Анонс


Ғалымдар Наурыз мерекесін тойлауға қатысты ұсыныстарын айтты Таңдаулы

Сәрсенбі, 16 Наурыз 2016 18:50
Ғалымдар Наурыз мерекесін тойлауға қатысты ұсыныстарын айтты KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ұлыстың ұлы күніне орай «Наурыз – жыл басы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Жиында философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім әз Наурыз мерекесінің маңыздылығына тоқталып, ол жаппай ұлттық деңгейде тойлануы керек екенін айтып өтті.

Ұлыстың ұлы күні – біздің қазақ халқына тән, жалпыұлттық мереке. Менің ұсынысым – наурыз айы басталысымен адамдар бір-біріне қызғалдақ гүлін сыйлауды дәстүрге айналдырса, ол өте дұрыс болар еді. Әсіресе мектеп оқушыларына 14-24 наурыз аралығы демалыс күндері болып бекітілсе, онда әз Наурыз үлкен шараға айналар еді. Біз әдетте өзгенің атаулы даталарын дүркіретіп өткізіп жатамыз. Ал өзімізге келгенде жаңағы белсенділік, ұйымшылдық байқалмайды. Наурыз мерекесі ұлттық деңгейге көтерілуі үшін тұтас қоғам болып жаңа бастамаларды қолдап, қолпаштап отырсақ, жағдай жақсы жаққа қарай өзгеретіні сөзсіз, - деді Ғ.Есім.

Әзірбайжан мәдени бірлестігінің төрағасы Видади Салахов Қазақстанданаурыз мерекесін тойлауға дайындық жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатқанына тоқталып өтті.

Наурыз мерекесін Орталық Азия елдері, оның ішінде Әзірбайжан Республикасы да үлкен көлемде атап өтеді. Халқымыз Кеңес Одағы кезінде «Көктем мерекесі» деген атаумен тойлап келді. Кейін егемендік алып, еңсемізді тіктеген соң салт-дәстүрімізді одан әрі жалғадық. Қарап отырсам, қазақ халқы да бұл күндерді ерекше атап өтеді екен. Тыңғылықты дайындалады. Қонақ күтеді. Ұлттық ойындарын ұлықтап, наурыз көже дайындайды. Сондықтан да айтулы мерекенің ғасырлар бойы үзілмей келе жатқанына өте қуаныштымын,- деді В.Салахов.

Жиын барысындаталқылаудан өткен ұсыныстар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне жолданатыны айтылды.

2585 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper