Көрменің ашылу салтанатында Әзербайжан ұлттық кілем музейінің директоры Ширин Меликова және Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Дәуренұлы, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілі Джавит Жалел мен ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова сөз сөйлеп, көпшілікті көрменің ашылуымен құттықтады.
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Дәуренұлы
Әзербайжан Ұлттық кілем музейінің директоры Ширин Меликова
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының өкілі Джавит Жалел
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова
Көрме ҚР Мемлекеттік орталық музейінің этнографиялық коллекциясы негізінде ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, көрме экспозициясында киіз үй кеңістігінің дәстүрлі түрде бөлінуіне сәйкес ораналастырылған үй жабдықтары, тұрмыстық заттар, киім, ат әбзелдері қойылған. Тоқыма және киіз бұйымдарының үлгілері де көрменің мазмұнын толықтырды.
«Өрнекпен өрілген өнер» көрмесінде ұсынылған сан алуан ұлттық бұйымдар қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір салтында қалыптасқан дүниетанымын, көшпелі өмір салты негізінде қалыптасқан бай дәстүрі мен мәдениетін ұлттық ою-өрнек символы мен семантикасын көрсетеді.
Көрмеде көркемдік және тарихи мәні жоғары, текстурасы, жасалу техникасымен және көркем ою-өрнек түрлерімен ерекшеленетін, дәстүрлі тоқыма өнерін айқын сипаттайтын қазақ кілемдері, сондай-ақ шағын пішінді кілем бұйымдары ерекше орын алды. Аталмыш бұйымдардың даярлау техникасы, композиция мен безендірілуі әр алуан, сондай-ақ, жалпы қазақ дәстүрлі өнерінің көптеген түрлерін ашып көрсететін ою-өрнектерге ерекше мән берілген.