Анонс


Прага қаласында Алматы музейінің «Уақыт керуені» көрмесі ашылды

Сейсенбі, 13 Тамыз 2024 22:19
Прага қаласында Алматы музейінің «Уақыт керуені» көрмесі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Прага қаласы музейінде Алматы музейінің «Уақыт керуені» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралары тізіміне енген, ХІІІ-ХІV ғғ. бой көтерген ғимаратта ұйымдастырылған көрменің ашылуы салтанатты жағдайда өтті.  

Ашылуында Қазақстанның Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Алматы қаласы мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Асия Ақанова, Прага қаласы музейінің басшысы Иво Мацек, Алматы  қаласы мәслихаты депутаты Салтанат Серікова, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің  директоры Ләззат Сағындықова сөз сөйледі.  

Сонымен қатар  Жапония, Корея, Катар, Ресей, Түркия мен Малайзия корольдігі және  басқа да 20-дан астам  мемлекеттің елшіліктерінің өкілдері қатысты.  

Прага қаласы музейінің директоры Иво Мацек көрменің екі ел арасындағы мәдени байланысқа ықпалы зор екенін атап өтті.  

«Бүгінгі іс-шараға қатысу және сіздердің барлығыңызды көру – мен үшін үлкен мәртебе. Өйткені біз бүгін қазақ елінің ұлттық мұрасымен танысып қана қоймай, сонымен қатар осы көрме екі үлкен қала – Прага мен Алматының музейлері арасындағы дамып келе жатқан серіктестікке ықпал етіп отыр. Осы көрме біздің келушілерге Орталық Азияның сұлулығын сезінуге мүмкіндік береді. Мен екі музей мен екі ел арасында берік қарым-қатынас одан әрі дами түседі деген үміттенемін», - деді И.Мацек.

Бұл көрме екі музей арасындағы ынтымақтастық негізінде Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстанның Чех Республикасындағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Көрме 31 тамызға дейін жалғасады.

497 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper