Анонс


Жәнібек ханның дулығасы АҚШ-тағы «Метрополитен» өнер музейінде сақтаулы

Сәрсенбі, 17 Маусым 2015 19:27
Жәнібек ханның дулығасы АҚШ-тағы «Метрополитен» өнер музейінде сақтаулы KAZMUSEUM.KZ -  

Атақты Жәнібек ханның дулығасы АҚШ-тағы "Метрополитен" өнер музейінде сақтаулы тұр. Бұл туралы  «Қазақ хандығына 550 жыл» атты өңіраралық музей фестивалі шеңберінде өткен «Музей раритеттеріндегі Қазақ хандығының тарихы» ғылыми-практикалық конференциясында Новосібір мемлекеттік университетінің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров баяндама жасап, жаңалық ашты, деп жазады ҚазАқпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, АҚШ ғалымдары бұл дулыға Алтын Орда ханы Жәнібек ханға тиесілі болуы мүмкін деген болжам жасаған. Оған дулығаның төменгі жағында араб әріптерімен жазылған жазу айқын дәлел.

"Американдық ғалымдар бұл дулыға кезінде Алтын Ордада билік құрған Жәнібек ханға тиесілі болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Дулығаны кезінде еуропа саяхатшылары Тибет жерінен алып кеткен көрінеді. Содан бері ұзақ уақыт жеке меншік коллекциялардың бірінде сақталған. Кейін АҚШ-тың атақты коллеционерінің бірі сатып алған көрінеді.  Ал, 2007 жылы  Нью-Йорк қаласындағы "Метрополитен" өнер музейіне тапсырылған.

Дулыға темірден жасалған, биіктігі 20-23 сантиметр, диаметрі 22 сантиметр, үстіңгі жағы үшкір қырлы болып келеді, ал, төменгі жағында араб әріптерімен ойылып, күміспен көмкеріліп "Жеңімпаз сұлтан Махмұд Жәнібек хан" деп жазылған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл дулығаны сол замандағы кавказ және иран шеберлерінің жасауы мүмкін...

...Ал, бұл дулыға Тибет жеріне қайдан барды дейтінге келсек, 17-ғасыр соңы мен 18 ғасырдың бірінші жартысында оңтүстік шығыс Қазақстан аумағына Батыс Моңғолия жерінде мекендеген ойраттар мен жоңғарлардың жиі шабуыл жасап тұрғаны тарихта белгілі.  Сондай сәттердің бірінде олар бұл дулығаны қолға түсіріп, өздерінің діни көсемдері Далай Ламаға сыйға тартуы мүмкін.

Сондықтан, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы "Метрополитен" өнер музейінде сақталған 14-17 ғасырларға жататын темірден жасалынған әскери бас киім "Жеңімпаз сұлтан Махмұд Жәнібек ханның дулығасы" деп айтуға толық негіз бар", - дейді Леонид Бобров.

Еске сала кетсек, аталған дулыға Қазақстанда табылған 84 дулығаның ішінде тарихи құндылығы жағынан алғашқы бестікке кіреді.

 
3129 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper