Анонс


Ұлттық музейдің «Алтын залындағы» жаңа технологияның қолданылуы

Жұма, 02 Ақпан 2024 00:42
Ұлттық музейдің «Алтын залындағы»  жаңа технологияның  қолданылуы KAZMUSEUM.KZ -  

Мақала ҚР Ұлттық музейі «Алтын залында» орнатылған заманауи инновациялық технология мен музейдің жұмысына енгізілген жаңа ақпараттық технологиялардың қызметі арналған.

Кілт сөздер:мәдениет, музей, алтын залы, диодты Led-техника, медиақұрылғылар, заманауи инновациялық технология, медиакиоск, глассвижн, скопвижн.

Мәдениет құбылысы адам факторында өзінің құндылық қуатының күшімен маңызды. Бүгінде мәдениеттің шарықтау шегі өркениет деп берілген түсінік нақты анықтама болмай қалды. Өйткені, бүгінде мәдениет көп қырлы, терең қабатты құндылықты атау, ұғым, жаңа түсінік, тұжырымдармен трансформацияланып жатыр. Осы ағымдағы ақпарат ағынын егер дер уақытында тізгіндеп, оны игерген жағдайда өз тілімізде транслитерациялап және уақыт талабына сай жаңа өнімдер мен ақпаратты заман талабына сай ұсына алатын боламыз.

Ұлттық музей өз қызмет саласында жаңашыл бастамамен заманауи техника мен технология жетістіктерін қолданып, оның жақсы да, кемшін тұстары барын жұмыс барысында игеріп, қиындықтарын да қатар еңсеріп келеді. Соны технологиялық тың бастаманың бірі музей ісіндегі электронды медиақұрылғылардың енгізілуі дер едік.

Ұлттық музейде орнатылған медиақұрылғылар БАҚ пен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен 2015 жылы 15-ші шілде күні ресми таныстырылды1. Музей ісінде ақпараттық технологияларды кеңінен қолданудың тиімділігі, қаржылай қолдаумен инновациялық ақпараттық жобаларды қолдану арқылы күрделі өзгеріс пен толықтырулар енгізу барысында тақырыптық экспозицияларымызда байыды. Бүгінде 3 жылдығын атап өткелі отырған Ұлттық музей әуел бастан дүниежүзілік ірі музейлер қатарында тек, сәулеті жағынан ғана емес, мазмұны және қызмет көрсету жағынан да ерекшеленуді мақсат тұтқандықтан инновациялық жаңаруды өзіне мұрат етіп ұстанып отыр.

Бүгінгі музей тарихи жәдігерлер арқылы еліміздің көне тарихын заман

ағымына сай озық технологиялық мүмкіндіктерді қолдана отырып, көрермен болып келген музей қонақтарына ғылыми-танымдық ақпаратпен етене жақын ететін кешенді рухани ғылыми-мәдени орталық ретінде қызмет көрсетуге ұмтылыс үстінде. Музей залдарының дені арнайы ақпарттық контенті бар экранмен, медиакиоск және көрнек-еден, заманауи Астана қаласының орталық бөлігі серпінді макеті, голограммалар, диодты жарығы бар Led-техникамен және арнайы ақпарттық сенсорлық құрылғылармен жабдықталған.

Электронды құрылғылар музейге келушілерді тарихи жәдігерлерді арнайы экскурсоводты жалдамай, аудиогидтің көмегімен өз қалауынша экскурсия жасап, дербес таныса алуына жағдай туғызылып отыр. Аудиогид қызметі қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде ұсынылған.

Музей экспозициясындағы жәдігер мен макеттер тұсында олардың тарихы жайындағы толық мәліметтер жазылған QR-кодтар қатар орналастырылған. Музейге келушілер QR-кодтардағы ақпараттарды арнайы бағдарлама орнатылған өз планшет, смартфон мүмкіндіктері арқылы сканерлеп, қажетті ақпартты еркін оқып, таныса алады. QR-кодты арнайы бағдарлама орнатылған ұялы телефон арқылы да танысуға мүмкіндік бар. Мұндай тәсілмен қызмет көрсету елімізде әлде де тек санаулы музейлерде ғана жүзеге асырылып отыр.

Көрермен үшін тиімді әрі, ыңғайлы болу үшін музейде оnline-ticket жүйесі де іске қосылған. Бұл жүйе бойынша елорда тұрғындары мен қонақтар Ұлттық музейдің билеттеріне  музейдің веб-сайты арқылы онлайн-режимде алдын-ала тапсырыс бере алады. Электронды билетті рәсімдеуге екі минут қана жеткілікті. Ал, билет иесі музейге өзіне ыңғайлы кез-келген уақытта келе алады. 

Осы электронды құрылғылардың таныстырылымы арнайы шақырылған қонақтар қоғам қайраткері Ирак Елекеев оnline-ticket жүйесі арқылы билетке ең алғашқы болып тапсырыс берсе, танымал ғалым Қойшығара Салғараұлы мен елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков аудиогид пен QR-код құрылғыларын сынап көріп, өздерінің "оң" бағаларын берді. 

Жаңа ақпараттық технологияны кеңінен қолдану көрерменге экспозиция мазмұнын түсіндіруге, тақырыпқа қатысты тарихи маңызы бар қосымша деректермен таныстыруға және қажет болса, баспа қызметтерін жеделдетуге де жағдай жасайды. Барлық музейлерде қолданылып жүрген электронды жолбағдар құрылғылары арқылы көрермендер музейге алдын-ала виртуалды экскурсия жасап, әлемдегі алдыңғы қатарлы музей жетістіктерімен етене  танысуына үлкен мүмкіндік жасалған. Мұндай бастамалар қазіргі заманғы адамзат сұранысына тура табылған жол әрі, елдер арасындағы мәдени байланысты дамытудың да ыңғайлы көпірі болып отыр.

Музей саласында ақпараттық технологияны қолдану деңгейі бүгінгі қарқынмен жалғаса берсе бұл қағидалардың бәрі өз уақытында замана талабына сәйкес өзгерері хақ. Дегенмен, музей қызметіндегі әрбір жаңа әдіс көрерменге оның белгілі ақпаратты мейлінше көбірек білуіне мүмкіндік беруді көздейді. Заманауи жетілдірілген технологияны қолдану бүгінде музейлерді ғылыми ойын-сауық яғни, «сайенсинтертеймент» орталығы ретінде бейімделу үстінде.

Қазіргі пайдаланылып жүрген аудиогидтің өзі де заманауи технология-лардың азды-кем жетістігі ғана саналады. Музей саласында болып жатқан даму жыл санап артып келе жатқан жаңа мүмкіндіктерге де жол ашуда. Бұл әрине қуанарлық жағдай, ендігі жерде әрбіріміз осы жаңалықтың пайдасы мен зиянды жағын ажырата алсақ болғаны.

Компьютерлік технологияны терең меңгерген жағдайда, музей көрнегі дыбыстық әрлеумен түрленген мультимедиялық ақпарат, бұрынғы музей экспозицияларына қарағанда кез-келген музей қонағының зейінімен қоса қызығушылықтарын қатар оятады. Осы орайда, Алтын залында тамашалап көруші көпшілік назарына бағзыдан жеткен баға жетпес құнды қазыналарымыз, мыңжылдықтар бойы дәстүрмен сабақтасқан шеберлер қолынан шыққан бағалы метал мен асыл тастардан өңделген, ата-бабаларымыздың дүниетанымдық рухани әлемін материалды сипатта бейнелеп жеткізген тарихи мұраларымыз алғаш рет жылдар бойы жүргізілген археологиялық зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде және кездейсоқ табылған қазыналар қорының толықтырылуымен Алтын залында ұсынылып отыр.

Енді заманауи технологиямен ұсынылған Алтын залын аз-кем таныстырар болсақ, залдың кіре-берісінде орнатылған "раушан гүлдер самалы" адамды өзгеше жаңа дүниеге, елең еткізерлік құбылысқа елітетін 40 мыңнан астам диодтық электрошамның күйдің өңделген ырғағымен бірге реңі мың құбылып ойнайтын түстер самалды тамашалауға болады. Одан әрі, залға кіре-берістегі диорамада әзірге Орталық Азияда тұңғыш рет, ерте темір дәуіріндегі алтынның өндірісі табиғи жолмен және оның өңделіп, ұқсатылуы шынайы өмірдегі нанымды көріністермен берілген. Бірінші залда санды форматтағы сенсорлық электронды медиакиоск (3 дана), аудиогидтік нүктелер, мөлдір әйнекті экраны бар арнайы медиакиоск – гласвижн (5 дана), тікесінен қойылған витриналарда (14 дана) да ерте темір дәуірінің түрлі әшекейлері кезең-кезеңі бойынша қойылған. мұндағы электронды құрылымдардың әрбіріне залға қойылған жәдігерлерге және өзге де еліміздің аумағынан табылған алтын әшекейлерге электронды (фото визуалды) ақпараттық мағлұматтар енгізілген. Мұндағы ақпараттардың дені ғылыми мағлұмат арқылы байырғы алтын өндірісінен бастап, қазақ даласын қоныстаған байырғы халықтардың өмір тіршілігі, салт-санасы мен дәстүрі, мәдениеті мен қолөнері, тыныс-тіршілігі туралы әрбір музей тамашалауға келген көрерменге мейлінше толыққанды мәліметке қанығу мүмкіндігін қарастыра отырып жасалған.

Бұл залдың құндылығы сол, көпшілік назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған «алтын адамдардың» салтанаттық киім әшекейлерінің мүмкіндігінше толығырақ бір орталыққа шоғырландырылып ұсынылуымен ерек. Әшекей бұйымдар қатары қола дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейін қамтиды. Сайын дала төсін еркін жайлаған этносоциомәдени құрылымдардың күнделікті тұрмыс тіршілігінде қалыптас-қан бейнелеу өнері, көркем-эстетикалық дәстүр мен өмірлік қағидалардың маңызын, оның даму кезеңдерін де осындағы әшекейлерде өте  дәл сипатталған.

Асыл металдан жасалған әшекей бұйымдар – өндіріс технологиясы мен қатар шаруашылық-мәдени үлгілердің даму ерекшелігі қарай жоғары деңгейде болған. Әшекейлік бейнелеу өнері заттың тек көркемдігімен ғана емес, тұтынушының көрші және қарым-қатынасқа түскен жекелеген халықтармен әртүрлі этномәдени байланыстардың болғандығын да аңғартады.

Енді аудиогид, медиакиоск, гласс вижн (glass vision) және скоп вижн (scope vision) құрылғыларының жұмысына тоқталсақ. Алтын залы тақырыптық және уақыттық мерзіміне қарай жүйелік негізде қойылған байырғы зергерлік өнерді жан-жақты танытуға арналған жәдігерлермен оның кезеңдік даму жолы мен қалыптасуы заттай деректермен ұсынылған.

Аудиогид құрылғысы алтын залынан кіргеннен сіздің қалауыңызша үш тілде әрбір экпозициямен таныстырады.

Сенсорлық медиа киоскідегі ақпараттық мәлімет мыңдаған жылдар бұрын бүгінгі қазақ жерінде қандай этномәдени қауымдастықтардың жасағандығы, олардың дүниетанымы мен шаруашылық түрлері жайлы мәлімет береді. Әрбір отансүйгіш қазақстандықтың өз жерінің тарихымен тереңірек танысуына әрине, көрермен санасына айрықша ықпал етері сөзсіз. Сондықтан залда орналасқан сенсорлы киоскі арқылы Қазақстан Республикасы (картасындағы) аумағындағы тарихи үрдіс пен мәдениет ошақтарына қатысты ескерткіштердің орналасуымен археологиялық нақты деректермен әр қырынан  тамашалай аласыз.

Глассвижн (glass vision) құрылғысының басты ерекшелігі: - өз алдына дербес кәдімгі дайын көрнек экспозиция деуге болады. Залға қойылған әрбір гласвижн ел назарын өзіне тартатын терең ақпараттық мағлұмат пен нақты деректі жәдігерлікпен қаруланған электронды құрылғы. Мысал ретінде, екі бірдей глассвижн құрылғысында бірінде "алтын адамның" қанжары, екіншісінде сыңар сырғасы қойылған. Сіз әрине, бұл құрылғыдан ең алдымен түп-нұсқа-дағы жәдігерді көруге ұмтыларыңыз сөзсіз. Бірақ, оның тағы да кісі қызығарлық сыры бар. Осы глассвижнның келесі жағында медиаэкранда көрнекке қойылған жәдігердің балама ұқсас түрлері және оларға қатысты нақты ақпараттар берілген.

Скопвижн (scope vision) құрылғысы алтын залының екінші залында Шілікті жазығындағы панорамада ұсынылған "Бәйгетөбе" оба макетін айналдыра төрт нүктеге қойылған. Скопвижн арқылы музей жәдігерлерін тамашалап жүрген көрерменге археологиялық қазба жұмыстарына қатыспаса да, архивтік фотосуреттер арқылы қазба жұмысы жүргізіліп жатқан жерге көз салып, аталған обаны зерттеген Ә.Т. Төлеубаевтың қазба барысында тапқан құнды жәдігерлерімен, ғалымдармен танысып фото материалдар негізінде жақын таныса алады.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, сенсорлы киоскіні сәтті қолданған музейдің бірі әлемге әйгілі Лувр екені белгілі. Музейдегі шығыс тарихына арналған экспозицияға арналған 3 киоск қойылған. Киоскілер арқылы мыңдаған жылдық тарихқа уақыт кеңістігіне сапар шеге отырып, ислам мәдениетінің тарихынан мол мағлұмат аласыз әрі, мұнда қосымша алты мыңға жуық жәдігерлік фотосуреттер, 400 ден астам танымдық ақпараттық мәтіндер қойылған. Әрине, тек музей көрермені болу арқылы ғана осыншама мол ақпаратпен танысу кімнің де болмасын қызығушылығын арттырады.

Музей ісіндегі келесі бір жаңашылдық бастама 2015 жылдан бері қор жәдігерлерін құжаттандырудағы АИС бағдарламасымен жұмыс нәтижесі туралы. АИС бағдарламасының музей қызметіне енгізілуі үлкен жаңашылдық деген болар едік. Бұл бағдарлама компьютерлік технологиямен интернет жүйесінің дамуы арқылы музей ісіне енген жұмысқа тың жаңалық. Ақпараттық технология соңғы жылдары экспозициялық-көрме көрнекілік қана емес, жәдігерлерді қорға тіркеу - сақтау, қалпына келтіруге ұсыну жұмыстарында кеңінен қолданылуда. Музей жәдігерін тіркеу және оны сақтау жұмысына арналған автоматты ақпараттық жүйенің (АИС) енгізілуі әсіресе, музей ісінің тіркеу қызметіне жеңілдік берді. Бұл жүйенің қолайлы жағы; мұнда ғылыми, қор сақтау, тіркеу, экспозиция, көрнек пен көрме, қалпына келтіру жұмыстары үшін уақыт үнемдеуге көмегі зор. Оны қарапайым тілмен түсіндірсек, аталған бағдарлама бойынша нақты жәдігерге қатысты құжаттандыру жұмысын тек, бар болғаны уақыт айырмашылығымен ғана, еш тасымал құралынсыз, сала аралық қатынас-қағазынсыз бір күн ішінде интернет бағдарламасы арқылы жылдам жүзеге асырылады.

АИС-тың өзге де балама үлгілері қазіргі кезде ТМД елдерімен шетелдік музейлерде компютерлік технология арқылы қорға тіркеу және ғылыми сипаттамалар жазу сияқты негізгі жұмыстардың өнімділігін дамыту үшін қолданылып жүр. АИС (автоматтандырылған ақпараттық жүйе)  жобасы сияқты заманауи бағдарламада іс-жүргізушілердің жаңашылдыққа ұмтылысы нәтижесінде, музейдің қажетті атрибуты болып саналатын «КАМИС» (кешендік автоматтандырылған музейлік ақпараттық жүйе), «НИКА», «АС-Музей» жобаларын жасау сонау 1970 жылдан басталған.

Музей қорындағы жәдігерді құжаттандыру жұмысын жүйелендіру мәселесі ең алдымен сала мамандарының көп жылдар бойғы ізденіс еңбегінің нәтижесі. Мәселен, 1978 жылы Robert G. Chenhall (АҚШ) және Peter Homulus (Канада) алғашқы рет CIDOC (халықаралық музейлер кеңесі ICOM-ның құжаттама комитеті) мүшелерінің талқылауына 16 ақпаратық категория негізінде затқа сипаттама жазуды музейдің ішкі стандартты жобасы етіп ұсынған. Ал, 1993 жылы «NARCISSE (Net Art Research Computer Image Systems in Europe)» кескіндеме және жарық саласы бойынша халықаралық ақпараттық-іздеу жүйесі жасалды. Міне, осы бағдарламалардан кейін түрлі жобалар даму үстінде.

Дегенмен, жұмыс жүргізу барысында АИС бағдарламасының әлде де, жетілдіре түсетін тұстары бар екендігін айту қажет. Ғылыми қызметкер өз тарапынан АИС бағдарламасы арқылы алдын-ала жүйеге тіркелген жәдігердің ғылыми құжатының толтырылуына жауапты болғандықтан ескерер бірнеше маңызды талап етіп қойылатын функцияларды енгізілсе деген ниетті ұсынамыз. Біріншісі, бағдарламаға тіркелген нақты жәдігердің тек, бір дана ғана фотосуреті ғана жүктеледі. Ал, ғылыми төлқұжат жасалғанда жәдігердің бірнеше фотосуреті, кем дегенде 4-5 фотосуретін жүктей алатындай жасау. Екіншісі, музей қорында мыңдаған артефактілер, құнды жәдігерлер бары белгілі. Мысалы, құжаттандыру кезінде, жәдігерлерді географиялық және балама сәйкестік пен тарихи-мәдени байланысына қарай аймақтық ерекшелігін және қай жерден табылғандығын дереу ажырату мақсатында шифрланған таңбаларды паспорт нөміріне кіргізуді жөн көрдік. Келесі кемшілік міне осы, шифрлық код боларлық латын қарпіндегі таңбалардың серия нөмірінің арасына енгізуде ескерілмегендігін аңғардық.

Аталған жайттарды ескере келе, әрбір жаңашылдықпен қатар технологияны меңгеруде оның жетістігі мен кемшілігін әріптестер арасында бөлісіп, мәселе етіп көтеруді жөн көрдік. Қазіргі кезде музей ісінде басы ашық қойылатын жәдігерге қатысты қойылатын мәселелерді көптеп кездестіреміз. Дегенмен мүмкіндік болса, басты талап: қандайда жәдігермен жұмыс жасағанда, зерттеуші нақты жәдігерді қолымен ұстап көругісі келеді, жақынырақ білгісі келеді. Бұл ең алдымен баршамызда бар табиғи құбылыс.

Музейде экскурсиялардың алуан түрлері – шолу және тақырыптық экскурсиялар, интерактивті сабақтар мен ойын экскурсиялары түрінде арнайы бағдарламалар арқылы да жүзеге асырылуда. Ұлттық музей, бүгінде республикамыздың тарихи және мәдени мұрасын талдау, салыстыру, пайымдау, талқылау, ой-пікір айту және бағалау орнына айналған. Музейде оның қонақтардың тарихпен тілдесуімен қатар, белсенді қатысушыларына айналдыруға мүмкіндігінше қолайлы жағдайдың бәрі жасалған.

 

Алпамыс АБУ, музей маманы

193 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper