Анонс


Берікқара қорымы

Жұма, 01 Наурыз 2024 15:52
Берікқара қорымы KAZMUSEUM.KZ -  

Ұшқан құстың қанаты, жортқан аңның аяғы талатын кең байтақ жеріміздің тауы мен тасына қолың тисе тарихтан сыр шертеді. Әсіресе қойнына құпиясын бүгіп жатқан төбелер қаншама десеңізші. Жері шұрайлы, сулы да нулы Жуалы жеріндегі Берікқара қорымының тарихы өз алдына бір әңгіме.

Берікқара қорымы – киелі қарт Қаратау жотасының теріскей бетіндегі өзі аттас шатқалдың тау алды жазығында орналасқан, ерте темір дәуіріне жататын, көне сақ тайпаларының жерлеу орындары болып есептелетін үлкен ауқымды обалар тізбегі.

Жалпы, топографиялық түсіру нәтижесінде Берікқара өзенінің екі жағалауында 411 оба тіркелді. Оның ішінде зерттеушілердің осы уақытқа дейін толық немесе жартылай қазба жұмыстарын жүргізіп кеткен обалары да бар. 360 оба өзеннің оң жағалауынан, қалған 51 сол жағалауынан табылды. Бірнеше үйіндінің үсті түгелімен ақ тастармен жабылған. Қорымның орталық бөлігінде «патша» обалары шоғырланған. «Патша» обаларының болу себебі, сақ дәуірінен бастап ортағасырларға дейін ел басқарған батыр тұлғалардың мәртебесін ұлықтаудың айрықша дәстүрі болған. Қайтыс болған билеушіге немесе оның туыстарына, жақын адамдарына арнап патшалық обадан ескерткіш орнатқан. Берікқара қорымы да осы мәнге негізделіп тұрғызылған. Ол жерлерде түрлі ғұрыптық дәстүрлер өткізіліп, құрбандық шалынған. Артында қалған ұрпағы өмірден өткен ата-бабаларының рухына құрмет көрсетіп, тағзым ету дәстүрі әлі күнге дейін қазақ халқының таным-түсінігіне берік орнығып, жалғасын үзбеген.

Ірі обалардағы тас үйінділердің көлемі 50–53 метр, биіктігі 6–7 метрге дейін жетеді. Қорымдар солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созыла жайғасқан. Көп жағдайда оба үйінділерінің көлемі 1,5 метрден 40 метрге дейін, биіктігі 0,1 метрден 3–4 метрге дейін жетеді. Сол жақ жағалаудағы обалардың көлемі айтарлықтай кіші, яғни, 3 метрден 16 метрге дейін, биіктігі 0,2 метрден 1,2 метрге дейін. Обалардың үйінділері құрылымы жағынан әртүрлі, атап айтсақ, толығымен тасты, тас аралас топырақты және айналдыра таспен қоршалған топырақты үйінділер кездеседі. Кейбір обалардың айналасы орақ тәрізді етіп қаланған тастармен қоршалған. Қорымның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан ірі обаны айналдыра 6 қатар етіп тігінен қазылып орнатылған шаршы түріндегі тас қалау зерттелінді. Қатарлардың арасы 1,5 метр құраса, қалаудың ені 9 метр. Қоршаудың шығыс бөлігіндегі 6 қатар анық байқалады. Солтүстік, батыс және оңтүстік жақтардағы қатарлар бүлінген, бірақ рет-ретімен қайта қалпына келтірілуде. Тас қалаудың ішінен 3 оба тіркелді. Құрылыстың бір бөлігі Кеңес Одағы кезіндегі электр желілерін жүргізу жəне Құйық-Қаратау жолына дейінгі алқап жолын салу барысында бүлінген. Оба үйіндісі сұр түсті тақтатастың ұсақ бөліктерінен түзілген. Тонаудан қалған үйіндінің бетінде ақ тастардың шығып кетуі, қабірді айналдыра ақ тастармен жапқанын болжауға болады. «Патша» обалардың барлық үйінділерінің ортасынан түскен көлемі 15–20 метр, тереңдігі 3–3,5 метр болатын ертеден қалған шұңқыр іздері бар.

Берікқара қорымдары ғылымға ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап танылды. Қорым 1938–1939 жылдары археолог А. Н. Бернштамның жетекшілігімен зерттеліп, құнды жәдігерлер табылды. 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы А. Г. Максимова, 1978 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы, 2000 жылы К. М. Байпақов, Д. А. Лобас жетекшіліктерімен зерттелді. 2013 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС Ескерткіштер жинағы экспедициясы өз зерттеулерін жүргізді. Бұл зерттеулердің нәтижесінде қыш құмыра, алтын, қола және мыстан жасалған әртүрлі бұйымдар, сырғалар, салпыншақтар, аузына құс тістеген жолбарыстың басы түріндегі қола айылбас, темір пышақ, жебенің екі және үшқалақты ұштары, қылыштың сабы сияқты ғылыми тұрғыдан құнды деп саналатын жәдігерлер табылды. Аталған заттай деректер мен жерлеу рәсімдерінің ерекшелігін ескере отырып ғалымдар бұл қорымның жыл санауымызға дейінгі II ғасырдан – жыл санауымыздың V ғасырына жатады деп топшалайды. Яғни бұл еліміздегі алғашқы мемлекеттік құрылымдардың қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді.

2017 жылғы наурыз айында автомобиль жолдарын салу барысында Берікқара қорымына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмысына тарих ғылымдарының кандидаты, доцент «Геоархеология» орталығының басшысы Ғалымжан Бексейітов жетекшілік жасады. Ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде қазылған қорымнан ақсүйек әйел адамның сүйегі мен екі қыш ыдыс, қола айна, сол қолына тағылған қола білезік және қола шаш түйреуіш табылды. Бірінші қыш ыдыстың ұзындығы – 15 см., көлемі – 14 см., екінші қыш ыдыстың ұзындығы – 12 см., көлемі – 20см. болып келеді. Айнаның жалпы көлемі – 9,5 см., қалыңдығы – 5 мм., білезіктің көлемі – 7 см., қалыңдығы – 5 мм., ал шаш түйреуіштің ұзындығы – 38 см., бас жағының доғалы – 4 мм. Табылған құнды жәдігерлер қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін, мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының қорына тапсырылды.

Бұл нысан кең көлемді тарихи-археологиялық зерттеулердің тақырыбына айналған және күн өткен сайын тарихи-мәдени маңыздылығы мен өзектілігі артып келеді.

Сақ мәдениетінің сарқыты саналатын Берікқара қорымы әлі де толыққанды зерттеу мен зерделеуді қажет етеді. Себебі сақ мәдениеті – қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің бірден-бір қайнар бұлағы болып саналады.

 

Мадина ИБАДИЛЬДАЕВА, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері

765 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper