Анонс


Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер Ұлттық музейге тапсырылды (ФОТО) Таңдаулы

Бейсенбі, 18 Ақпан 2016 17:57
Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер Ұлттық музейге тапсырылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерді Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне табыс етті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Археологиялық жәдігерлерді тапсыру шарасына Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Карл Байпақов қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай археологиялық ескерткіштердің құндылықтарына тоқтала келе, бұл жәдігерлердің барлығы да ұлт тарихының дамуына есепсіз үлес қосатынын айтты.

«Осы уақытқа дейін үш қалада өткізген акциямыздың нәтижесінде 1305 тарихи экспонат жинастырдық. Бұл - жеке адамдардың Ұлттық музейге тарту еткен дүниелері. Енді оның бәрін ғылыми айналымға енгізу жолында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осындай шараға Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты да өз үлесін қосып отыр. Музейдің қорына өте құнды жәдігерлерді табыстап отырған Карл Байпақов, Андрей Хазбулатов сынды ғалымдар өзгелерге де үлгі болса дейміз» – деді Д.Мыңбай.

Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Карл Байпақов жәдігерлердің ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Расында да бұл жәдігерлердің барлығы да өте құнды дүниелер болып табылады. Бұл біздің көп жылдық еңбектеріміздің нәтижесі. Сол себепті көпшіліктің назарына шын ықыласымызбен ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта осы музейде Отырар қалашығының алып қабырғасының макетін таныстырамын. Ол қабырғаның тарихи маңызы өз алдына бөлек әңгіме», – деді К. Байпақов.

Құлан және Отырар қалашықтарынан табылған құнды жәдігерлердің арасында суармалы өрнектелген тостаған, су тасуға арналған құмыралар, керамикалық шамшырақ, диірмен тас, қанжар, асықтар мен моншақтар бар. Олардың көбісі ХIII-ХVI ғасыр аралығындағы уақытқа тән дүниелер. 

Ұлттық музей қорына тапсырылған археологиялық ескерткіштер көп ұзамай экспозициялық залдарға қойылып, музей қонақтарының назарына ұсынылады. 

Іс-шарадан кейін Карл Байпақов қонақтар назарына «Жібек жолының ескерткіштері: Тянь-Шань дәлізі» тақырыбында дәріс оқыды.

 

Инстаграм: @kazmuseum.kz

 

5336 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper