Анонс


Мәскеудегі Орталық музейде қазақстандық батырларға арналған көрме ашылды Таңдаулы

Сәрсенбі, 29 Сәуір 2015 21:04
Мәскеудегі Орталық музейде қазақстандық батырларға арналған көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

     Мәскеу қаласындағы Ұлы Отан соғысының Орталық музейінде «Біз нацизммен бірге күрестік» атты халықаралық жоба аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің көрмесі ашылды.

Көрмеге қазақстандықтардың ІІ-дүниежүзілік соғыстағы ерен ерлігі, жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі жайында баяндалатын жәдігерлер қойылған. Көрме 3 бөлімнен тұрады.

1-бөлімде «Қазақстан соғыс жылдарында» тақырыбы бойынша фотосуреттер, мұрағат құжаттары, газет беттерінен қиындылар, қазақстандық дивизиялардың соғыс жолдарының карталары секілді тарихи материалдарды қамтитын 6 стенд қойылған.

І стенд «Соғыстың басталуы. Дивизиялардың жасақталуы»

Брест қамалында 3 мыңнан астам қазақстандық әскери борышын өтеген еді. Мұнда Брест қамалын қорғаушылардың фотосуреттері, Қазақстанда жасақталған дивизиялар туралы мұрағат құжаттары көрсетілген. Барлығы 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты дивизия мен полктер және 50-ден астам түрлі бағыттағы полктер мен батальондар құрылды. Бір-екі ай ішінде шұғыл дайындықтан өткізетін бағдарлама бойынша әзірленген атқыштар дивизиялары жасақталды.     

ІІ стенд «Қазақстандықтар соғыс майданында»

Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысындағы барлық ұрыстарға қатысты. 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия деп аталды. 

Қазақстандық жауынгерлер Сталинград пен Курск шайқастарында, және қазақстандық әскери жасақтардың үштен бірі қатысқан Ленинград түбіндегі шайқаста да ерлікпен жауға қарсы тұрды. Днепрді алу үшін болған шайқаста 123 қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.  Ресей, Украина, Белорусь, Молдова, Балтық бойы елдері, Шығыс және Орталық Еуропаның басқыншылар қолында қалған жерлерін азат етуге қатысты.

3,5 мың қазақстандық партизандық қозғалысқа қатысты. С.Нұрмағамбетов өз жауынгерлерін бастап Берлин үшін соғысқа қатысты. Қостанайлық 1515-ші атқыштар бригадасының негізінде құрылған 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясының 756-шы атқыштар полкі рейхстагты алуға қатысты. Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен қаһарман жауынгерлер қатарында Халық каҺарманы –лейтенант Рахымжан Қошқарбаев та болды.

ІІІ стенд «Қазақстан – майдан арсеналы»

Қазақстан майданның басты арсеналдарының біріне айналды. Қазақстанға соғыс жүріп жатқан жерлерге жақын орналасқан 220 фабрика мен зауыт, артель көшірілді.

Қазақстанда өндірілетін сирек кездесетін металдар танктер, зеңбіректер мен ұшақтар жасауда қолданылды. Қарағанды Урал, Поволжье өндірістерін және теміржол көлігін отынмен қамтамасыз етті. Авиациялық қару-жарақ, артиллерия оқтары, траншеялық ату құралдары және теңіз миналарын жасап шығару қолға алынды, жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды.

Жеңіл және тағам өндірісі өнеркәсіптері майдан қажеттіліктеріне лайықтандырылды. 1942 жылы жалпы одақтық мырыш өндірісінің  85 пайызы, мыстың 90 пайызы, көмірдің  1/8 бөлігі, молибденнің  60 пайызы, полиметлдардың 70 пайызы Қазақстанда өндірілді.

Еңбекшілер жеке жинақтарынан майдан үшін 4 млрд. сом ақша,  2 млн. жылы киім жіберді, сыйлықтар тиелген 1 600 вагон жөнелтті.

Толық емес деректер бойынша 30 әскери училище соғыс жылдары 60 мыңнан астам офицер және 25 мың сержант әзірлеген. 1500 000 астам адам Қазақстаннан өзінің екінші Отанын тапты.

IV стенд «Тыл еңбеккерлерінің Жеңіске қосқан үлесі»

Тыл еңбеккерлері «Бәрі – майдан үшін! Бәрі – Жеңіс үшін!» деген  ұранмен еңбек етті. Жұмыстың 80 пайызын әйелдер мен балалар атқарды.

Астық үшін күрес кезіндегі барлық ауыртпалықтар мен қиыншылықтар әйелдерге жүктелді. 10 мыңнан астам әйел тракторшы, комбайнер, жүргізуші, токарь сияқты мамандықтарды игерді. Тыл еңбеккерлерінің бейнетті еңбегі Отан үшін от кешкен майдандағы жауынгерлердің ерлігімен пара-пар еді.

Республикамыздың миллиондаған жұмыскерлері, колхозшылары мен  зиял қауым өкілдері тылда аянбай еңбек етіп, жауды жеңуге өз үлестерін қосты.

 V стенд «Даңқ шоқ жұлдызы»

498 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды, 110 -  Даңқ орденінің толыққанды иегерлері.

Алғашқы  Кеңес Одағының Батыры – танкілік әскердің генерал-майоры Кузьма Александрович Семенченко (22 шілде 1941 ж.). Соңғысы – офицер-панфиловшы Бауыржан Момышұлы,  осы атақты 1990 жылғы 11 желтоқсанда иеленді. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алғандар – ұшқыш-шабуылдаушы Т.Бигелдинов, Л.Беда және И.Павлов, ұшқыш-жоюшы С.Луганский. Ленин орденімен және Алтын Жұлдыз медалімен марапатталған тұңғыш Шығыс қыздары: 100-ші қазақ ұлттық бригадасының пулеметшісі – Мәншүк Мәметова және мерген – Әлия Молдағұлова.

VІ стенд «Батырлар даңқы мәңгі өшпейді! Бұл – өлілерге емес, Бұл –тірілерге керек!»

Қазақстан халқы фашизмді жеңуде  мақтануға лайық үлес қосты. 1 200 000 қазақстандық Мәскеу мен Ленинградты қорғауда ерен ерлік көрсетті,  Сталинград түбіндегі жойқын ұрыста, Курс доғасында да жаудан беті қайтқан емес, Украинаны, Белорусияны азат етті, Берлинді алды. 650 000 жауынгер соғыстан  қайта оралмады.

Біз шағын ауылдар, аудан орталықтары, үлкенді-кішілі қалаларда орнатылған ескерткіштер мен мемориалдық кешендерге соғыс батырларының есімдерін жазу арқылы олардың ерлігін мәңгі есте қалдырамыз. Батырлардың есімдері мекемелерге, кәсіпорындарға, оқу орындарына, көшелер мен елді мекендерге берілген.

2 бөлімнің көрме экспозициясына соғыс ардагерлерінің жеке заттары, хаттары, маршал Сталиннен алған алғыс хатары, ордендері мен медальдары, Сталиннің «О Великой Отечественной войне Советского Союза» атты брошюрасы, Ақмолада (Астана) жасақталған дивизиялардың тулары және т.б.қойылған.

3 бөлім «Қазақстан – майданға!» инсталяциясынан тұрады.

 

3146 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper