Анонс


Еңбектері шет елдердің музейлерінде сақтаулы тұрған суретші Алматыда жеке көрмесін ашты (ФОТО)

Сәрсенбі, 25 Қаңтар 2017 03:07
Еңбектері шет елдердің музейлерінде сақтаулы тұрған суретші Алматыда жеке көрмесін ашты (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі өзінің жаңа көрмелер маусымын бастайды. Осыған орай, музейде суретші, педагог, Қазақстан  Суретшілер Одағының мүшесі Мұхамбетқали Самратұлы Дүйсембаевтың «Өнер тұнып тұрған құпия»  атты мерейтойлық көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. 

Талантты суретші Мұхамбетқали Дүйсембаев 30 жылдан астам уақыт өзінің сүйікті ісімен айналысып, білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретуден еш жалыққан емес.   Шығармашылығы мен колледждегі ұстаздық жолы қылқалам шебері өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. М.Дүйсембаев осы күндері де үнемі ізденіс үстінде, ол әрдайым  колледждің тәрбие, оқу-шығармашылық процесін ұйымдастырудың жаңа түрлерін белсенді түрде іздестіру үстінде. Ол студенттерімен бірге музейдің түрлі іс-шараларына - көрмелерге, фестивальдарға, шеберлік сабақтарға және т.б. белсенді түрде қатысып келеді.

Мұхамбетқали Дүйсембаев 1966 жылы, 8 қазанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Бұхарбай ауылында дүниеге келді. 1987 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет колледжін, ал 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтын тәмамдады. Еңбек жолын Ақтөбе тоқыма фабрикасында модельер-конструктор болып бастады. Қазіргі уақытта Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде оқытушы болып жұмыс істейді. 

Мұхамбетқали – әр алуан жанрлы, көп қырлы суретші, ол мынадай әр түрлі стиль мен техникаларда: қолданбалы-өнер, гобелен, графика, кескіндеме және акварель түрлерімен  жұмыс істейді. Қазақтардың ұлттық дәстүрлі өнері мен қазіргі заман бейнеленетін жұмыстары  тақырыптары жағынан да  әр түрлі жоспарлы болып келеді. Мәселен, Қазақстан зиялылары өкілдерінің - «Тұрар Рысқұлов», «Ахмет Байтұрсынов», «Дінмұхамед Қонаев» атты портреттік гобелендер сериясы өте қызғылықты. Талантты суретшінің «Балалықты еске алу», «Көрші» атты акварельдік туындылары ауыл өміріне деген сағыныш сезіміне толы. Суретші кейбір туындыларында өмірдің бір сәттік көріністерін қағазға қапысыз, нәзік сезіммен, шынайы түсірген. Суретші туындыларынан қақпа алдында демалып отырған ер адамды, құлыншақ пен баланы, бие сауған әйелді және басқаларды көріп, сүйсінуге болады. Суретшінің экология тақырыбына  - жас ұрпақтың көз алдынан жойылып кеткен Арал трагедиясына («Уақыт трагедиясы», «Экология», «Арал» гобелендері), сонымен-қатар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын бейнелейтін «Менің Қазақстаным» атты туындылар және тағы да басқа жұмыстары ешкімді бей-жай қалдырмайды.    

М.Дүйсембаев – көптеген халықаралық, бүкілодақтық және республикалық көрмелерге   («Қызғалдақ және адам», Мәскеуде өткен«Арт Евразия» бүкілодақтық акварель көрмесі, «Кісен ашқан», «Жігер», «Күзгі маусым», колледжде өткен жеке көрмелері, «Астана-Бәйтерек», «Ұстаз және оқушы», «О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне 75 жыл» және т.б.) қатысқан. Мұхамбетқали Дүйсембаев - «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының Құрмет Грамотасымен  және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Суретші туындылары Қазақстанның, алыс және жақын шет елдердің музейлері мен жеке коллекцияларда сақтаулы. 

Мерейтойлық көрмеде бейнелеу өнерінің хас шебері көрермендер назарына өзінің бүкіл шығармашылық қызметінде туған, жеке коллекциясынан алынған 70-тен астам жұмыстарын ұсынды. 

 Көрме 2017 жылдың 5 ақпанына дейін жалғасады. 

2536 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper