Анонс


«Мәңгілік Аспан астында» фильмінің тұсаукесері өтті

Жұма, 05 Ақпан 2016 18:31
«Мәңгілік Аспан астында» фильмінің тұсаукесері өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған Бақыт Қайырбековтің авторлық жобасы «Мәңгілік Аспан астында» атты 10 сериялы ғылыми-танымдық деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ақпараттық-имидждік қызметі.  

Фильмнің тұсаукесеріне келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа жоба жөнінде өз пікірін білдірді.

«Ғылымда жалпы көшпенділер жайлы, сақтардың, ғұндардың, түрік қағанатының қайдан шыққандығы және олардың кім болғандығы жөнінде алуан түрлі пікірлер бар. Ал бүгінгі тарихи жобада көшпенділер әлемдік өркениетке орталықтандырылған мемлекеттің жаңа түрін алып келгендігі туралы ой ашық айтылған» – деді А.Мұхамедиұлы.

Фильмді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының тапсырысы бойынша «Мерген» студиясы түсірген. Бұл бірегей жоба Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабы негізінде Қазақ хандығының 550-жылдық мерейтойына арнайы даярланды.

Деректі фильмде көшпенділердің жалпы дүниетанымы, шаруашылығы, өмірге деген көзқарасы және ең негізгісі, ел басқару мәдениетінің адамзат тарихындағы орынына маңыз берген. Қазақ халқының өміртанымы мен жыл бас Наурызды қарсы алудағы салт-дәстүрі, таным-түсінігі жөніндегі ғылыми пікірлер фильм тілімен жандана түскен.  «Аспанның мәңгілік назарында» елдің басты тарихи оқиғалары – Ұлы Жібек жолы, Керей мен Жәнібек хандардың 1465 жылдан бастап билік құрған, яғни Қазақ хандығының негізі қаланған кезең, моңғол шапқыншылығы мен әлемдік геосаяси тұрғыдағы қайта бөлісу, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы, ұлттық бірліктің жаңа символына айналған – елорда Астана және заманауи мемлекеттің негізін қалауға баға жетпес үлес қосқан – ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи тұлғасы айқындалған.

Фильмнің әр сериалы өз алдына туынды болып табылады, онда көшпелі халықтардың ежелгі заманнан бергі дүниетанымы жайлы, әлемдік өркениет пен «мәдениеттер байланысы» жетістіктер мен жаңалықтар, жабайы жылқыны қолға үйрету мен алғашқы металлургиялық пештердің пайда болуы, үзеңгі мен оттың және өзге де әлемдік өркениеттің құндылығы болып табылатын ноу-хауларды аша түседі.

Сериал тек тарихи емес, сонымен бірге қазақ халқының ұлы мұрасы саналатын мифологияға, фольклор мен этнографияға негізделген философиялық, дүниетанымдық болып есептеледі.

Фильмнің тұсаукесеріне өнер мен мәдениет өкілдері, қоғам қайраткерлері, дін өкілдері қатысты. Сонымен қатар фильм жөнінде сарапшылар жоғары баға берді.

 

 

Инстаграм: @kazmuseum.kz 

2696 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper