Анонс


Балаларға арналған интерактивті музейлік-педагогикалық бағдарламалары (ҚР МОМ тәжірибесінен)

Жұма, 13 Қыркүйек 2024 17:26
Балаларға арналған интерактивті музейлік-педагогикалық бағдарламалары (ҚР МОМ тәжірибесінен) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазіргі кезде өте қарқынды дамып келе жатқан педагогиканың бір саласы – музей педагогикасы. Бұл бағыт оқушыларды талай тарихқа куә болған құнды жәдігерлермен таныстыру арқылы, болашақ ұрпақты елінің қадірін біліп, жерін сүйіп, Отанын құрметтеуге, ата-баба аманатын түсініп, патриот болуға тәрбиелейді. Музей педагогикасы – өз қызметі аясында танымдық сабақтар, түрлі тақырыптық үйірмелер ұйымдастырып, бала санасындағы мектеп білімін бекіте түседі. Педагогика бала санасына тек білім құюмен ғана шектеліп қалмай, оның қабілетін түрлі деңгейде дамыта түседі. Сондықтан да аталған ілімнің мағынасы тәрбиелеу деген ұғыммен түсіндіріліп, жас ұрпаққа ақыл айту, өнерге баулу, үйрету, түсіндіру және таныту дейтін түрлі бағыттарды жан-жақты қамтиды (Кайназарова, 1979, 77 б). 

Орталық музейдің музейлік-педагогика қызметінің басты жұмыс бағыттарының өзегі – Қазақстан тарихын, оның мәдениеті бойынша мәдени-білім беру жобалары мен бағдарламаларын дайындау арқылы жүзеге асырып келеді. Мәдени-білім беру орталығының жұмысы педагог-мамандардың тарихи-мәдени құндылықтар жүйесі бойынша музейдің тақырыптық көрмелері шеңберінде орта білім беретін мекемелердің оқушыларына арналған дербес білім бағдарламаларын дайындап ұсынады. Бұл бағдарламаларды дайындауда музей-педагогикасы қызметі балалардың шығармашылылығы және зияткерлік қабілеттерін қатар дамытатын түрлі әдістер, көкейге қонымды тәсілдер қолданады. Осы мақсатта диалог құра отырып оқыту арқылы аудиториямен тікелей қарым-қатынас орнату, яғни интерактивті тәсіл – музейдің қазіргі заманғы мәдени-білім беру бойынша қызмет көрсету әдісінің кең тараған түрі саналады. Оқушылармен жұмыс жүргізу кезінде сабақ ойын, рөлді кейіптеу, сұрақ-жауап сияқты оқушы белсенділігін арттыратын әдістер өте ұтымды қолданылып келеді. Орталық музей қызметкерлері «Музей педагогикасы» саласын күн өткен сайын кемелдендіріліп, белсенді түрде жұмыс атқаруда. Сала мамандары тек танымдық сабақтармен шектеліп қалмай, музейде өткізілетін мерекелік шараларға да үлес қосып, оқушыларды араластыруға тырысады. Әрбір атаулы күндердегі мерекелермен сабақтастырыла музейде балалар шығармашылығына арналған түрлі іс-шаралар үнемі өткізіліп отырады.

Мәдени-білім беру қызметінің жетекші бағыттарының бірі – музейлік коммуникацияның маңызды құрамдас бөлігі десек, ал мәдени-білім беру қызметінің теориялық негізі ол – музейлік педагогика ғылымынан бастау алады. «Музейлік педагогика» термині «мәдени-білім беру қызметі» түсінігінің кеңейтілген түрі және ол өзіне әртүрлі музей аудиториясымен көп аспектілі жұмыс жасаудың барлық түрлерін біріктіріп келеді (Левкина, Хербста, 1988, с. 431). Әлеуметтік-мәдени институт ретінде музей жұмысы үнемі көпшілікпен байланыс жасауға бағытталғандықтан, көпшілікпен жұмыс жасау қызметі алғашында мәдени-тәрбие жұмыстары деп аталса, кейінірек ағартушылық және ғылыми-ағартушылық жұмыстарымен сабақтастырылып келді. Мәдени-тәрбие жұмыстары аталған кезеңде музей жұмысының дәстүрлі формалары – экскурсия, дәріс оқу сияқты дәстүрлі қызмет түрлерімен бірге қатар дамиды.

Жалпы Орталық музейде арнаулы және жалпы білім беретін оқу мекемелері: мектеп, гимназия, училищелермен байланыс жасау мәселелері нақтылы жолға қойылған. Қазіргі таңда көпшілік ортада «мәдени-білім беру қызметтері» термині кең қолданылады. Оның дамуы музейлердің әлеуметтік рөлінің өзгеруі музей мен қоғам ынтымақтастығының жоғарғы деңгейге көтерілуімен тікелей байланысты. Музейлердің басым көпшілік денінде барлық көпшілік аудитория үшін мәдени, білім беру орталықтары құрылған. Мұндай орталықтар үнемі балалар аудиториясымен жұмыс жасайды. Сонымен қатар, келесі кезекте барлық музейлік аудиториямен ынтымақтастыққа бағытталған музейлік мәдени орталықтар құру арқылы заманауи жаңа тенденциялары қалыптастырды. Мұндай қызмет көрсету музей педагогикасының басым міндеттерінің біріне айналды деуге болады (Музееведение, 1988, с. 18). Бүгінгі таңда музейлер өз келушілеріне тек экскурсия мен тақырыптық дәрістер ұсынып қана қоймай, интерактивті бағдарламалар, шеберлік-сабақтар, рөлдік ойындар, музейлік мерекелер, фестивальдар және т.б. мәдени-білімдендіру бағдарламаларын да ұсына алады. ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің мәдени-білім қызметінің аса маңызды аспектілерінің бірі – өскелең ұрпақтың тәрбиесі, олардың білімі мен мәдени деңгейлерін жоғарылату. Сондықтан, мектеп пен музей арасындағы болашақтағы әріптестікті ұйымдастыруда мәдени, ғылыми-білім және ақпараттық кеңес беруші маңызды орталық ретінде қалыптасқан. Бұл ретте музей қызметкерлері педагог мамандармен білім берудің түрлері, мұғалімдермен бірлескен жұмыстар жайлы ақпараттандырып отыру бойынша да белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Музей қызметкерлері жыл сайын жаңа келушілермен жұмыс істеудің инновациялық формаларын кеңейту бойынша да, ауқымды жұмыс жүргізіп отыр.Музейлік көрнекі құралдарды, электронды тұсаукесер, бейнефильмдерді және т.б. пайдалана отырып, түрлі жастағы жасөспірімдер мен студенттерге арналған әртүрлі білім беру бағдарламалары мен музей сабақтарын қатар жүргізіп келеді. Бүгінде аудиториямен жұмыс жасаудың жаңа үлгісі ретінде ең белсенді дамып келе жатқан квест ойындары ерекше танымалдылыққа ие болуда.

Музейдің педагогика секторының қызметкерлері жыл сайын жас ерекшеліктері әртүрлі мектеп оқушылары үшін қызықты ойын, викториналық сұрақтар, балалар үшін қызықты тың дүниелермен үнемі бөлісіп отырады. Қазақстан тарихы бойынша өткізілетін квест-ойындар қазақ халқының тарихы, дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы тапсырмаларды орындау, алдын-ала дайындалған бірқатар сұрақтарға жауап беру, қандайда бір жәдігерді сипаттау арқылы музей экспозициясына қойылған әлдебір затты табу балалар үшін қызықты. Сондықтан аталмыш бағыттағы музей залы бойынша саяхат квест-ойыны деп атауға болады. Бұл тапсырманы музейлік-педагогика секторының мамандары белгілі бір экспозициялық зал немесе тақырыптық бөлім бойынша дайындайды. Мұндай ойындар оқушылардың үнемі логикалық ойлау жүйесі мен есте сақтау қабілетін жақсартып, музейде сақталған тарихи, мәдени жәдігерлермен танысуға деген қызығушылықтарын оятады. Мұндай саяхат квест-ойындарына тек мектеп оқушылары ғана емес сондай-ақ, үлкендер қауымы да қатыса алады. «Музей бойынша саяхат» ойынынының тапсырмаларын орындау барысында балалар топпен араласу, көпшілікпен бірігу тәсілдерін де қатар үйренеді.

Музей жұмысын жандандырудың келесі бір түрі – шеберлік сабақтары. Шеберлік сабақтар – соңғы кездері көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие болған және музейдің мәдени-білім жұмысында білім берудің ең тиімді түрінің бірі. Мұндай сабақта жаңа әдістемені, жаңа жанрды, өнердегі тың техниканы үйренуге, авторлық бағдарламаны меңгеруге, сонымен қатар педагог-маманмен өзара тіл қатысуға мүмкіндік береді. Бұл музей педагогикасы қызметіндегі интерактивті оқытудың бір саласы өзінің ұтымдылығын теориялық негізде, жеке жұмыс пен тәжірибе жинақтаудың үйлесімінен де көрінеді. Бүгінде музей қызметкерлері әзірлеген бірнеше мәдени-білім жобасына қысқаша тоқталып өтер болсам, ҚР Мемлекеттік орталық музейі жыл сайын мектеп оқушыларына арналған еліміздің тарихы мен мәдениетін дәріптейтін дербес жобалар мен бағдарламаларды дайындап, оны тиімді жүзеге асыруда. Сондай-ақ үнемі оқу орындары және оқытушылармен де бірлесе жұмыс атқарып келеді. Орталық музей түрлі бағдарламаларды ұсынып, көрермендерге тарих, археология, этнография бойынша музей қорындағы бірегей коллекцияларды көрсетіп, мәдени-білім беру қызметін белсенді түрде жүзеге асыруды, осы жұмыстарды жалғастыруды қолға алып отыр.

Қазірде ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорының жәдігерлері негізінде музейлік педагогика «Байланыс және телекоммуникация құралдары» атты өз жобасын ұсынуда. Жобаның мақсаты мен ерекшелігі – байланыс құралдары мен телекоммуникацияның дамуы туралы пайдалы да, қызықты ақпарат беріп, адамзат тарихындағы жаңалықтары мен өнертабыстары жетістігі жайлы, музей қорында жинақталған материалдық құндылықтырымен танысуға мүмкіндік беру.

Аталмыш жоба музейлік коллекция мен тарихи-мәдени мұраны дәріптеудің жаңа формасы, әрі балалармен жұмыс жасаудың жаңа бағыты. Көпшілік назарына, оның ішінде атап айтар болсақ 1953 жылы шыққан бірегей Кеңестік заман стиліндегі үстел үстіне қойылатын лампалық КВН-49 теледидары. Сондай-ақ, 1940-1950 жылдары шығарылған радиоқабылдағыштар мен радиоллалар. Одан басқа да, КСРО байланыс министрлігінің музей қорына өткізген 1935 жыл мен 1976 жыл аралығындағы телетайп сериясы. Көрнекті ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфулинге тиесілі 1930-шы жылдары шыққан патефон. Көпшілік назарына түскен музей қорындағы – 1928 жылы жасап шығарылған «Красная заря» атты Ленинград телефон зауытынан 421 шыққан ағаш телефон апараттарын ұсынылды. ҚР МОМ музей қорының «Байланыс және телекоммуникация құралдары» тақырыбындағы жоба аясында музей қызметкерлері байланыс және телекоммуникация құралдарымен таныстырып ғана қоймай, викториналық сұрақтар әзірлеп ұсынылды.

Жыл сайын музей ауқымында өткізілетін іс-шаралардың тақырыбы мен салалық бағыты бойынша 40-тан астам шеберлік сабақтарын өткізеді: Кескіндеме және дәстүрлі қазақ қолөнері бойынша – зергерлік, киіз басу, кесте тігу, былғары, ағаш және металл т.б. өңдеу бойынша; Музейдің реставратор мамандары да өз тарапынан музейлік іс-шаралар мен көрмелер аясында кесте тігу мен құрақ көрпе жасаудың әдістері және оның сан түрімен таныстырады. Төменде музей қызметкерлері әзірлеген мәдени жобасын назарларыңызға ұсынамыз. Орталық музей қызметкерлері «Шебермен сырласу» атты мәдени-білім жобасы аясында, дәстүрлі қолөнер өнімдері негізінде көптеген жылдар бойы сәндік-қолданбалы өнер туындыларын және әшекей заттарды жасаушы кәсіби маман шеберлері, мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылығымен сабақтастыра отырып музейлік іс-шаралар мен көрмелерде көрермен назарына ұсынып, келешек ұрпаққа олардың дағдысы мен тәжірибесін дәріптеп келеді. Іс-шара аясында Орталық музей түрлі шеберлік-сабақтар өткізіп, онда балалар танымал сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен танысып, кескіндеме, скульптура, графика сияқты кескіндеме өнерінің жанрларымен, зергерлік өнер, киіз басуы, халық арасында танымал ұлттық аспаптарды жасау сияқты түрлі дәстүрлі қолөнер туындылардың түрлерімен танысуға мүмкіндігі мол.

2020 жылдары орын алған пандемиялық жағдайға байланысты Орталық музей қызметкерлері мәдени-білім беру жұмысын офлайн форматпен қатар онлайн форматта да жалғастырды. Әсіресе, қашықтықтан оқу бағдарламасына көшкен мектеп оқушылары мен студенттер назарына онлайн форматта сирек те, кеңінен танымал әшекейлік заттардың сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің «Шебермен сырласу» атты танымдық шеберлік-сабақтарының циклынан да қолжетімде түрде танысады. Негізінен музей педагогі музейде білім беру қызметін ұйымдастырушы маман болумен қатар, оның атқаратын рөлі мен қызметіндегі ағартушылық жұмыстарында музей құралдары арқылы көп салалы білім беруге басымдық бергенде оның маңызы да арта түсті. (Каулен, Коссова, Сундиева, 2010, с. 673).

Қорыта айтқанда, бүгінгі буын уақыт талабына сай ғасырлар бойы жиналған асыл мұрамызды ардақтап, ұлтымыздың игілігі үшін тынымсыз жұмыс жүргізілуі игілік үшін қызмет ете бермек. Музей жұмысының, музей педагогикасының маңыздылығы да осында. Бабалар аманатын келешек ұрпаққа деректік маңызын бұзбай, жүйелі түрде айшықталған қалпында жеткізуде де, басты бағыттан жаңылмауымыз керек. Бүгінгі күн ертең-ақ тарихқа айналады. Ол тарихта жаңа заманды бастаған серпінді елдің мәдени талғамы мен парасаты да өзгелерден биік көрінуі тиіс.

 

Г.Қ. ҚЫДЫРАЛИЕВА, ҚР Мемлекетік орталық музейі, Алматы қ.,

 

Әдебиеттер

Кайназарова А.Е. Музейное дело в Казахстане – Алматы, 1979, 77 c.

Левыкина К.Г., Хербста В. Музееведение. Музеи исторического профиля: Высшая школа, – Москва,1988. - 431 с.

Музееведение. Музей исторического профиля: Учеб. пособие: Высш. школа. – Москва, 1988. – с.18.

Музейное дело России: Под.ред. Каулен М.Е., Коссовой И.М., Сундиевой А.А. – Москва, 2010. – 673 с.

72 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper