Айтайын дегенiм – осы мақаланың iшiне берiлген Жәңгiр хан мен оның әйелi Фатима ханымның фотосуретi туралы. Автор “Бұл фотосурет жазушы Тiлекқабыл Боранғалиұлының “Жәңгiр хан” атты кiтабынан алынды” деп ескертедi. Демек, Т.Боранғалиұлы өз оқырмандарына Жәңгiр хан мен Фатима ханымның фотосуретiн емес, басқалардың фотосуретiн ұсынған. Өйткенi бұл суреттегi адам мен оның жұбайы – Жәңгiр хан да, Фатима ханым да емес. Жалпы, Жәңгiр ханның да, Фатима ханымның да фотосуретi бар. Оны сұрастырып зерттесе, табуға әбден болады.
Ал ендi Ұлдай Ибадуллаеваның мақаласындағы (сондай-ақ Т.Боранғалиұлының “Жәңгiр хан” атты кiтабындағы) фотосурет кiмдердiкi? Бұл фотосуреттiң тұпнұсқасы алғаш рет 1990 жылы Ә.Қастеев атындағы музейде өткен көрмеге қойылды. Бұл көрменi Ленинградтың (қазiргi Санкт-Петербордың) этнографиялық музейi ұйымдастырған едi. Бұл суреттегi қазақ – Бөкей ордасындағы көп сұлтандардың бiрi. Қасындағы – әйелi. Аты-жөнiн ұмытып қалдым. Ал ендi олардың аты-жөндерiн нақтылауға (нақтылау үшiн жүрiп-тұруың керек) менiң денсаулығым көтермейдi. Бұл фотосурет Астраханда түсiрiлген. Егер жаңылспасам, 1872 жылы түсiрiлген болуы керек. Ал Жәңгiр хан генерал-майор шенiн 1841 жылы алған (фотосуреттегi адамның генерал-майор шенiнде емес екенi әскери формасынан-ақ байқалып тұр емес пе?!).
Тағы қайталап айтам, Жәңгiр ханның да, оның әйелi Фатима ханымның да фотосуреттерi бар. Оны тек iздей бiлу керек.
Марат Әбдешев,
музейтанушы,
бейнетанушы.