Анонс


НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі халықаралық байқау өткізеді Таңдаулы

Сенбі, 17 Қыркүйек 2016 00:02
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі халықаралық байқау өткізеді KAZMUSEUM.KZ -  

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Түркістан қаласында 22-23 қыркүйек күндері 6-11 сынып оқушылары арасында халықаралық «ЯСАУИТАНУ» білім байқауын өткізеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ЮНЕСКО тарапынан 2016 жыл - «Ясауи жылы» деп жариялануына орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Халықаралық «Ясауитану» байқауын өткізгелі отыр. Ел тәуелсіздігін баянды да тұғырлы ету, халық мұрасын жадына тоқыған саналы ұрпақ қалыптастыруды көздейтін бұл байқаудың маңызы аса зор. Елдік сана мен ұлттық идеологиямызды қалыптастырудың ең тиімді де ұтымды жолы.

Биылғы сайыстың басты өзгешелігі – байқау республика көлемінде емес, халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Яғни  дәстүрлі додаға алыс-жақын шет елдерден (Қызғызстан, Түркия, Өзбекстан, т.б.) оқушылар қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, байқау ережесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, жатталатын хикметтер саны отыздан жетпіске ұлғайды. Бұдан алдын байқауға өңірлерден 8-11 сыныптар арасындағы оқушылар қатысқан болса, биылдан бастап 6-11 сынып аралығындағы оқушылары байқауға қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы тек түркі ислам өркениеті үшін ғана емес, жалпы адамзат тарихында ерекше маңызды орынға ие. Оның баға жетпес асыл мұрасы -қоғамдық сананы оятып, ұлттық дүниетанымды қайта  жаңғыртушы теңдессіз тәрбие бастауы. Ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі - келешек ұрпақ тәрбиесі болса, талай ғасырлық тарихы бар Ясауи ілімі –  ел бірлігі мен тыныштығын және  ұлттар арасында өзара сенім мен бауырмалдылықты қалыптастыра алатын бірден-бір мәдениеттің кені. Өскелең ұрпақты тал бесіктен бастап ұлттық дәстүрлі таным мен тәрбиеге баулитын Ясауидің хикмет ілімі бұл тұрғыда әлемдік мұралардың көшін бастап тұр десек артық айтпаған болар едік. Себебі, қазіргі жаһандану заманында әлемнің көптеген елдері ішкі қоғам тұрақтылығынан айрылып, ынтымақ-бірлігін сақтап қалу жағынан қауқарсыз болып отыр. Ясауи ілімінің маңыздылығы бұл жағынан алғанда ерекше.  

 Байқаудың мақсаты мен міндеттері:

 - Қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін насихаттау;

-  Өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеріп, зерттеуге ынталандыру;

-  Жас өркеннің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру;

-  Жас буынды елдік санаға баулу;

-  Ұлы баба өнегесімен шәкірттерді адамгершілікке, ізгілікке баулу;

- Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін таныту;

-  Тарихи-мәдени ескерткіштерді, жәдігерлерді насихаттау;

    Байқауға көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия,   ҚХР, РФ елдерінен оқушылар құрметті қонақ ретінде қатысады. Шетелдік қонақтар байқауға конкурстан тыс қатысады. Ұлы тұлғаның мұрасы хикметтен  үзінділер оқиды.

 

Ұйымдастырушы:

  1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі.

Байқаудың өтетін орны: Түркістан қаласы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Мәдениет орталығының үлкен мәжіліс залы.

Байқау мерзімі: 22-23 қыркүйек, сағ. 10.00.

Ұйымдастыру комитеті: Түркістан қаласы, Тәуке-хан даңғылы, 282А үй. azret-sultan@mail.ru, yasauizhyly@mail.ru

Байланыс телефоны: 8 (725 33) 3-23-00, 8 (705) 437-15-88

 

 

Фото: ҚазАқпарат 

3011 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper