Анонс


Қазақстан спортының тарихына арналған көрме ашылды (ФОТО)

Бейсенбі, 02 Ақпан 2017 04:14
Қазақстан спортының тарихына арналған көрме ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Алматы қаласындағы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға орайластырылған «Қазақстан спортының тарихы» атты көрменің ашылуы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Бейбітқали Қақабаев ашты.

Көрменің ашылуына келген құрметті қонақтар – грек-рим күресінің палуаны, Халықаралық спорт шебері, КСРО-ға Еңбегі сіңген спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы және Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстандағы алғашқы КСРО-ға Еңбегі сіңген спорт  жаттықтырушысы,  биология ғылымдарының кандидаты, профессор Май Хван,Қазақ КСР-іне Еңбегі сіңген спорт жаттықтырушысы, самбодан алғашқы қазақстандық халықаралық дәрежедегі  төреші, профессор, Қазақ спорт және туризм академиясы күрес кафедрасының меңгерушісі Михаил Шепетюк сөз алды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Мәдени-білім жұмысы орталығының музейлік педагогика секторы қызметкерлері Алматы қаласындағы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға арналған музей қорының коллекциясы негізінде құрылған «Қазақстан спортының тарихы» көрмесі аясында 5-7 сынып оқушыларына қазақ және орыс тілдерінде мәдени-білім беру бағдарламасын әзірледі. Мақсаты – Қазақстан спортының даму тарихымен таныстыру мен отандық спортшылардың жетістіктерін насихаттау.

Көрменің ашылуы күні №96 жалпы білім беретін мектеп және №24 физикалық-математикалық лицей оқушылары үшін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға арналған жедел-сауалнама мен «Қазақстан спортының тарихы» көрмесі экспозициясының негізінде құрастырылған 8 Зияткерлік интерактивті ойын-викторинасы жүргізілді. Жеңімпаз топтарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі атынан мадақтама және кәдесыйлар берілді. 

Көрме Универсиада өтетін уақытта және оқушылардың қысқы  демалыс   кезінде 26 наурызға дейін жұмыс істейді.

 

2572 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper