Анонс


Бытығай ортағасырлық ескерткіші төңірегінде 2023 жылы жүргізілген археологиялық барлаулар

Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2023 22:11
Бытығай ортағасырлық ескерткіші төңірегінде 2023 жылы жүргізілген археологиялық барлаулар KAZMUSEUM.KZ -  

«Бозоқ» музей-қорығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мақсатты қаржыландыру аясында «Ортағасырлық Теңіз-Қорғалжын ойпатының тұрғын үй архитектурасының дәстүрлі түрлері: эволюцияның бастаулары мен ерекшеліктері» тақырыбындағы ғылыми бағдарламаны іске асыруда.

Осы бағдарлама шеңберінде 2023 жылы Теңіз-Қорғалжын ойпаты аумағында барлау жұмыстары жүргізіліп, археологиялық нысандардың координаттары мен типтері анықталды, археологиялық барлау жұмыстарының картасы жасалды. Бытығай кесенесінің төңірегінде, 10 шақырым радиуста жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде келесі археологиялық ескерткіштер тіркелді: Абай I, II, III керуен сарайлары, Бытығай II керуен сарайы, Қаражар-тентек I керуен сарайы, Қаражар-тентек нысаны, ортағасырлық арық, оннан астам кірпіш күйдіру пештері, Қаражар-тентек II қыстауы (сурет 1).

Аталған ескерткіштің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, қысқаша сипаттама беріп өтсек:

1. Абай І керуен сарайы. Өзі аттас ауылдың оңтүстік-шығыс жағында, Нұра өзенінің оң жағалауында орналасқан (сурет 2). Нысан тік бұрышты ғимарат, ұзын жақтары оңтүстік-шығыс-солтүстік-батысқа бағытталған, көлемі 60 × 20 м. Қабырғаларының сұлбасы жал тәріздес, ені 1 м, биіктігі 0,15 м құрайды.  Нысан ені 0,6 м, тереңдігі 0,3 м шағын ормен қоршалған.

Ғимараттың ішкі кеңістігі бірнеше бөліктерге бөлінген. Ғимараттың оңтүстік жағында жал мен ордың үзілетін жері байқалады, бұл бөлігі кіреберісі деп болжадық.

2. Абай II керуен сарайы. Абай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 200 м жерде орналасқан. Ескерткіш Нұра өзенінің оң жағалауында. Ғимарат қирандылардың қалдықтары П-тәріздес болып келген. Ғимараттың бүйір бөліктерінің өлшемдері 50 × 20 м, тікбұрыш пішіндес орталық бөлігінің өлшемдері 80 × 20 м. П-тәрізді ғимараттың алдыңғы жағында аула алаңы анық көрінеді. Орталық және бүйірлік ғимараттардың кіреберісі осы аулаға қарап тұр. Барлық ғимараттардың ішінде ішкі кеңістікті шағын бөлмелерге бөлетін бөлме аралық қабырғалары бар. Зерттеу барысында құрылым қабырғаларының ісінген жал түрінде сақталғаны анықталды. Ауласының аумағынан қазақ қыстауының қирандылары тіркеліп, осы санаттағы ескерткіштерге тән материалдар жинақталып алынды.

3. Абай III керуен сарайы. Нұра өзенінің оң жағалауында орналасқан. Ескерткіштің мәдени қабатын өзен суы шайып тұр, су шайған жырығынан күйдірілген кірпіш қалдықтары анық байқалады. Нысан жобасында Г-тәріздес, өлшемі 80 × 20 м, көзбен барлағанда төрт бөліктен тұратындығы көрініп тұр. Қабырғалары жал түрінде сақталған, бірақ кейбір жерлерде, әсіресе бұрыштарында табиғи тастан қаланған іргетас пен күйдірілген кірпіштен жасалған қалау табылған. Өлшемі 40×20 м болатын екінші ғимарат өзен жағасына перпендикуляр орналасқан. Бөлме аралық аралық қабырғалар жер бетінде айқын көрінеді, ал орталық бөлмеде пештің қирандылары сақталған.

4. Бытығай II керуен сарайы. Құрылыстарының қирандылары Абай ауылынан батысқа қарай 5 шақырым жерде, Нұра өзенінің оң жағалауында, көлемі 2 га құрайтын алаңда табылды. Анықталған нысандар пішіні мен өлшемі жағынан әркелкі болып келеді. Егжей-тегжейлі зерттеуді және толығымен аршуды қажет етеді. Қираған үйінділер арасынан күйдірілмеген (саман) және күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғалардың қалдықтары анық байқалады. Жер бетін мұқият қараған кезде Ұлыс Жошы дәуірінен қалған жерлеу құрылыстарының қалдықтарын көруге болады. Жүргізілген топографиялық талдауға сәйкес, бұл археологиялық ескерткіш орта ғасырларда қызмет еткен және ортағасырлық Бытығай қалашығының қалалық округінің құрамына кірген үлкен керуен сарай болып табылады.

5. Қаражар-тентек керуен сарайы (Қарағожин Әділхан Балташұлы қожалығының аумағында). Бытығай кесенесінен шығысқа қарай 2 км жерде, Нұра өзені екі арнаға бөлініп, ортасы беті тегіс болып келген аралды құрайтын жерінде орналасқан (сурет 3). Бұл аралды жаяу аралап, археологиялық барлау жасау кезінде керуен сарайдың қирандылары табылды. Мәдени қабатын өзен шайып жатқан жарлауыт тұсында күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғалардың қирандысы анық көрінеді. Осы жерден жиналған кірпіштерге жасалған формальды-типологиялық талдаулардың нәтижесі олардың Бытығай кесенесі кірпіштерімен бірдей екендігін көрсетіп отыр. Платформаның өлшемі 50 × 60 м, су деңгейінен биіктігі 1,5 м. Нысанның екі жағын айнала Нұра өзені ағып жатыр. Жер бетінен ғимарат іздері байқалады, олардың арасынан күйдірілген кірпіштен салынған пештерді де көруге болады.

6. Қаражар-тентек I тік бұрышты ғимараты. Қаражар-тентек керуен сарайынан шығысқа қарай 150 м жерде, өзеннің биіктеу келген жайылма террасасында орналасқан. Ғимарат – жоспары бойынша төртбұрышты. Өлшемдері 60×20 м, биіктігі 0,15 м жал түрінде сақталған. Құрылыс біркелкі бөліктерге бөлінген. Ғимараттың әрбір бөлмесі шаршы пішіндес, ішкі қабырғалары жал тәрізденген күйі сақталған.

7. Ортағасырларда су жүргізген арық. Оның ұзындығы 350 м, тереңдігі 0,65 м, ені 0,60 м құрайды. Арық Нұра өзені ортасында әжептәуір үлкен жайылма терраса қалдырып айналыс жасайтын алаңды бойлай жүргізілген. Қаражар-тентек керуен сарайы аумағынан бастау алған арнасы өзен жағасындағы кірпіш пештерге дейін жетеді (сурет 4).

8. Кірпіш күйдіруге арналған пештер. Нұра өзенінің жоғары оң жағалауында ондаған кірпіш пештері тізбектеліп орналасқан. Олардың барлығы Қарағожин Әділхан Балташұлы шаруа қожалығының аумағында жатыр. Барлығының өлшемдері бір қалыпты: ұзындығы – 2 м, ені – 1,5 м. Олар саз үйінді түрінде сақталған, бет жағында жартылай күйдірілген және шикі кірпіштердің қалаулары көрініп жатыр. Кейбір пештерде күйдіруге әзірлеп қойған кірпіштер сол күйінше сақталған. Әрбір кірпіш пешінің екі жағынан терең шұңқырларды байқауға болады. Шұңқырлардың өлшемдері орта есеппен диаметрі 6 м, тереңдігі 1,5 м-ге дейін жетеді. Бұл шұңқырлардың қызметі шикізат дайындау болған, яғни шеберлер осы шұңқырларда шикізатты басқа қоспалармен су қоса отырып араластырып отырған. Су арықтан тікелей келіп тұрған, дөңес жағалауға шығыр дөңгелегі арқылы көтерген.

9. Қаражар-тентек II қыстауы. Нұра өзенінің екінші жайылма террасасында, оң жағалауында орналасқан. Нысан шаруа Қарағожин Әділхан Балташұлының үйінен оңтүстік-шығысқа қарай 900 м жерде орналасқан. Қыстау жағасы суға тегіс еңіс болып түсетін қолайлы жерде орналасқан. Жер бетінде ғимараттардың немесе үйлердің қирандылары байқалмайды. Айта кетерлігі, күйдірілмеген кірпіштен салынған бір тұрғын үйдің қирандылары ғана көрінеді. Қыстайтын аумақта қора іздері анық көрінеді, ал қасында кептірілген көң жиналып тұр. Осы санаттағы ескерткіштерге тән материалдар жинақталып алынды.

Жинақталған материалдар Солтүстік Сарыарқаның қала мәдениетін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Зерттелетін өңір тұрғындарының материалдық және рухани мәдениетін айғақтайтын Теңіз-Қорғалжын аймағындағы ескерткіштердің қоныс түрін жан-жақты зерттеу болашағы зор. Ортағасырлық тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін кешенді зерттеу – Қазақстанның далалық аймағында дамыған қала мәдениетін негіздеудің нақты критерийлерін анықтауға мүмкіндік береді. Кейін бұл нәтижелер «Бозоқ» музей-қорығы аумағында тұрғызылатын визит-орталықтың құрылысы мен ішкі безендірілуінде қолданылатын болады.

 

Серғазы СӘКЕНОВ

 

451 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper