Анонс


Ұлттық музейде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көрмесі ашылды (ФОТО) Таңдаулы

Сәрсенбі, 21 Қыркүйек 2016 03:02
Ұлттық музейде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көрмесі ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Жиында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай 90 жылдық тарихы бар театрдың қазақ руханиятында ерекше орын алатынын атап өтті.

«Бүгін бізге Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр үлкен көрме алып келіп отыр. Көрме Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына және театрдың 90 жылдығына арналған. Біз бұл көрмені бір театрдың тарихы ғана емес, жалпы қазақ өнері мен қазақ интелегенциясының тарихы деп түсінуіміз қажет. Сонау жиырмасыншы ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1926 жылы Қызылорда  қаласында ашылып, «Алтын сақина», «Еңлік-Кебек» пьесаларымен көрерменге жол тартқан театрдың өзіндік тағылымды тарихы бар. Бұл театрда елімізге танымал көптеген өнер майталмандары  қызмет етті. Сондықтан да театрдың келешек жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мол. Осы мақсатта театрдың тарихынан сыр шертетін көрменің Ұлттық музейде ашылуы үлкен жетістік деп білеміз. Ұлттық музейге еліміздің түпкір-түпкірінен, алыс-жақын шетелдерден көптеген қонақтар келіп музейді тамашалап жатады. Ендігі жерде сол келушілер қазақтың театр өнерімен, оның тарихымен танысып, мағлұмат алатын болады, – деді Д.Мыңбай.

Көрменің салтанатты ашылуында КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі – Асанәлі Әшімов былай деді:

«Қазіргі көрмеде фотолары мен жеке заттары тұрған театрдың бұрынғы артистерін ерекше сыйлайтынбыз. Біз олар есіктен кіріп келе жатқан кезде қабырғаға тұра қалатынбыз. Бұл біздің оларға деген құрметіміз еді. Әр елдің өзінің  мәдениеті болу керек. Театр халыққа тәрбие беретін орын. Мұндағы әрбір жәдігердің бағасы қымбат. Мұнда фотолары тұрған театрдың бұрынғы тұлғалары біздің құдайларымыз. Олар біздің өмірбақи үлгі тұтар ұстаздарымыз, рухани азығымыз».

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, театр директоры – Ерлан Біләлов, Қазақстанның Халық артисі, профессор – Есмұхан Обаевжәне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Журналистика Академиясының академигі – Әлия Бөпежанова және т.б. өнер майталмандары қатысты.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің48 жылдық тарихы бар. Музей жәдігерлері арасында әйгілі театр және кино актерларының сирек кездесетін фотосуреттері, әр жылдардағы сахналық киімдері, афишалар, спектакльдердің макеттері мен эскиздері, театр өнері майталмандарының портреттері және жеке заттары,тағы басқа құнды заттар сақталған. Театрдың 90 жылдық тарихынан сыр шертетін осынау жәдігерлер аталған көрмеге қойылып отыр.

Көрме 2016 жылғы 5 қазанға дейін өтеді.

5259 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper