Анонс


«Жас археологтар» мектебі» жобасы басталды

Бейсенбі, 11 Шілде 2019 15:48
«Жас археологтар» мектебі» жобасы басталды KAZMUSEUM.KZ -  

 Алматы музейінде «Жас археологтар» мектебі» жобасы басталды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

 Жас археологтар Талғар қаласы маңындағы Рахат ортағасырлық қалашығындағы қазба жұмыстарына қатысуға мүмкіндік алды.

Тарих және археология бойынша балалар мектебін ұйымдастыру дәстүрі әлемдік тәжірибеде қолданылып жүргеніне жүз жылдай уақыт болды. Археологияның педагогикалық әлеуеті артуымен «педагогикалық археология» термині пайда болды. Д.В. Бровко «Археология педагогикасының феномені» атты мақаласында бұл терминге «балалардың танымдық, шығармашылық, әлеуметтік белсенділігін ұйымдастыру технологияларының, формалары мен әдістерінің интеграцияланған жүйесі» деген анықтама береді. «Археология педагогикасы» мүмкіндіктерін пайдаланудың көрсеткіші Алматы музейі жанындағы «Жас археолог мектебі» болып табылады.

Үйірме Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылы жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған міндеттер негізінде ұйымдастырылып отыр.

Рахат қала жұрты – Есік қорымынан оңтүстікке қарай 5 шақырым қашықтықта тау бөктерінде, Есік-Талғар жолының бойындағы Рахат ауылына жанаса орналасқан. Ол жерде мұнаралы қамал қабырғалары, орлар анық көрінеді.

2015 жылдан бері бұл жерде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Қытай Халық Республикасы Шанси археологиялық институты бірлескен қазба жұмыстарын жүргізуде.

Қазба барысында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Төреәлі Төлегенов балаларға қазба жұмыстарының орны, өлкедегі ортағасырлық қалашықтары туралы және археология ғылымының қыр-сыры жайлы дәріс өткізді.  Балалар археологиялық қазба жұмыстарында көздерімен көріп, қолмен ұстап, тарихи қалашықтың өткенін зерттеді. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне саяхат жасап, қызықты экскурсия тыңдады.

«Бүгінгі тарихи-танымдық шоудың ойдағыдай өтуіне себепкер болғаны үшін ең алдымен қатысушыларға, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұжымына, Алматы қаласы жедел жәрдем  және жол полициясы қызметкерлеріне үлкен алғыс білдіреміз!», - дейді ұйымдастырушы Алматы қаласы музейінің ұжымы.

Айта өтейік, жоба жаз бойы өткізіледі.

2821 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper