– Ресми түрде алсақ, музей директоры боп өткен жылдың соңында қызметке кірістіңіз. Алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?
– Музейді дамыту. Заманға лайықты, қолжетімді, қызықты, тартымды ету. Ғылыми-экспозициялық және көрме жұмысын ілгерілету. Алдымызға осындай үлкен мақсат қойып отырмыз, қазір сол бойынша нақты жұмыстар жасалынып жатыр.
Біз әу бастан санға емес, сапаға жұмыс істегіміз келеді. Көрмеге қойылатын дүниелердің сапасына қарай жарнамасын да жаңғыртып (промоушн), халықтың білуіне және музейге келуіне барынша ұйытқы болу. Қысқаша айтқанда, насихатты күшейту, музейді сәнді орынға (модный) айналдыру. Өйткені, музейге келушілердің алдында «барсам ба екен, бармасам ба екен? Қандай қызық болуы мүмкін?» деген екіұдай сезім болмауы тиіс.
– Мұнымен не айтқыңыз келеді? Меніңше, музей – бос уақыт өткізетін мәдение ойын-сауық орталығы дегеннен әлдеқайда жоғары тұруы тиіс қой?
– Менің ойымша, өнер мәдениеттің бір бөлшегі ретінде адамды рухани тұрғыда тәрбиелеуі тиіс. Әрине, ондағы тәрбие мектептегідей тікелей әрі түсінікті болмайтыны анық. Мәселен, Достаевкий, Чернышевский, Тургенов сынды орыс классиктерінің туындыларын алып қараңызшы. Олардың құрған сюжеттерінің арасында оқырманын тәрбиелейтін тіркестер қатар жүреді.
– Дәл қазір бізді алаңдататын сұрақтар неге жауапсыз қалып жатыр?
– Жауапсыз қалмайды. Бұл жыл Қазақ хандығының 550 жылдығы болған соң, барлық назарымыз сонда ауып отыр. Өткенімізге тоқталып, тарихқа ден қойды. 2016 жылы жаңа идея туып, басқа тақырыптарға көңіл бөлінеді деп сенем. Осы жылы «Aspan Gallery» атты жаңа жоба пайда болды. Жетешісі «Christie’s» атты аукциондық үйінде жұмыс істеген, еуропаша білім алған қыз. Қазір Қазақстанға оралып, жеке галереясын ашып, бізге ұсыныспен келді. Қуана-қуана қабылдадық. Негізі, мен осы жұмысқа келгенде экспозицияларды көріп шығып, неге заманауи өнерге арналған арнайы зал жоқ деп сұрадым. Біз бұдан қашпауымыз қажет, Еуропада білім алған өнер иелерін көбіне осы заманауи өнер туындылары қызықтырады. Қазақстанның қылқалам шеберлері Орталық Азиядағы ең үздіктері. Бірақ, олардың жұмыстарымен қазақстандық көрермендер жете таныс емес.
– Демек, заманға сай қылқалам шеберлерімен жұмыс жасауды қолға аласыздар ғой?
– Дәл солай. Музей тарихында тұңғыш рет Ербосын Мелдібаевтың көрмесін өткіздік. Енді осы жобаның екінші бөлімі өтіп, Елена мен Виктор Воробьевтердің көрмесі қойылады. Тамыз айының соңында көрме ашылады деп күтіп отырмыз. Біз заманауи музейге айналуды мақсат тұтып отырмыз. «Болашақтың музейі» деген жобаны қолға алып, жұмыс атқарып жатырмыз. Оңай тиіп жатқан жоқ.
– Мелдібаевтың көрмесі туралы айта өтсеңіз. Қолайсыздау болған жоқ па? Оның алғашқы көрмесінің Алматыда өтуі, оның үйтіне Қастеев музейінде өтуін қалай түсіндіріп бересіз?
– Ештеңе болған жоқ. Бізде өнертанушылар жұмыс істейді, солар бағалайды, солар шешім қабылдайды. Олар халыққа ұнауы мүмкін, ұнамауы мүмкін деген оймен емес, кәсіби түрде өнер деуге лайықты туындыларды шығарады. Айтып отырмын ғой, біз қазір көбіне заманауи сұранысқа жұмыс істеп отырмыз, барлығын кәсіби түрде жүзеге асырып отырмыз.
– Жақында бір сұхбатыңызда «100 нақты қадам» бойынша Қастеев музейі мемлекет ұстанған саясат шеңберінен ауытқымай жұмыс істейді деп айтқан болатынсыз. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Қиын сұрақ. Бірақ біз өнер ордасы болғандықтан шектен шықпай, көп жерде шектеліп қалмай, ортасын ұстағымыз келеді. Біз тепе-теңдікті сақтап, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алға жылжығымыз келеді. Әрине, мен де мемлекеттік қызметкермін. Сондықтан, шектен шықпай, барлық адамгершілік қағидаларға құлақ асамын. Мүмкін бұл уақытша солай болуы мүмкін. Уақыт өтеді, заман өзгереді, құндылықтарға деген көзқарас та басқаша болады.
– Тағы да осыған ұқсас сұрақ. Саясаттың өнерге араласқаны дұрыс па? Музейге сынға ұшырататын туындыларды қоя аласыздар ма?
– Шығармашылық адамдарға шектеу болмау керек. Біз оларға нені салу керек, нені салмау керек екендігін айтып, бұйыра алмаймыз. Оның үстіне демократиялық, заманауи елде өмір сүріп жатқанымызды да ескерген жөн. Қазір біздің суретшілерде еркіндік бар, шектеу жоқ. Ал, олардың туындылары мемлекеттік музейлерге қойылатын болса, қандай талаптарға жауап беретіндігі белгілі. Идеясы, мазмұны, сапасы барлығы сыннан өтуі тиіс.
Фото: np.kz