Анонс


«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі Семейдегі облыстық музейде көрме өткізеді

Сейсенбі, 16 Мамыр 2017 04:57
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі Семейдегі облыстық музейде көрме өткізеді KAZMUSEUM.KZ -  

Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2017 жылғы 24 мамыр күні «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала елінің рухани астанасы» көрмесі өтеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Түркістан Түркі әлемінің мәдени астанасы болуына орай еліміздің Семей, Астана, Ақтау, Орал қалалары мен ОҚО, Сарыағаш, Мақтарал аудандарында тақырыптық көшпелі көрмелер өтеді.

Көрменің бірінші бөлімінде Шауғар-Шөйтөбе, Қаратөбе-Сауран, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған тас дәуір, қола дәуір ескерткіштері, ортағасырда кең етек жайған керамикадан құйылған құман-құмыра, ыдыстар, ХVІІ- ХVІІІ ғғ. Түркістанда соғылған тиындар, ХVІІІ-ХІХ ғғ. тән күмістен күптелген әшекей бұйымдар, этнографиялық материалдар қамтылады.

Көрменің екінші бөлімінде әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына   арналады. Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба нұсқасы, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Бустан ул-михиббин», «Насабнама» шежіресі, ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кесене кірпіштері,  аспалы, айдаһар басты шырағдандары, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есігі, ХІХ ғасырда Түркістан болған орыс саяхатшысы А.Кунның альбомынан бірегей фотосуреттер экспозициядан орын тебеді. 

Көрменің үшінші бөлімі Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар жайында болмақ.

Киелі шаһарда  Қазақтың атақты Жәңгір, Тәуке, Болат, Тұрсын, Сәмеке, Қайып, Сейіт, Сығай, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Тоғай, Бөкей, Әликен сынды хандары билік құрды. Осы кезеңде алаштың игі жақсылары ұрпақтарына Түркістанға өздерін жерлеуді аманат етті. Сол кезеңнен бастап Түркістан исі қазақтың ұлттық пантеонына айналды.  Аталмыш бөлімде Түркістанда жерленген  Есім, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Барақ, Бөкей хандардың күміс жүзік бетіне түскен мөрлері, Ресей, Қытай патшалығына дипломатиялық байланыста жазған хаттары, Хан Ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, қылыш, қанжар жәдігерлері экспозицияда көрініс табады.

Қорында 25 мыңға жуық жәдігері бар еліміздегі іргелі қорық-музейдің Семей төрінде көрмені өткізудегі мақсаты — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, мұражайлар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Көрме 2017 жылдың 24 мамырынан 24 маусымына  дейін жалғасады.

9644 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper