Анонс


Баспаналар туралы зерттеулер

Дүйсенбі, 05 Ақпан 2024 06:00
Баспаналар туралы зерттеулер KAZMUSEUM.KZ -  

Мақалада этнография ғылымындағы зерттеу нысандарының бірі - баспана мәселесі туралы зерттеулер мен деректер қарастырылады. Бұл тұрғыда Өзбекәлі Жәнібековтің зерттеулеріндегі баспана түрлері мен олардың сыртқы бейнесінің түр-сипатын, қоныстану тәртібін зерттеу қазақтың дәстүрлі қоныстану жүйесінің өзекті мәселесі болып табылады. Осы арқылы ел тарихы да кеңінен зерттеліп, ұқсастықтары мен ерекшеліктеріне қатысты ғылыми тұжырымдардың мазмұны ашылады. Тақырыпты зерттеудің методологиялық негізі тарих, археология және архитектура ғылыми салаларының әдіс-тәсілдерін қолдануымен ерекшеленеді. Баспаналардың қалыптасу тарихы туралы ізденістерде тарихи-салыстырмалы тәсілді қолдану олардың ортақ белгілері мен ұқсастықтарын саралай отырып ғылыми айналымға ұсынылады. Сол сияқты жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерін салыстыру арқылы дәлірек қорытынды жасауға мүмкін болып отыр.

Кілт сөздер: баспана, тарих, үй, табиғи орта, адамзат, арба, шошала, зерттеу.

Адамзат баласы талай дәуірлерді бастан кешірді. Тау тасты сағалап үңгірлерде өмір сүрсе, заман ағымына қарай жертөле қазып үйшіктер жасады. Қоршаған ортадағы қажетті заттарды игілігіне пайдаланып, ағаштан аң терісінен үйшіктер жасап, өмір сүруге бейімді орта қалыптастырды. Алғашқы баспана жерге қадалған сырықтардың басын қосып буып, қаңқасы сүйір болып бітетін, сырты ағаштың қабығымен, аң терілерімен жабылатын қос немесе жерді шұқырлап қазып, ортасына төбедегі түтін шығатын тесіктің ернеуін шабақтауға ойластыра әр жерден қойылатын, бір-бірімен байланыстырған тіреуіш ашаларға ағаш бұтақтарын тастап, үстін шөп-шалаңмен жаба салатын, кіріп шығатын ойығы бар кепелер болған деген тұжырым жасауға болады. Мұндай баспаналардың түрін егістікпен айналысатын дихандар әлі күнге дейін пайдаланып келеді.

Материалдық мәдениеттің құрамдас бөлігіне айналған баспана көне дәуірлерден бері адамдардың іс-әрекетінің жемісі ретінде қоршаған ортамен өзара тығыз байланыста қарастырылып келе жатыр. Табиғат жағдайы мен географиялық бітімге ыңғайланып қалыптасқан шаруашылық халықтардың тұрмыс-салтын анықтады. Адамзат баласы табиғи ортаға бейімделу барысында жер бедерінің ыңғайына қарай баспана мен тұрғын жайларды сала бастады [1].

Ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков «Жолайрықта» еңбегінде қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде баспананы екі түрге бөліп қарастырған. Біріншісі - жылжымалы баспана көшіп қонуға ыңғайлы жиналып құрастырылады. Ол көшпелі халықтың тұрмыс тіршілігімен біте қайнасқан. Оған қос, күрке, шошала, абылайша, туырлық үй, ақ үй, отау, киіз үйді жатқызады. Екіншісі - тұрақты баспана отырықшылдыққа негізделген. Оған кепе, жеркөпе, жертөле, қақыра, қоржын үй, өлшекті жатқызады. Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған мәселе қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі жылжымалы баспаналар хақында болмақ. Яғни халық санасын өше бастаған баспаналарды қайта халық жадына сіңіру сол арқылы өскелең ұрпақ бойына баға жетпес тарихымызды қайта сіңіру кезек күттірмейтін мәселе.

Қазақ жерін мекендеген халықтың көнкөрісіне байланысты қалыптасқан баспананың бірнеше түрі бар екендігін тарихтан мәлім. Шамамен 3 мың жыл бұрын пайда болып, қаңқасы арба үстіне көбіне мығым, сирегірек жинастырып, ажыратылатындай етіп орналастырылған. Мұндай үйлер біздің бабаларымыз ғұндарда, түркілерде, көшпелі халықтарда кеңінен етек жайған. Қазақ қоғамында «Доңғалақты үй», «Үйлі арба» жайында ортағасырлық саяхатшылар мен жиһанкездердің естеліктерінде көптеп кездеседі. Гильом де Рубрук, Әбу Абдаллах Ибн Баттута, Фазаллах Ибн Рузбихани, Антони Джексон, академик П.С. Палластың «Сапарнама» еңбегінде тоқталып өткен. Жиһанкездердің еңбектеріне сүйенсек үйлі арбаларда малдың қуығынан, қарнынан тартылған терезелері, кіріп шығатын есігі, оттығы, көлеміне қарай екі, үш немесе алты тіпті одан да көп доңғалағы болғандығын жазып қалдырған.

Бату хан негізін қалаған Алтын орда мемлекетінің астанасы болған Сарайшықта болған Әбу Абдаллах Ибн Баттута: «Дөңгелекті құрылғыны олар «арба» деп атайды. Арбаның үстіне тұрғызатыны бір-біріне қайыспен байластырылған ағаштардан құрастырылған күмбез сияқты қаңқа» [1, с. 21] - деп көрсеткен.

«Олар тұратын үйлер ағаш кеспектерінен құрастырылып, бұтақтармен шабақталған, төбесіне жоғары қарай мойнын созып, ықшамдана түсетін оттықтікі сияқты дөңгелек түтігі бар арба үстіне орналастырады да, үнемі аппақ болып жарқырап тұруы үшін жүнге әк, ақ топырақ, сүйек үгіндісін қосып басқан ақ киізбен қапталады екен» [2, с. 91]. Мұндай үйлердің көлемінде қарай жиырма тіпті одан астам өгіздер жегілетін болған.

ХVІ ғасырдағы парсы деректерінің бірінде зәулім биік ғимараттай болып көрінген қазақтың доңғалақты үйлері жайында мынадай мағлұматтар кездеседі: «мұндай үйлер ағаштан тұрғызылған, қаңқасы сарайдікі сияқты көтеріңкі және мейлінше кең. Ақ қайыңнан құрастырылған қабырғалары мінсіз, өте сәнді, киізбен сирек кездесетін түстерге боялған қой терілерімен қапталған. Осындай үйлерде қазақтың сұлтандары мен ақсүйектері тұрады. Құрылымы ерекше үйлестірілген доңғалақты үйде жиырма адамның жатып-тұруына болады екен. Мұндай үйлерді қосарлап жегілген көп түйе тартады. Үйлер зәулім, биік және сыйымды, тұс-тұсынан ашпалы көздері бар терезе ойықтары берілген. Сырты киізбен жабылған. Ішкі жиһаздары әмірлер мен сұлтандардың сарайларындағыдай мейлінше әсем және үйлесімді» [1, с. 21] - деген.

Қос ат жегілетін жеңіл күйме көбіне бойжеткен қызға, жас жұбайларға, бәйбішеге тек көліктің ғана емес, жол үйдің де қызметін атқарған. Мұндай жеңіл құрылғыны соғыс кезінде шапшаң қимылдап, ұрыс әрекеттеріне жедел басшылық ететін қолбасшылар да пайдаланған болуы ықтимал.

Қазіргі уақытта хандар мен сұлтандар мекен еткен доңғалақты үйді отандық музейлердің экспозициясынан кездестіре алмайсың. Дейтұрғанмен доңғалақты үйді музей ісінде пайдалану кезек күттірмейтін мәселе. Доңғалақты үйдің көшірмесін дайындап, музей экспозициясында мейлінше пайдалансақ, қазақ халқынының мол тарихының жаңа парақ беті ашылары сөзсіз.

Қазаққа тән тұрақты мекен-жайдың ең көне нұсқасының бірі шошала деп аталады. Бұл қазақ халқының көне баспаналарының бірі. Құрылымы аңшы қосына ұқсас. Оны тұрғызу үшін іргетасын дөңгелек етіп қаластырып, үстіне 10–15 сырықтан түзілетін сүйір құрылғы орнатады да, ағаш бұтақтармен шабақтап, киізбен бекітеді немесе қамыспен жауып, лаймен сылайды. Төбесін көтеріп тұратын ортаңғы бөлігі жуан сырғауылдан немесе жіңішке дөңбектен төрт бұрыш етіп құрастырылады да, аяқ (төменгі) тұсы жерге көміліп орнатылады. Үстіне киіз үй шаңырағына ұқсатып конус тәрізді шатыр орнатады. Қабырғасын шым, қамыс, қамкесек, қыш, тақтатас, қойтас, саманнан қалаған. Ерте кездері төбесі ашық қалдырылып, одан ошақ түтіні шыққан. Сондай-ақ шошаланың қырлы пішінді түрі де болған. Төбесінен түтін шығатын шаңырағы бар шошала түрі шарбақ шошала деп аталған. Шошаланың пошымы киіз үйге ұқсас, төбе жабыны уыққа келеді. Баспана түрі жетілдірілген кезде шошала шаруашылық мақсаттарға (асхана, қойма, отынхана, т.б.) пайдаланылған. Шошалаға ұқсас баспаналар энеолиттік Ботай мәдениетін қалдырған тайпаларда кеңінен таралғандығын археологиялық деректер де дәлелдейді. Мұның өзі шошаланың бірнеше мыңжылдық тарихы бар екендігін айғақтайды [3, 544-б.]. Шошаланың мұндай түрін сыр бойын мекендеген халық тұрмыс тіршілігінде көбірек пайдаланған. ХХ ғасырдың басында фотошежіреші А.С. Меликовтың мұрағатынан алынған төмендегі фото шошалының көрнісінен хабардар береді. Қазақстанның көп жерінде ХVІІІ ғасырдың аяғында тұрақты қыстақ үйлер пайда бола бастаса, ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының тұрақты қыстақтарда тұруы бұқаралық сипат алды.

Көшіп қонуға ыңғайлы баспаналардың бірі - Абылайша, кейбір деректерде Абылайқос, Абылайдың қара қосы деп аталады. Бұл жаугершілік заманда әскери жорықта, үдере көшкенде пайдаланылатын уақытша баспана түрі. [4, 51-б.].

Абылайша құрылымдық жағынан шаншыма қосқа өте жақын: сырықтары қара қостағыдай байланыстырылмай кішігірім шаңыраққа кигізіледі, керегесі болмайды, ал пошымы киіз үйге ұқсас, киіз жабыны түндік пен үзіктен тұрады, туырлығы болмайды, киіз есігі бар. Шаңырақтың тоғынында сырықты өткізетін қаламдық тесігі қиғаштау тесіледі. Жерге шаншылатын түзу уықтарында иіні жоқ, әрі ұшына қарай сыптығыр (жіңішкелеу), әрі ұшталған қаламы бар, ал жерге шаншылатын жағы жуантық келеді. Шаншыма қостан айырмашылығы уық орнында жүретін сырықтары ұзын болғандықтан еңсесі биік, шаңырақ тоғынының шеңбері үлкенірек болғандықтан көлемі де үлкен болып келеді.

Көпшілік жұрт қостың бұл түрінің пайда болуын жоңғарларға қарсы бүкіл халықтың қозғалысқа басшылық жасап, талай шайқастарда көзсіз ерлік көрсеткен Абылай ханның есімімен байланыстырады. Дейтұрғанмен, абылайшаның құрылымына қарап,қостың қазақтан басқа да халықтардағы нұсқаларымен салыстыра отырып, өте ерте заманнан келе жатқан, бәрімізге белгілі киіз үйдің өзін де белгілі бір деңгейде жетілдіре түсуге ықпал еткен баспана үлгісі деп тұжырымдауға болады.

Абылайша баспанасын кейбір деректерде жортуыл деп те атайды. Жортауылға жорық кезінде сардарлар тұрған. Қазақ тарихының сынға түскен кезеңінде шешуші міндет атқарған қостың бұл түрі кейінгі кезеңде ерекше құрметке ие болған, ел қамы үшін қызмет етіп, қарекет етіп жүрген жандар тұтынуы оған қатысты өзіндік норманы қалыптастырған. Яғни мұнан кейінгі уақыттарда кез келген жолаушы иен далада қос кезіксе «Абылай тіккен қара қос, Абылайдың қосын аттамайық», - деп, міндетті түрде бұрылып ат басын тіреп, сәлем беріп, ас-суынан ауыз тиіп, өзінің алып жүрген қоржынындағы жол азығынан сыбаға қалдырып кететін дәстүр болған. XX ғасырдың ортасынан бастап Абылайшаның да, шаншыма қостың да маңызы азая бастады. Дегенмен, мал шаруашылығының экстенсивті түрімен шұғылданатын қазақтар арасында ішінара бұл баспана түрі сақталған.

Халқымызда киізбен жабылатын баспананың алғашқы түрлерінің бірі – қос. Сырты жонылып, тәртіпке келтірілген, ұштарында басын қосып байланыстыратын қайыс, жіп өткізетін арнайы тесіктері бар. Екі, үш метрдей сырықтардан құрастырылады. Сырықтары іштен дем тартатын түтікпен қоса байланыстырып орнынан тұрғызғаннан кейін, араларын ашып жерге тіреп, екі турылықпен немесе арнайы пішілген үзікпен жауып, ірге жағын бел арқанмен бастырады. Баспаның бұл түрі көшіп-қонуға өте ыңғайлы болған. [5, 28-б.].

Қосты көбінше сиыр, жылқы малын қысқы қоныстан көктеуге екі-үш күндік өріске шығарып бағатын малшылар үшін уақытша баспана түрі. Көшпелі ауылдың құрамында киіз үйге қосалқы ретінде қазан-ошақ, ыдыс-аяқ, астық сақтайтын баспана ретінде де пайдаланған.

Күрке – қостың даму барысында оның қаңқасында кереге мен уықтың пайда болу үрдісін аңғартатын, көшіп-қонуға бейімделген тұрғын жайдың ең көне нұсқаларының бірі [6, 199-б.]. Үш қанат керегененің әр жерінен көтерілетін, құрылғыға мінсіз күмбез сұлбасын бере қоймайтын тіке уықтардың басын қабыстыру жолымен құрастырылатын болған. Күрке киізбен немесе терімен жабылған. Керегесі шимен қоршатылатын күркелер де болғанын ескі фотолардан кезіктіруге болады. Күрке соңғы 60–70 жылда тұрмыстан шығып қалғандықтан, ел арасында кездесе қоймайды. Халық этнографиясын келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында облыстық не болмаса республикалық музей экспозициясында ұмыт болып бара жатқан күркелерді де таныту кезек күттірмейтін мәселе. Бұл ұлы дала елінің жойылып бара жатқан дәстүрінен сыр шертетіндіктен оның жаңғыртпа нұсқалары музей экспозициясында айқын көрініс табуы қажет. Мәселен, Санкт-Петербургтағы Ресей этнографиялық музейінің «Сібір халықтары бөлімі» экспозициясында, саха, тува халықтарының тұрмыс-тіршілігі, оның баспаналары, тұтынған заттары келушілерге ерекше әсер етеді. Осы секілді қазақ халқының да баспана түрлері музейде көрініс тапса, жас ұрпаққа үлкен өнегелі іс болары сөзсіз.

Көшпелі халықтың бар байлығы – малды жайып бағатын кеңістікке байланысты болғандықтан біздегі маусымдық жайылым атам заманнан бастап қалыптасқан. Жаздық, күздік жайылымдарға ығысып, көшіп-қонып жүрген кезде қазақтың екі-үш күннен артық бөгеле тұруға болмайтын, құдығының суы аз, жайылымы мардымсыз жерлерге тоқтағанда тігілетін баспананың түрі күркеге ұқсас турылық деп аталған [5, 32-б.]. Туырлық үй – негізінен төр қанатты, уықтары кішігірім шаңыраққа қадалатын, тек турылықтарымен жабылатын жолама, жол үйдің нұсқасы. Бақташылар қоныс кезінде екі керегенің басын қабыстыра, жалғыз турылықпен жаба салатын немесе үш сырықтың басын қосып тігеді. Турылық көшіп қонуға ыңғайлы жиналмалығы жағынан ыңғайлы болғандықтан көшпелі қазақ қоғамында турылықтың орны ерекше болған.

Береке-бірлік пен молшылыққа баланған «қазақтың киіз үйі» деген жалпылама атауға ие баспананың түрі – ақ үй. Бұл баспананың ақ үй деп аталыну себебі, киізі ақ түспен боялып, кереге сыртына жабылады. Ақ үй жылжымалы тұрғын жайдың көп тараған және мейлінше жетілдірілген нұсқасы. Құрылымы әр түрлілігімен ерекшеленеді. Төрт турылықпен, екі үзікпен, түндікпен жабылады. Баспананың бұл түрін әлі күнге дейін тұрмыс-тіршілігімізде пайдаланып жүрміз.

Ғылыми зерттеулерде киіз үйдің пайда болуы туралы әртүрлі пайымдаулар айтылады. Қазіргі киіз үйдің алғашқы нұсқалары мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Кейбір деректерде киіз үй үлгілері біздің дәуірімізге дейінгі 3–4 мыңжылдықта, тас дәуірі мен қола дәуірі аралығында пайда болған деп жорамалданады.

Киіз үйдің қазіргі прототипі, С.И. Вайнштейннің пікірі бойынша, б.з.д. 1 мыңжылдықтың ортасында дүниеге келген. Ол өзінің құрылымдық жағынан бұрынғы ғұндардың жылжымалы баспанасымен байланысты қалыптасқан көне түркі типіндегі киіз үйлер болған.

Киіз үйдің қалыптасуына әсер еткен ең алғашқы жылжымалы баспаналар қазіргікүрке, қос, итарқа, лашық, шайладеп аталып жүрген уақытша тігілетін қарапайым «үйлер» болған.

Қазақтың киіз үйі арғы-бергі замандағы саяхатшылар мен зерттеушілердің назарын аударғандығы белгілі. ХІХ ғасырдағы қазақ киіз үйі мен оныңкереге, шаңырақ, уықтәрізді бөлшектерін, олардың ерекшеліктерін В.В. Радлов айрықша атап өтеді. Зерттеуішінің айтуынша, қазақтардың киіз үйлері кейбір халықтардың үйлеріне қарағанда тазалығымен, үлкендігінен ерекшеленеді [7, 93-б.]. Киiз үй – Жер шарының жарты моделi іспеттес. Себебі бұл дүниедегі барлық нәрсе шар тәрізді, ғалам да. Ал киіз үй – адам өмірінің бұл жақтағы да жартысы. Жаратылыстың мызғымас заңының негізі – бар нәрсе шар тәрізді ұсақ бөлшектерден тұратын болса, бар тіршілік негізі – шар тәрізді форма болатын болса, киіз үй шардың жартысы, сол форманың бірінші бөлігі.

Қазақ мәдениетін зерттеуші С. Руденко жылжымалы киіз үйі хақында «қазақтың киіз үйі құрылымдық жағынан осы уақытқа дейін көшпелі халықтардың бірде-біреуі асып түсе алмаған, жылжымалы баспананың ең жетілдірілген түрі болып табылады» [8, с. 29] – деп атап көрсеткен.

Ақүйдің өзімен қатар тігілетін қосалқысы қарүй (Қараша). Көбінше асхана ретінде пайдаланған. Қарүйдің ақүймен салыстырғанда көлемі кішілеу, төрт қанатты, уықтары қысқа, тікелеу болғандықтан бойы аласалау келеді. Көбіне қоңыр түсті киізбен жабылғандықтан қараүй, қараша деп те атаған. Қарүй сөзінің шығу төркіні қараүйден шықса керек-ті. Қазақтың киіз үйі – қазақ баласы үшін адамгершілік ұясы, қасиет тұтар ордасы. Ол әр қазақ баласы үшін тәуелсіздігі мен бостандығының, байлығы мен барлығының, рухани кісілігі мен қоғам алдындағы міндеттілігінің символы.

Халқымызда «отау үй» деген ұғым бар. Әдетте бұл үйдің иесі кенже бала болса, осылай атаған. Бұлай атауының да сыры тегін емес. Қазақ басқалары өсіп-өніп кеткеннен кейін өзі қолына қарайтын кенже баланың тілеуін көбірек тілеп, соның болашағына алаңдап, қас-қабағын да бағып отырады. Содан кейін де үлкен кісілер отырған үйге келіп сәлем берушілер де көп болған, кісі аяғы үзілмеген. Бұдан кейін басқа үйдегі балалар да «отау үйде не болып жатыр екен?» деп алаңдап отыратын болған. Оның өзгеден оқшауланып, отау үй аталуы да содан болар деп топшылаймыз.

Қазақ киіз үйінің шоқтығынан саналатын, құрастырылып-ажыратылатын баспананың түрі орда деп аталады. Ел билеген хандар мен сұлтандар, салтанатты рәсімдер өткізуге, елшілер қабылдауға негізделіп жасалған. Орданың ішкі көрінісі мейлінше аса бай көркемделіп, бау, басқұр, кілем, алашаларға түскен ою-өрнектер аса талғаммен жасалынған. Ал Орда атауы қайдан шықты деген сауалға тоқталсақ, орда – түркі және көшпелі халықтардың мекен тұрағы. Ортағасырда орда термині негізінен көшпелі тайпалардың мемлекеттері мен одақтарының атауы ретінде қолданылған. Мәселен, төл тарихымызда Алтын Орда, Көк Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасын атап өтуге болады.

ХVІІІ–ХІХ ғғ. орыс ғалымдарының еңбектерінде қазақ қоғамындағы жүздерді орда деп те атағандығын кездестіруге болады. Сонымен бірге, ХІІІ–ХV ғғ. Қазақстан териториясында болған Орда-Базар атауы да кездеседі. Кейбір деректерде Орда-Базар Алтын Орданың алғашқы ханы Батудың ордасы деп те аталады. Ғалым Ә. Марғұланның пікірінше, Орталық Қазақстандағы Кеңгір өзенінің бойында орналасқан [9, с. 51] - деп жазды.

Орда-Базар жайында араб саяхатшысы Масуд бин Осман Кухистани өзінің «Тарихи – Абулхайр-хани» атты еңбегінде «... киелі орда, Дешті Қыпшақтың астанасы» - деп жазды. [10, с. 142]. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасыда 1726 жылғы қазақтың үш жүзінің құрылтайы өткендігі тарихтан мәлім. Бадам өзенінің бойында ханның ордасы тігіліп, үш жүздің игі жақсылары ел мұраты үшін келелі жиын өткізді. Осы уақыттан бастап, Ордабасы деген атау пайда болған болуы керек.

 

Берік БАЙБОЛОВ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы»

 

 

Әдебиеттер:

  1. Майдар Д., Пюреев Д. От кочевой до мобильной архитектуры. – М.: 1980. – С. 21.
  2. Рубрук Г. Путешествие о восточные страны. – М.: 1957. – С. 91.
  3. Қазақстан, Ұлттық энциклопедия, IX том. – Алматы.: 2002. – 544 б.
  4. Қазақстан, Ұлттық энциклопедия, I том. – Алматы.: 1998. – 51 б.
  5. Жәнібеков Ө. Жолайрықта. – Алматы.: Рауан, 1995. – 28 б.
  6. Қазақстан, Ұлттық энциклопедия. V том. – Алматы.: 2003. – 199 б.
  7. Назарбекұлы С. Қазақтың киіз үйі. – Астана.: Елорда, 2005. – 93 б. 
  8. Руденко С. Очерк быта казахов бассейна рек Уила и Сагыза. Антропологические очерки. – Ленинград.: 1927. – С. 29.
  9. Маргулан А. Археологические разведки в Центральном Казахстане // Изв. АН Каз ССР. – 1949 – №49. – С. 51.
  10. Материалы по истории казахских ханств ХV–ХVІІІ вв. – Алма-Ата. 1969. – С. 142.

 

 

279 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper