Анонс


Алматыдағы музейге отбасылық фотосуретпен тегін кіруге болады

Сейсенбі, 05 Қыркүйек 2017 11:40
Алматыдағы музейге отбасылық фотосуретпен тегін кіруге болады KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2017 жылғы 9 қыркүйек күні сағ.15.00-де «Отбасы күніне» орайластырылған «Отбасымен музейге!» фестивалін өткізеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.   

«Отбасымен музейге!» фестивалі - отбасымен музейге келуді ұйымдастыруға бағытталған және отбасылық құндылықтарды сақтау мен жас ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие беруді көздейтін жаңа музейлік мәдени-білім беру бағдарламасы. Отбасылардың бірнеше буындардан құралатынын ескерсек, бұл жоба балалар, ата-аналар және әжелер мен аталарды біріктіреді. Іс-шара дәстүрлі және жаңашыл мәдени-білім беру жұмысының түрлі формаларын байланыстырады.

Музейлік мерекенің білім беру бағдарламасы еліміздің тарихы және мәдениетімен таныстыратын, сонымен бірге музей, музейлік педагогтар мен келушілер арасындағы тығыз қарым-қатынасты қалыптастыратын тарихи квесттер, викториналар, байқаулар, шеберлік сабақтары, тақырыптық сабақтар мен экскурсиялардан тұрады. «Отбасымен музейге!» фестиваліне  білім беру мекемелері, суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, балаларға арналған дамыту орталықтары мен изостудиялар, шығармашылық және музыкалық ұжымдар қатысады.

Фестиваль аясында орын алатын айтулы оқиға ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорындағы сирек фотосуреттер негізінде құрылған «ОТБАСЫ. ТҰРМЫС. ҚҰНДЫЛЫҚТАР» көрмесінің ашылуы болмақ. Қазақ этнографиясына қатысты бұл бірегей фотосуреттер ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы қазақ отбасыларының тұрмыс-тіршілігін бейнелеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық құндылықтарды, қауымның дәстүрлі тыныс-тіршілігін сипаттайтын әлеуметтік маңызы зор музейлік экспонаттар деуге толық негіз бар.

 Алматы қаласында орналасқан көркемөнер мектептері, балалар изостудияларының қатысуымен өтетін «Менің қаламның келешегі – менің отбасымның келешегі»атты балалар шығармашылығының көрмесі де осы күні ашылады. Көрмеге қойылған жұмыстарда балалар қаламыздың келешегі мен қоршаған ортаға қатысты көзқарастарын тоғыстырады.

«Отбасымен музейге!» фестивалініңаясында музейдің барлық келушілері үшінвикториналар мен байқаулар ұсынылады. Олар «Бұл не және қайда?», «Алтын ұям – отбасым» байқауы «Музей портреті», «Түп-тұқияннан өзіме шейін», «Сұр мерген», «Біз музей сүйер отбасымыз», «Дәуірлер тұңғиығынан бүгінге дейін»,  «Менің отбасымның елтаңбасы»,  «Мықты, епті, батыл!» атты викториналарды қамтиды.  

 Келушілерді қызықтыратын «Қызыл кітап беттері бойынша», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» тақырыптық сабақтары және            «Палеонтология мен археология әлеміне саяхат», «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» тарихи квесттері ұйымдастырылады.

Қазақстанның жетекші суретшілері мен қолөнер шеберлері  барлық келушілер үшін «Шебердің қолы – алтын»,  «Өз отбасыңның портретін жаса»,  «Өз зергерлік бұйымыңды жаса» және т.б.шеберлік сабақтарын өткізеді (Л.Дроздова, Т.Қожағұлов).

Дәл осы күні саяхат сүйер қауым үшін арнайы дайындалған «Қазақстан тарихының лабиринттері» паспортының көмегімен музейдің экспозициялық залдарына қызықты сапар шегіп, тапсырмалар қатарын орындап, жүлдеге ие бола алады.

Отбасылық фестивальдің бағдарламасында музей залдары бойынша тақырыптық экскурсиялар, балалар музыкалық ұжымдарының концерті, шоу-бағдарлама, сонымен бірге түрлі компаниялар өз өнімдері мен қызметтерін ұсынатын «Денсаулық және сұлулық аумағы» атты жәрмеңкесі де бар.

Мереке күні қазақ дәстүрлерін дәріптеп, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында «Бесікке салу»,  «Тұсау кесер» рәсімдері музей холлында көрсетіліп, түсіндіріледі.

Викторина, байқаулар мен квест-ойындардың қатысушылары тек көңіл көтеріп қана қоймай, дипломдар мен сыйлықтарға ие болады, сонымен бірге өз отбасылық альбомдарын музей холлында түскен фотосуреттермен толықтырады.

Фестивальге қатысу шарты: «Отбасы. Тұрмыс. Құндылықтар» көрмесін толықтыратын отбасылық фотосуретті ала келу.

«Отбасылық жәдігерді музейге сыйла!» арнайы акциясы мереке күні бастау алып, жылдың аяғына дейін жалғасады.   

 

3076 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper