білгенін жақсы білемін. Олар өздерін-өздері алға ұсынбайды, еңбегін сатпайды, қазақтың қажымайтын қазанаты секілді өмірді алға оздыра береді».
Елордамыз Алатау баурайынан Арқа төсіне көшірілгенде жаңа астананың мәдениетін көтеру мақсаты қойылды. Осы салада тәжірибесі мол, қаланы білетін Әприза Құсайынқызы Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал басқарма басшысы Тілеуғали Қышқашбаев еді.
– Әприза Құсайынқызы мен келгенге дейін де қаланың мәдениет саласында жұмыс істеді. Астана көшпей тұрғанда-ақ шаһардың басшылығында жүрді. Ерекше атап өтерлік жобасы – Қымызмұрындық. Осы дәстүрімізді жаңғыртып, өзі ұйымдастырып, өткізетін. Бірге екі-үш ай қызмет жасадық. Сосын ол кісі қаланың Мәдениет және демалыс саябағының директоры қызметіне ауысып кетті. Бұл мекемені де біраз дамытты. Қолға қандай істі алса да, ұлттық бағытқа бұратын. Өзі сондай ақкөңіл, қазақ дегенде іш-бауыры езіліп тұратын, үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқорлығын аямайтын жан еді. Елорда мәдениетіне зор еңбек сіңірді, – деп еске алады әріптесін Тілеуғали Әшірбекұлы.
Әприза Құсайынқызы кейіннен қаланың байырғы өнер ордасы – М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрын басқарды. Мұғалімдікке қоса экономист-менеджер мамандығын алды. 2007 жылдың 27 ақпанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «АЛЖИР» мемориалды музей-кешенін ашу туралы Жарлығы шықты. Арада үш ай өткенде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні елордадан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылында музейдің ашылу салтанаты өтті. Мәдени ошақтың алғашқы директоры болып Әприза Құсайынова тағайындалды.
Басшы ұжымын жұмылдырып, музей жұмысын жолға қою, қалыптастыру, жәдігерлерді жинау ісіне білегін сыбана кірісті. Жан-жаққа іссапар ұйымдастырылды. Алғашқы сондай іссапар Алматы қаласында өтті. Онда музей қызметкерлері «АЛЖИР» тұтқындары Уәзипа Күленова, Мария Даниленко және Ілияс Жансүгіровтің перзенттері Саят пен Ильфамен, Қазақстанның тұңғыш банкирі Төребек Османовтың қызы Заремамен, «АЛЖИР»-де 18 жыл айдауда өткізген Әзиза Рысқұлова мен Тұрар Рысқұловтың кіндігінен жаралған биолог ғалым Сәуле Тұрарқызымен кездесті.
Содан кейінгі іссапарлар Санкт-Петербург, Калининград, Мәскеу, Орынбор және еліміздің қалаларында жалғасты. Соның барысында талай құнды құжаттар мен жәдігерлер жинақталды. Атап айтқанда, музей қоры Шәктай Тәтімова, Дәмеш Ермекова-Жүргенова, Зуфнин Нұрмақова сынды «АЛЖИР» тұтқындарының жеке заттарымен толықтырылды. Ташкент сапары кезінде Өзбекстан мұрағатынан, Мемлекеттік тарих және саяси қуғын-сүргін музейінен Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Жақып Ақбаев т. б. ардақтыларымыздың архивтік құжаттары жиналды. Әприза Құсайынова музей директоры уақытысында осындай іссапарлар аз болмады. Музей қоры да толыға түсті.
2013 жылдың жазында елордада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ашылды. Сонымен қатар өнер ошағының музейі жұмысын бастады. Оның басшылығына Әприза Құсайынқызы тағайындалды. Онда да «АЛЖИР»-дегідей жұмыс қолға алынды. Айырмашылығы, көрнекті өнер қайраткерлері ұстаған заттар жинақтала бастады.
– 2003 жылы Астана қаласының Мәдениет басқармасында қызмет істедім. Әприза апаймен сол кезден таныспын. Апай «Астана Опера» театрының музейіне келген соң, мені сонда жұмысқа шақырды. Көбінесе Алматыға барып, Абай атындағы опера және балет театры, А.Селезнев атындағы хореографиялық училище сияқты мәдени ошақтардан, сондағы архивтерден сахна майталмандарына тиесілі болған жәдігерлерді, фотосуреттерді жинадық. Әприза Құсайынқызы музей ісінің мықты маманы еді. Осының алдында Бейбітшілік және келісім сарайында түркі және славян ұлттарының музейін ұйымдастырды. Туған анамдай қамқорлығын ұмытпаймын, – дейді суретші Ренат Елубаев.
Әприза Құсайынқызының басшылығы кезінде «Астана Опера» театрының музейіне әкелінген құнды жәдігерлердің бірі – Қанабек және Күләш Байсейітованың пианиносы. Театр музейі Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Еркеғали Рахмадиев, Роза Жаманова, Мыңжасар Маңғытаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы сынды өнер тарландарының сахналық киімдерімен толықты. Музей басшысы көрмелерді де ұйымдастырып тұратын. Соның бірі «Сахна шежіресі» атауымен өтті.
Әприза Құсайынқызы қоғамдық жұмыспен де белсенді айналысты. «Астана әйелдері» қоғамдық қорының президенті, «Астана-Бәйтерек» әйелдер клубының вице-президенті, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, Ресей Федерациясы Халықаралық психология ғылымдары академиясының құрметті мүшесі болып, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. «Наурыз», «Қазақтың салты мен дәстүрлері», «Қымызмұрындық», «Қырық бата» кітаптарын жазды. «АЛЖИР» тарихы жайында «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» атты қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітаптың бас редакторы болды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі