Анонс


«Жас археолог» үйірмесінің жетістіктері (ФОТО)

Бейсенбі, 25 Наурыз 2021 00:39
«Жас археолог» үйірмесінің жетістіктері (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облысының Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық Өнер және өлке тарихы музейі мен Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы арасындағы меморандумға сәйкес, 2016 жылғы желтоқсан айынан бастап «Жас археолог» үйірмесі жұмыс істеп келеді.

Үйірме – оқушылардың білімін жетілдіруді, азаматтық-патриоттыққа, еліміздің өткен тарихын, мәдени құндылықтарын сақтай білуді және құрметтеуді үйретеді.

Ойыл ауданының жас археологтары археология, туризм және өлкетану саласы бойынша теориялық білімдерін жетілдіре отырып, практикалық сабақ  барысында ескерткіштерді табуды, сипаттауды және ғылыми бағытта қорғауды үйренуде.

Археология ерекше ғылым саласы, іздеу, ашу және олжаны табу әсіресе балаларға қызықты. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша әзірленген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларына сәйкес, Қазақстанда өткен тарихты зерделеу және сақтау мақсатында кең ауқымды археологиялық жұмыстар басталды. Осы ауқымды жұмыстар арқылы өскелең ұрпаққа өткен тарихты және археологияны таныстырып, насихаттау, патриоттық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталады.

«Ерлік пен бірлік жеңіске жеткізеді» деген қазақтың мақал сөзінде айтылғандай, бұл үйірменің берері көп және жеткен жетістіктері де аз емес.

 

«Жас археолог» үйірмесінің оқушылары алған білімдерін шыңдау мақсатында алғашқы қадамын өлке тарихын зерттеуден бастап, аудан деңгейінде өткен «Зерде» жобалық жарысқа қатысып, ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Үйірменің дарынды оқушылары Саят Шакенов пен Ерасыл Оразбаев Кіші ғылыми академияның Ақтөбе филиалы ұйымдастырған облыстық ғылыми-тәжірбиелік конференциясына қатысып I дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы ІІІ Респубиликалық ғылыми-тәжірбиелік конференциясына қатысуға мүмкіндік туды. Бұл мүмкіндікті жібермеген жас археологтарымыз осы конференцияда үздіктер қатарынан көрініп, 1 орынды иемденді. Міне бұл мұғалімі мен шәкірттерінің табанды еңбектерінің арқасында жеткен жетістігі болды.

 

2017-2018 жылдары «Золотое руно» халықаралық конкурсының қорытындысы шығып, нәтижесінде Ерасыл Оразбаев ІІ орынға ие болса, Шакенов Саят І орынға ие болып, жеңімпаз атанды.

Тарихи құндылықтарымызды меңгеріп, оқушыларымыз Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Ойыл ауданы, Қоңырат елді мекені маңында ұйымдастырған археологиялық қазба жұмыстарына қатынасу үшін жолдама алды. Қазба жұмыстары барысында қорғанды тануды, сипаттауды, әдістемелік қазуды тәжірибе арқылы үйренді және археолог ғалымдардан ғылыми-әдістемелік көмек алып, білімдерін шыңдай білді.

2018-2019 оқу жылдары арасында оқушыларымыз «Зерде» ғылыми-тәжірбиелік конкурсына қатысып Бақтияр Нұрлыбаев пен Ерасыл Оразбаев 1-ші орынды жеңіп алды. Ғылыми бағыттағы шараларға қатысу бұнымен бітпей Шымкент қаласында өткен Республикалық конференциясында бақтарын сынады. "Жас ғалым" номинациясымен Нұрсұлтан Мырзабаев, Саят Шакенов пен Ерасыл Оразбаев марапатталса, аталған конференцияда жас зерттеушіміз Голикова Алёна жеңіске жетіп, биіктен көрінді.

2019-2020 оқу жылдарында оқушылардың жобаларға қатысу жағынан ұмтылыстары еш бәсендемеді. Жас археологтарымыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен семинарға қатысты. Семинарға қатыспас бұрын 2018 жылы үйірме оқушылары облыстық "Дарын" ғылыми-тәжірибелік конференциясынан Ойыл тарихына қатысты маңызды деректерді жеткізгені үшін дәрежелі 1-ші орын дипломымен марапатталған болатын. Осыған орай, білімділік, зерттеуге деген құштарлық қасиеттерін арттыру мақсатында 2019 жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласындағы семинарға Саят Шакенов пен Ерасыл Оразбаев жолдама алды. Оқушыларымыз өткен семинардан мол тәжірибе жинақтап, қабілеттерін жетілдіру жолында үлкен шабытпен оралды.

Жастар жылына орай дарынды, көшбасшы және белсенді жастардың жетістіктерін қалың жұртшылыққа жеткізу мақсатында «Көкжардың бүгінгі керуенінің көшбасшылары» атты жинақ-кітап шілде және тамыз айларында жарыққа шыққан болатын. Жинақ-кітапқа енген көшбасшылардың қатарынан жас археологтарымызда өздерінің ізденімпаз, білімділікке ұмтылу қасиеттерімен ерекшеленіп, көріне білді.

«Шын батыр сын үстінде танылар» демекші, 2019-2020 жылдары оқушыларымыздың жобаларға қатысу жағынан ұмтылыстары еш төмендемеді. Ақтөбе облысының білім басқармасы «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен 2019 жылғы 27-қыркүйекте "Менің кіші Отаным" атты оқушылары арасында интеллектуалдық конкурсының аудандық кезеңі өтіп, жас археологтарымыз Саят Шакенов, Нұрсұлтан Мырзабаев қатынасып "Менің кішкентай Отанымның тарихы" номинациясы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алды.

Ойылда өтіп жатқан 2020 жылдың шілделік дала қазба жұмыстары кезеңінде "Шөптікөл" жерінде ғұндар уақыттарына жататын қорғандар ашылды. Археологиялық қазба жұмыстар Ойыл және еліміздің тарихын тереңдете білуге көп септігін тигізді. Аталған жұмыстарға Ойыл музейі жанынан құрылған "Жас археолог" үйірмесі мен Ойыл жастары да белсене қатысты.

2021 жылғы қаңтар айында «Жас археолог» үйірмесіне жаңа құрам жинақталды. Жаңа құрам Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының 5 «А» және 5 «Б» сыныбының оқушыларынан құралды. Жалпы оқушылар саны 20-ға жуық болды. "Жас археолог" үйірмесінің жаңа құрамы сабақ барысын туған өлкедегі ескерткіштерді танудан бастады. Туған өлкені тану мақсатында аудан орталығында орналасқан ХІХ-ХХ ғасырлық ғимараттар мен ескерткіштерді аралап, 100 жылдық тарихы бар поштаның, дүкендер мен көпес үйінің, азамат соғысы жылдарында қойылған бауырластар зираты мен көне аурухананың, мешіт пен сауда қатарларының ғимараттарын көзбен көріп, тарихымен танысты.

«Жүк ауырын, ер көтереді» демекші жаңа құрамдағы оқушыларымыздың бастама жетістіктері де аз емес. «Шежірелі өлкемнің тарландары» тақырыбындағы облыстық мақала жазу байқауында жас зерттеуші Жасұлан Мұхамбетқалиев 180 оқушы арасынан оза шауып, алдыңғы қатарлы жүлделі 2-орынды иемденді.

Оқушыларымыз «Ғылым, білім және технология»-атты V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, Ойыл ауданының тарихи-мәдени мұрасы тақырыптарында қамтылған жобалары үздік атанды. Жоғары дәрежелі жеңімпаздарды дайындағаны үшін жетекшісі де мақтауға ие болды.

Оқушыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқаулар мен конференцияларға қатыса жүріп, өз білімдерін тәжірибе барысында қолданды және жеңімпаз атанды. Бұнымен тоқтамаған үйірме оқушылары білімі мен тәжірбиесін арттыру үшін семинарға барды және белсенді жастар қатарынан көрінетін жинақ-кітапқа да шықты.

Оқушыларымыз теориялық білімдерін тәжірибе барысында қолдану үшін төрт кезеңдік (2017-2020 жылдар аралығы) археологиялық қазба жұмыстарынада (Қоңырат, Құмсай, Шөптікөл, Қаздыарал) қатыса алды. Нәтижесінде археология саласына одан әрі жақындай түсті.

Оқушыларымыз туған өлкесі Ойыл тарихын зерттей отырып көптеген жетістіктерге жеткен болатын. Соның ішінде Ойылдың жаңа тарихы ашылды, алғашқы қорғандық жерлеу болып саналатын қола дәуірлік Құмсай қорымының тың деректері көрсетілді, құмды жерде жасанды қалыптасқан орман алқабын республика бойыншада қалыптастыруға болатындығы жөнінде ғылыми ұсыныстарын жасады, Ойыл ауданының тарихи-мәдени мұрасы бай екендігін көрсетіп, ежелгі және орта ғасыр кезеңіне дейін тұрақтаған адамдардың ескерткіші «Қаздыарал» тұрағын зерттеуіне қадамдар жасады. Барлық зерттеулер арнайы мамандардан кеңес және методикалық көмек алу арқылы жүзеге асты.

Аталарымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген ұлағатты мұрасының маңызын түсіндіре отырып, оқушыларға туған жерден, Отаннан асқан ыстық киелі жерлер жоқ екенін сезіндіру арқылы қазақи тәрбиеге негізделген отансүйгіш тұлғаны қалыптастыру міндетіміз деп білеміз. Сол себепті, үйірме жұмысын отансүйгіш қасиетке толы, тәрбие және біліммен шыңдалған оқушыларға арнадық.

 

Медет ҚҰЛМҰҚАНОВ, «Жас археолог» үйірмесінің жетекшісі

 

 

3161 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper