Анонс


Қазақстандықтар ҚР Ұлттық музейіне 3D саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды

Сәрсенбі, 15 Қазан 2014 23:03

Бүгін «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және БАҚ: өзара ықпалдастық жолдары» дөңгелек үстелі аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің astanamuseum.kz сайты мен 3-D турының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің PR-менеджері Әсия Күзембаева: «Енді халық үйінде отырып-ақ біздің музейге 3-D тур арқылы саяхат жасай алады. Мұнда 70-ке жуық нүкте арқылы алты бағытта музейді жан-жақты қарап, кейбір жәдігерлерді жақындатып қарау мүмкіндігі қарастырылған. Бүгін назарларыңызға ұсынып отырған ресми сайтымызға қосылған бұл қосымша арқылы біз музей жұмысының халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет етуге талпынып жатырмыз. 3-D тур қаншалықты жақсы дүние болғанымен тарихи құнды дүниелерді музейге келіп, көзіңмен көргенге ешнәрсе жетпейтін шығар...» деп атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі музей. Музей «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған. Музей дүниежүзілік стандарттарға сәйкес жабдықтармен жарақтандырылған, экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: екі залға жұмыс істейтін арнайы контенті бар бірегей иілген экран, медиа еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, толып жатқан медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарық LED-техника, сенсорлық дүңгіршектер, үш тілде ақпарат беретін мультимедиялық жолсерік пайдаланылады.

6049 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper