Жоба әр типті мүгедектігі бар адамдар үшін мәдениет және өнер саласындағы қолжетімді ортаны дамытуға ықпал жасауға бағытталған.
Қазақстан 2015 жылы ратификациялаған Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясына сай қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен теңдей дәрежеде мәдени өмірге қатысу құқығын таниды және мүгедектердің:
... мәдениет туындыларына қолжетімді форматтарда қол жеткізе алуын;
... театрлар, музейлер, кинотеатрлар, кітапханалар және туристік қызмет көрсетулер сияқты мәдени іс-шараларға немесе қызмет көрсету орындарына қол жеткізе алуын, сондай-ақ ұлттық мәдени маңызы бар ескерткіштер мен объектілерге барынша мүмкін дәрежеде қол жеткізе алуын қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды (30-бап).
«Мемлекеттік мәдениет ұйымдары өткізетін мәдени-ойын-сауық іс-шараларына мүгедектердің қол жеткізуін қамтамасыз ету» ең төмен әлеуметтік стандартын бекіту туралы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 29 шілдедегі № 259 бұйрығына сай бірінші және екінші топ мүгедектері мен он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін мәдени ойын-сауық іс-шараларына: концерттік ұйымдарға, театрларға, мәдени-демалыс ұйымдарына, кітапханаларға, музейлерге және музей-қорықтарға және цирктерге қол жеткізу бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Ал үшінші топ мүгедектері көрсетілетін қызметтердің 50 % төлейді. Аталған қызметтерді көрсету механизмдерін мәдениет ұйымдары өз бетінше анықтайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Қолжетімділік картасының» деректері бойынша (http://friendlybuilding.kz/) Алматы қаласының 25-тен астам музейлерінің ішінде бар болғаны 4 музей ғана ішінара қолжетімді болып шықты. Әлемдік тәжірибеде мүгедектігі бар адамдар үшін музейлерде, соның ішінде тарихи және архитектуралық ескерткіш болып табылатын ғимараттарда қолжетімділікті қамтамасыз етудің көптеген мысалдар бар.
Ұсынылатын жеңілдіктерге қарамастан, мүгедектігі бар адамдар музейлерге сирек келеді. Музейлерде мүгедектігі бар келушілердің саны туралы ақпарат жоқ. Музейлерде көру, есту, ақыл-ой кемістігі бар адамдар үшін қолжетімді форматтағы экспонаттар және олар туралы ақпарат жоқ. Музей қызметкерлері мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген экскурсиялар жүргізуге әлі дайын емес. Бұл тек Алматы қаласы үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де өзекті мәселе болып табылады. Сонымен, жоғарыда аталған мәселелерді барлық мүдделі тараптармен талқылау қажеттілігі әлдеқашан туындаған болатын. «Алматы қаласының музейлерінде қолжетімділікті қалыптастыру» атты дөңгелек үстелде осы мәселелер қаралады.
Іс-шара қатысушыларға бірегей тәжірибе алу және музейлік ақпаратты берудің балама форматтары туралы практикалық түсінік қалыптастыру мүмкіндігін беретін арнайы форматта өтеді. Қараңғыда дөңгелек үстел өткізу – бұл зағип жаттықтырушы шебер басшылығымен өтетеін шығармашылық ой-талқы сессиясы. Қараңғыдағы ой-талқы күнделікті өмірде көру арқылы алатын ақпаратты басшылыққа алуға дағдыланған қатысушыларға белгілі мәселелерге жаңаша көзбен қарауға, бұрыннан белгілі сұрақтарға жаңа жауаптар табуға мүмкіндік береді. Көзі көретін адамдар үшін қараңғылық – бұл «жайлылық аймағынан» шығу, біз күнделікті пайдалана бермейтін ішкі ресурстарды іске қосуға тура келетін жағдай. Көру арқылы алатын ақпаратсыз өмірде көпжылдық тәжірибесі бар зағип жаттықтырушы қатысушыларға өздерінің сенсорлық және шығармашылық қабілеттерін барынша қауіпсіз, сауатты және креативті түрде оятуға және дамытуға көмектеседі.
Қараңғыдағы дөңгелек үстелге қатыса отырып, сіз зағип адамдардың өмірі мен проблемалары жайлы білмейсіз, бірак өзіңіздің тереңде жатқан жан-дүниеңізге саяхат жасайсыз, қызықты да құнды тәжірибе аласыз, жаңа эмоцияларды бастан кешіресіз, сондай-ақ өзіңіздің қараңғылық оятқан жаңа қабілеттеріңіз туралы білетін боласыз.
Дөңгелек үстел 2017 жылғы 20 сәуір күні сағат 09.00-де басталады.