Жоба аясындағы байқау шарты бойынша қазіргі таңда құнды және қолданыстан шықпаған дүниелерге (материалдық және материалдық емес) жастар өзіндік көзқараспен қарап, бүгінгі дүниенің ертеңгі жәдігер екенін ұғынып, сипаттамасы мен тарихын жастардың өздері түсіндіруі тиіс. Жастар болашақ экспонаттың ерекшелігі мен құндылығын өзіндік деңгейде саралап, орнын басқан дүниелермен салыстыра отырып, халыққа жеткізеді. Облыстық музей оқушыны арнайы видеоға түсіріп, облыстық музейдің You tube желісіне жүктейді. Байқау жеңімпаздары ашық дауыспен («like» санына қарай) анықталады. 2019 жылдың әр тоқсаны сайын жеңімпаздар жарияланып, дипломдармен марапатталады.
Музей – бүгінгі күні тек мәдени-ағарту мекемесі ғана емес, ол – үлкен ғылыми-зерттеу орталығы, құнды жәдігерлер әлемі. Музей экспонаттары – талай замандардардың тірі куәгерлері. Олай болса, «Болашақ экспонат» жобасы оқушыларға эмоционалды түрде әсер етіп, бүгін мен өткен шақ арасындағы көпірді сезіндіріп, экспонатқа байланысты оқиғаға не кезеңге қатыстылығын байқауға мүмкіндік береді. Жобаның бала жүрегіне көпір салып, дұрыс өмірлік бағыт алуына, өмірдің мәңгілік құндылықтарын түсіне білуіне көмектесетіні анық. Жастар бойында ұлтжандылықты тәрбиелеу, атадан балаға мирас болар мұраны қадірлеуге баулу, үздік ораторларды анықтау – жобаның басты мақсаты болып отыр.
Музей экспонаттары көмегімен тарихи кезеңдерді толық зерттеп, заттай деректермен көрсетіп, әр экспонатты сөйлету арқылы білім мен тәрбиені жастарға егіз беру – басты міндет. «Болашақ экспонат» жобасы өкшебасар ұрпақты музейге тарту, тұлғаның шығармашылық дамуын жүзеге асыруды көздейді.
2019 жылдың ІІ тоқсаны нәтижесі бойынша ІІІ орынды М.Сужиков атындағы №6 орта мектептің оқушылары В.Васильева, А.Алішер және Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенттері Қ.Досым мен А.Бекбаев иеленсе, ІІ орын №2 «Мұрагер» мектебінің оқушысы Н.Ералиеваға бұйырды. Жүлделі І орынды Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Нұрмаханова қанжығасына байлады.
Әйгерім БЕККУЛИЕВА, Қызылорда облыстық музейінің қызметкері