МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ
Ғұмырының 50 жылға жуық уақытын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына арнаған қаламгердің мерейтойына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының бұл хатын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы табыстап, ақынды арнайы төсбелгімен марапаттады.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы табыстады. Сондай-ақ Абай облысының әкімі Берік Уәлидің құттықтауын әкімнің кеңесшісі Еркін Алшынбай жеткізіп, ақынның иығына шапан жапты.
Бенефиске зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Қанайұлы, Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Айдарұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, академик Кенжехан Матыжанов, академик Бауыржан Жақып, профессор Қансейіт Әбдезұлы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Еркін Нұразхан және журналист Қайнар Олжай болды.
Кеш иесінің достары – К. Әлпейісова мен С. Белібаев естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.
Шара аясында ақынның «Ғазалғұмыр», «Көк дәптер» және «Библиографиялық көрсеткіш» атты еңбектерінің тұсаукесері өтті. Қонақтар Әділғазы Қайырбековтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені және «Әділғазының әдемі әлемі» атты бейнероликті тамашалады.
МЕРЕЙТОЙ ИЕСІ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР
Әділғазы Жақсылықұлы Қайырбеков – ақын, әдебиет зерттеушісі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. «Жетіген», «Шамшырақ», «Шер шертер», «Бөртостаған», «Сұлутал», «Жандауа», «Намыс найзағайы», «Сөз бен іс», «Саға», «Ғұмырдария», «Ардакүрең», «Тәуелсіздік және қазақ поэзиясы» еңбектерінің авторы. 10 томдық шығармалар жинағы жарық көрген.
Еңбек жолын 1978 жылы С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйінің алғашқы экскурсия жетекшісі болып бастады. Көптеген жылдар Қазақ телевизиясының «Жастар» редакциясында редактор, «Жас Алаш», «Халық кеңесі», «Қазақ елі», «Шалқар» газеттерінде мәдениет, әдебиет, руханият бөлімдерінде тілші, меңгеруші, «Қазақ Энциклопедиясы» Бас редакциясының жетекші маманы қызметтерін атқарды. Ұзақ жылдан бері Қазақстан жазушылар одағы Поэзия кеңесінің төрағасы.
Әділғазы Қайырбеков – қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуда жемісті еңбек етіп келе жатқан қарымды қаламгер. 2000 жылдан бері қазақ әдебиетінің классиктері, академик-жазушылар С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде басшылық, жетекшілік қызметтер атқарды. Қаламгерлердің рухани бай мұрасын насихаттауға үлкен еңбек сіңіріп келеді. Музейдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының ұйытқысы болып, білікті маманның құрастыруымен «С.Мұқанов. Қазақтың ХVІІІ–ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер», «С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классиктері» (Халықаралық ғылыми конференция материалдары), «Ана тілімізді анамыздай ардақтайық», «Кәдімгі Сәбең», «Ғажайып Ғабең», «Ғабит Мүсірепов» (эксклюзивті жинақ), «Тұлғалар тағылымы», «Мұқановтың хатханасы – Письмотека Муканова», «С.Мұқанов. 10 томдық шығармалар жинағы», «Мүсіреповтің хатханасы – Письмотека Мусрепова», «Ғабит Мүсірепов кім?», «Ғабит Мүсірепов. Энциклопедия» т.б. еңбектері жарыққа шықты.