Анонс


Абай музейі: Әйгерімнің қобдишасы табылды

Бейсенбі, 03 Тамыз 2017 16:40
Абай музейі: Әйгерімнің қобдишасы табылды KAZMUSEUM.KZ -  

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі тағы да бір құнды жәдігермен толықты, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты музей әкімшілігіне сілтеме жасап.

Абай ауданының тумасы, зейнеткер А.Доланбеков Абайдың екінші әйелі Әйгерімнің қобдишасын музей қорына тапсырды. Қобдишаны кезінде Әйгерім Бәтет Әзімханқызына сыйлаған. Сыйлықтың иесі Бәтет – руы Жігітек, Бөжей ұрпағы.

Айдар Кенжетілеуұлының айтуы бойынша, Бәтет Әзімханқызы Ырғызбай ауылына келін болып түседі. Бұрынғының салты бойынша, ағайын-туыс кезектесіп, есік көрсету үшін жас келінді қонаққа шақырып отырған. Сонда Әйгерім келін болып түскен Бәтетті өз үйінен дәм татырып, соңында осы қобдишаны сыйға тартқан. Онысы – «қуыс үйден құр шықпасын», игілікке бастаған ырым болсын дегені.

А.Кенжетілеуұлының анасы Ақлия – Бәтет Әзімханқызының туған сіңілісі. 1967 жылы Бәтет апамыз қобдишаны А.Кенжетілеуұлының әйелі Бақытқа берген. Міне, осылайша, А.Кенжетілеуұлы Әйгерім сыйға тартқан қобдишаны енді музей қорына тапсырды.

Көненің көзі болған қобдиша, арнайы қалпына келтіру жұмыстарынан кейін, музей экспозициясына қойылып, көрермен назарына ұсынылады. 

4761 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper