Анонс


Көкшетауда музейдің мәдени-білім беру жұмысына арналған конференция өтті (ФОТО) Таңдаулы

Сенбі, 21 Қыркүйек 2024 17:07
Көкшетауда музейдің мәдени-білім беру жұмысына арналған конференция өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ақмола облысы Мәдениет басқармасының Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен «Музейдің мәдени-білім беру жұмысы: дәстүр мен жаңашылдық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. 

Республикалық конференция Ақмола облысының Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитованың құттықтау сөзімен ашылды.

«Абылай хан орда тігіп, сал-серілердің мекені болған, қасиетті Көкше жеріне қош келдіңіздер!

Бүгінгі біздің конференциямызға Астана, Алматы, Түркістан және Теміртау қалаларынан қатысушылар келіп отыр. Сонымен қатар, конференцияға сырттай қатысып, ғылыми мақалаларын ұсынған музей мамандары да бар.

Музей ісінде мәдени-білім берудің маңызы зор. Музейдің мәдени-білім беру қызметі арқылы келушілерге халқымыздың мұрасын насихаттауға мүмкіндік аламыз. Осыдан-ақ, конференцияның маңызын байқауға болады.

Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз! Конференция жұмысы табысты болсын!», - деді А.Б. Сәбитова.

Конференцияда «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Сакен Таласбекұлы Шаметов «Музей қызметіндегі коммуникация», Тұңғыш Президенттің Теміртаудағы тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Ләззат Тоқтасынқызы Диханбаева «Білім мен мәдениет – ұлт тәрбиесінің қайнар көзі», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі Сымбат Мұталафханқызы Ахметова «О создании уникального музея ученого евразийца в столице Казахстана», С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің тарихи музей басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Бақанай Амантаев «Медицина университетінің студенттеріне тарихи-мәдени тәрбие берудегі музейдің рөлі», Ілияс Есенберлиннің әдеби музейі меңгерушісі Ұлболсын Даниярқызы Комбатурова «Музейлердің мәдени-білім беру жұмысының миссиясы», Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицей КММ қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Арайлым Серікжанқызы Мукушева «Сері өмірінен сыр шерткен жәдігер...», Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми  қызметкері Аягөз Мұратқызы Махметова «Мәлік Ғабдуллин музейінің көпшілік іс-шаралар өткізудегі тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.

Конференция модераторы, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс мектеп пен музей арасындағы интеграцияның маңызына және мектеп музейлерін әдістемелік қолдау қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, Ақмола облысындағы мектеп музейлерін республикалық музейлерде өтетін семинарларға қатысуға шақырды. Сондай-ақ, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс музейдің мәдени-білім беру жұмысының тәжірибеге ену тарихы туралы айтып, АҚШ, Германия сияқты елдердің үздік жұмыстарын жұмыс барысында қарастыру туралы да ұсынысын жеткізді.

Конференция кезінде «Қансонар» деректі фильмі (авторы – Құдайберлі Мырзабек)  көрсетілді. Фильмде музей заттарын қатыстыра отырып, қазақ халқының саятшылық дәстүрін көрсеткен.

Конференция соңында музей мамандары музейдегі мәдени-білім беру жұмысы туралы талқы ұйымдастырып, бұл бағыттағы жұмыстарды дамытуға арналған ұсыныстарын ортаға салды.

Атап өтейік, конференцияға қатысушылардың мақалалары жинақ ретінде жарыққа шықты.

443 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper