Оның айтуынша, осы ескерткіштерді қорғап, келешек үшін сақтау бүгінгі таңда ерекше маңызды мәселе болып отыр. Өкінішке қарай, түрлі құбырлар тарту немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде археологиялық ескерткіштер де бүлініп жатады. Мысалы, Жаңақала ауданы аумағында он төртінші ғасырға жататын Сарыөзен қалашығы оптикалық-талшықтық желі тартқан кезде бүлінген. Қаратөбе ауданындағы Сегізсай кешені де газ құбырын жүргізген кезде сондай келеңсіздікке ұшыраған. Ал Бөрлі ауданындағы Қырықоба кешенін «қара» археологтар қазып кеткен. Сол секілді Қарашығанақ кеніші аумағында қалған 16 ескерткішті бақылап отыру қиынға түседі. Чинарев кеніші аумағында да осындай орындар бар. Қырықоба кешені мен Орал қаласы түбіндегі Жайық қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру жөнінде көптен айтылып келеді.
Отырыста осы қорғандарды зерттеуді жалғастыру, нақты жобалар жасап, соларға мүмкіндігінше қаржы бөлу, ЖОО-лар мен мектептерде білім беру бағдарламаларына Жайық қалашығы немесе Қырықоба кешені секілді археологиялық ескерткіштер жөнінде қосымша тақырыптар енгізіп, оқыту, белгілі бір құрылыс жүргізген кезде оны алдын ала тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік инспекциясымен келісетіндей заңнамалық негізін қарастыру қажеттігі туралы айтылды.
«Өткен жылы ҚХА жылы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көптеген жұмыстар атқарылды. Биыл сондай шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай басталып та кетті. Басты мақсат - ұлттық құндылықтарды қастерлей отырып, өрелі тарихымыз бен бай мұрамыздың бар екендігін сәнді де мәнді күйінде көрсете беруіміз керек», деді Б.Мәкен.
Жиын соңында бір топ азаматтарға Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш медаль тапсырылды.