Анонс


Музей мен білім кеңістігінің интеграциясы

Сейсенбі, 05 Наурыз 2019 02:15
Музей мен білім кеңістігінің интеграциясы KAZMUSEUM.KZ -  

ХХІ ғасырдағы білім мекемелерінің алдында эстетикалық талғамы зор, қоршаған ортадағы сұлулықты түсіне және қадірлей білетін, жаңа қоғамға бейімделген, жан-жақты дамыған заманауи тұлғаны қалыптастыру мәселелері тұр. Жаңа ғасырдағы жаңа білім стандарттарына көшу барысында оқу жүйесі музей кеңістігімен байланысты тығыз орната бастады. Оқу орындары үшін музей қосымша білім қоры және жалпы пәндерді оқытуда қосымша ресурс ретінде танылды. Білім мен музей педагогикасының интеграциясы – әлемді тұтастай тануға мүмкіндік беретін құбылыс, бөліп-жарып қарауға болмайтын тұтас әлем. Музейдің білім ошақтарымен интеграциясының мақсаты – мектеп мұғалімдері және орта арнаулы, жоғары оқу орындарының ұстаздарымен бірлесе отырып, жастарды ұлттық, рухани, мәдени құндылықтарға баулу.

Интеграцияның негіздері:

- зерттелетін не оқытылатын нысан мен құбылыстың ұқсастығы;

- түрлі пәндердің ортақ тұсы;

- жалпы ептілік пен дағдыны қалыптастыру [1, 98 б.].

    Қазіргі қоғамдағы мәдени кеңістікте музейдің алатын орны зор. Музей – халықтың қазынасы мен мұрасын ыждаһаттылықпен жинақтап-сақтап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекемелердің бірі. Музей экспонаттары – халық тарихы мен өнерінен сыр тарқататын талай замандардың тірі куәлары. Олар – халықтың ұзақ ғасырлар бойындағы тірлік-тынысының айқын көрінісі, салт-дәстүрлердің жарқын іздері. Музейдің негізгі қызметі құндылықтарды сақтау, келер ұрпаққа жеткізу болып табылады. Қоғамның өмір сүру дағдысының жаһандануы мен интеграциясы музейдің қызметі мен әдістерін қайта қарауға мәжбүр етті. Ғылыми-біліми мекеме ретінде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан музей қоғам үшін жабық, кей тұста құпия болып келді. Қазіргі уақытта барлығы басқаша. Музей сыртқы қоршаған ортаға ашық, қоғамның даму процесіне белсенді қатысушы ретінде көрініп жүр. Музей мен қоғам арасындағы байланысқа әсер ететін басты фактор – халықты музейге келтіру, аудиторияны кеңейту. Тек топқа ғана емес, топтың ішіндегі әрбір экскурсантқа көңіл бөлу, сұрағанын түсіндіру – музей стратегияларының біріне айналды. Қазіргі таңдағы музейлер әлеуметтік даму мен мәдени қоғамның қалыптасуына үлес қосуға ұмтылыс үстінде. Оның ішінде музей экспонаттарының көмегімен жастарды (оқушылар, студенттер, т.б.) тәрбиелеу, оларға білім беру – алдыңғы жоспарда тұр. Ендеше, әлеуметтік мәдени және мәдени шығармашылық ортаны құруды, оқытудың әдіс-тәсілдерін таңдауды, оқушыларға білім беру мен тәрбиелеуді оқу орны өзі ғана емес, музеймен бірігіп атқарса, нәтиже айқынырақ болары анық. Өйткені, музей – белгілі бір тұлғаны қоғамнан тыс мәдениет әлеміне кіргізіп, биігіне шығаратын бірден-бір орын

      Кеше ғана музей экспозициясының сапасы музей коллекциясына бағытталған дәстүрлі ғылыми схемамен анықталса, қазіргі таңда музей экспонаттардың әрқилы орналасуымен және аудиториямен жұмыс істеудегі жаңа формалармен ерекшеленеді. Заманауи мәдениет пен мәдениетаралық коммуникация әсерінен музей қызметкерлерінің және музейге келушілердің санасы мен қабылдауы өзгеруде. Бүгінгі таңда қоршаған әлем ақпараттық және материалдық қор тереңдігіне деген жүйелілік ықпалды музейден қажет етіп отыр. Бұл тенденция музейдің рухани құндылықтардағы генерацияны табуға итермелейді. Бұл мақсат-міндеттерге жету үшін интеграция жолға қойылды. Ол – бірігу, жақындау және білім берудегі байланыс.

     Музей мен оқу орындардың интеграциясы екі мекеменің де білім беру функциясын жоғарылатты. Музей әлеміне оқу орындардың еркін кіре бастауы музей педагогикасының қарқынды дамуына алып келді. Музей педагогикасы (музейтану және педагогика ғылымдарының интеграциясы) жас ұрпақты (оқушылар, студенттер, т.б.) музейге тартуға, мәдениет пен ғылымға баулуға, әр тұлғаның бойында шығармашылық қабілетін арттыруға бағытталады. Көптеген елдерде музей мен оқу орындардың интеграциясы «параллельді білім беру» жүйесі ретінде қаралады. Ол – оқытудағы бірегей мүмкіндіктер, дидактикалық процестің ерекше құрылымы, анықталған контингент, қоғамдық сұраныстан туатын педагогикалық жүйе. Музей мәдени-тарихи диалогты жүзеге асыратын орынға айналып келеді. Музей монологтан полилогқа ауысуда [2, 112 б.].

    Музей мен оқу орындардың интеграциясы нәтижесінде музей педагогикасы өз жұмысын бастады. Аудиториямен, яғни экскурсанттармен жұмыс жасауда Экскурсиялық-көпшілік бөлімінің маңызы зор. Музей педагогикасымен тікелей жұмыс жасайтын осы бөлім болып табылады.

Музей педагогикасының ұстанатын бірнеше бағыттары:    

Ақпараттандыру – музей туралы ақпарат алатын алғашқы қадам, яғни музей ісінің негізгі бағыттары мен мақсат-міндеттеріне байланысты сұрақтарға жауап алу. Ол дәстүрлі лекциялар, кеңестер (консультация) көмегімен жүзеге асады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты музейге жаңа технологиялар енуде: ақпаратты компьютер көмегімен беру, ересектерден балаларға дейін қарастырылған жол сілтеу, жоспарларды компьютерлік технологиялармен көрсету, интернет желісіне қосылған ақпараттық киосктерді пайдалану. Ақпараттық жүйелер экскурсияның сапалық көрсетілімін қамтамасыз етеді. Электронды киосктерден экспонаттардың шығу тарихын, экспозицияда орналасуын немесе қорда бар экспонаттар туралы толық мәлімет алуға болады;

Оқыту – қосымша не болмаса альтернативті білім алуға мүмкіндік. Музейде оқытудың ерекшелігі – еріктілік пен бейресми орта. Музейде білім беру жастардың өз мүмкіндіктерін іске асыруымен, қызығушылықтарын қанағаттандыруымен ерек. Оқыту экскурсия, музейлік дәрістер, үйірме сабақтары көмегімен жүзеге асырылады. Музейлік дәрістер – музейдің мектеп, лицей, гимназия, колледж, университет оқушылары мен студенттерінің арасындағы жұмыстардың формасы;

Шығармашылық негіздерін дамыту – музейлік ақпаратты алудағы жоғарғы сатылардың бірі. Шығармашылықты көтеру үшін музейде ерекше жағдай жасалған. Салт-дәстүр, мәдениет, тарихқа жастарды үңілдіре отырып, шығармашылықты дамыту. Бұл бағыт студия, шығармашылық лабораториялар, тарихи ойындар түрінде жүзеге асырылады.

Қарым-қатынас – музей мен онда жинақталған коллекция мазмұнына байланысты ортақ қызығушылықтар негізінде іскерлік және достық қатынас орнату. Музей экспонаттар туралы толық мәлімет ала алатын орта болуымен қатар, мазмұнды, қызықты және бейресми қатынастар орнатуға үлкен мүмкіндіктер береді. Ол – кездесулер, сайыстар, экскурсия-сабақтар, дебаттар, әдеби-әуезді кештер не болмаса қандай да бір дәстүрлі емес формада өткізілетін шаралар;

Демалыс – музей аудиториясының тілектері мен қызығушылықтарына сәйкес бос уақыттарын тиімді өткізу, музейде демалуды ұйымдастыру. Сауықтың бұл түріне жәрмеңке, карнавал, Ашық есік күндері, концерттер, «Музей түні» шарасы, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі, т.б. жатады.

   Бағыттар сынды музей педагогикасының формалары да үнемі өзгеріп, дамып отырады. Олар көп жыл көлемінде қалыптасты, сонымен қатар, қоғамның сұранысы, ғылыми ізденістер, тарихи оқиғалар әсерінен өзгеріп те отырды. Мәдени-ғылыми жұмыстың кез-келген формасының басты ұстанымы – экскурсанттардың бейресми ортада білім алуына, өзін-өзі дамытуға, ұнататын, қызығушылық туғызатын жұмыспен айналысуына мүмкіндік беру. Мүмкіндік бере отырып, категориясы мен типіне қарай экскурсанттардың психологиялық ерекшеліктерін де  ескеркен жөн.

   Музей келушілердің (оқушылар, студенттер) бос уақытын қызықты өткізетін орын ретінде ғана емес, нағыз тарихи айғақтардан тұратын мекеме ретінде білім жүйесіне көмекке келуде. Осылайша, музей мен білім жүйесі бірігіп, адамның рухани байлығы мен тарихи білімін қалыптастыру жолында бір бағытта жұмыс жасауды бастап та кетті. Білім жүйесіндегі рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, тарихи-өлкетану тәрбиесін берудегі тәжірибені музеймен бірлесе отырып жүргізу қазіргі таңда кең өріс алуда. Музей мен оқу орны арасындағы байланысқа бағытталған білім берудің гуманитарлық жаңалықтарға ұмтылысы ХХІ ғасырдағы білім берудің жаңа парадигмасының негізін құрайды.

   Музейлік заттар, яғни құндылықтар белгілі бір оқиғалар мен тұлғалар жөнінде ақпарат беретін дереккөз ретінде экскурсантқа эмоционалды түрде әсер ете алады, өткен шаққа, қолөнершінің әлеміне ойша кіру арқылы сол оқиғаға, кезеңге қатыстылығын сезіне алады. Дәл осы әдіспен бала жүрегіне көпір салып, дұрыс өмірлік бағыт алуына, өмірдің мәңгілік құндылықтарын түсіне білуіне көмектесуге болады. Оқу орны беретін білім мен тәрбиенің жалғастырушысы, заттай көрнекіліктермен толықтырушы мәдени-ғылыми ошақтардың бірі – музей. Музей экспонаттары көмегімен тарихи кезеңдерді толық зерттеп, заттай деректермен көрсетіп, әр экспонатты сөйлету арқылы білім мен тәрбиені егіз беру музей педагогикасы болып табылады. Музей педагогикасы оқу орындардың үздіксіз білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарып келеді. Білім және тәрбие ошақтарының мұғалімдері немесе тәрбиешілері өскелең ұрпақты бірігіп тәрбиелеуге музейден көмек сұрап келуде. Мұғалім бала санасына сіңіргісі келген білімін музей педагогикасына сүйене отырып беруі – музей және білім ордасы үшін де үлкен жетістік. Музей педагогикасының негізгі мақсаты ­– өкшебасар ұрпақты музейге тарту, тұлғаның шығармашылық дамуын жүзеге асыру. Сондықтан, қазіргі таңда музей педагогикасын инновациялық педагогикалық технология деп қарастырады. Психологиялық зерттеулер музейлік біліми-мәдени кеңістікте көп болатын баланың ой қызметі нық қалыптасатындығын тұжырымдауда. Оқушы мәдениетін қалыптастыру жүйесінде музей педагогикасын инновациялық технология ретінде пайдаланудың қағидалары:

- көрнекілік;

- қолжетімділік;

- динамикалық;

- материал құрылымының маңыздылығы (балаларға қызықты болуы);

- музей коллекцияларымен таныстырудағы жүйелілік, яғни реттілік;

- гуманизм;

- ақпаратты қабылдау кезіндегі балалар фантазиясы мен сұрақтарын ынталандыру, мадақтау, тұлғаны көтермелеу;

- музейлік құндылықтарды меңгерудегі балалардың белсенділігі.

    Кез-келген экспозицияда келесі логикалық тізбекті ескеру керек: қабылдау – түсіну – ойлап қорыту – бекіту – пайдалану [3, 2 б.]. Осы тізбек дұрыс орындалса, экскурсант ақпаратты жеңіл қабылдап, тез қорытады.

    «Музей экспонаттарын қолмен ұстауға болмайды» деген қағида халық жадына сіңіп кеткендігі аян. Швейцар педагогы Иоганн Генрих Песталоцидің «Білім беру процесінде ақыл, жүрек және баланың қолы бірге қызмет атқару керек» деген сөзі бұл қағидаға қарсы тұрады. Экспонатты ерекше етіп көрсету, оны ұстап көруге мүмкіндік беру сынды қағидалар музейдің көрнекілік ұстанымдарына жатады. Кеңес үкіметі кезінде экскурсант бейтарап көруші болып келді, ал қазіргі музейлерде экскурсант – экспозиция жасаушы, шығармашылық процеске қатысушы. Мысалы, «Музей безгегі» ойынын ойнату арқылы балалардың аталар киген мәсіні киюі, қыз балалардың ұршық иіруі, соғыс ардагерлерінің таққан медальдарын қолмен ұстап көруі – балалардың сол процеске қатыстылығын сезінуге, экспозицияның шығу тарихына үңілуге, материалды тез әрі жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді. Музей шығармашылық тұлғаны қалыптастыратын тәрбиенің ажырамас бөлігіне айналды, әрбір жас өрен музейден шыққанда ой-өрісінің бір сатыға көтерілгенін байқап, өмірге деген үлкен сенімділіктің пайда болғанын аңғарады.

    Ақпараттық қоғамның даму жолында мәдени-ағарту мекемелеріне үлкен міндеттер жүктелуде. Қазіргі таңдағы заманауи адам ақпарат көздерінен түрлі мәліметті бойына үнемі сіңіріп отырады, жаңа әрі пайдалы біліммен қатар құнсыз мәлімет те адам санасын улап жататыны анық. Қазіргі білім мекемелерінің, кітапханалардың, театрлардың ерекше әрі бай қоры бар, сондықтан мәдениет және білім ошақтары адамның тек құнды біліммен сусындауына мүмкіндік беретін жолды іздеп, халыққа ұсынып келеді.

    Осындай мекемелердің қатарында музей де тұр. ХХІ ғасырда музей өзектілігін жоғалтып алмауы үшін, музей қандай болған, қандай болды, алдағы күнде оның даму жолында қандай үрдістер қалыптасу керек деген сұрақтарға тұшымды жауап алып, түсініп алу керек.

    Қазіргі заманда экскурсантты дәстүрлі емес музейлер көбірек қызықтыруда. Үлкен қарқынмен дамып жатқан қоғамда музей әлемді түсінудің жаңа жүйесіне бейімделу үстінде. Дәстүрлі музей материалдары жаңа келушілерді қызықтыра қоймайтыны, музейге қайта келуге ықыласының болмайтыны айтуға қиын болса да, ащы шындық. Дәстүрлі музейлерде іс жүзінде ешнәрсе өзгермейді, экспозициядағы барлық заттар өз орнында тұрады. Дегенмен, ол музейлердің оң жақтары да бар. Анық және түсінікті көрермендік құрылым тұрақты орныққан. Консервативті көзқарасты кей экскурсант тұрақты, өзгеріссіз экспозицияны көруге қайта келеді, өйткені ол материалды ұзақ әрі нақты зерттеуге мүмкіндік береді. Дей тұрғанмен, жас ұрпақты үнемі өзгеріп, уақытпен бірге қозғалыста жүретін, «экспозиция динамизмі» бар заманауи музей қызықтырады. Жастар музейдің қазіргі заманның талаптарына жауап бере алатындай және әрқашан жаңалықтарға толы болғанын қалайды. Заманауи музейдің ерекшелігі – келушілермен тіл табысуында және экспозиция жасауда көпқырлы әдіс-тәсіл қолдануында [4, 123 б.]. Біздің қоғамда өзінің салты мен қағидалары бар, сонымен қатар, қолдан келгенше өзін қазіргі заманға сай қылғысы келетін аралас музейлер кең етек алуда. Аралас музей қызметі – дәстүрлі музей құрылымын пайдалана отырып, білім және тәрбие формалары көмегімен экскурсантқа материалды заманауи тұрғыда жеткізу. Олар уақытша көрмелер, тұрақты экспозициядағы ішінара өзгерістер не болмаса қосымша семинарлар, ғылыми-біліми бағдарламалар, саяси-хабарлар, жиналыстар, жиындар, лекциялар, конференциялар, дебаттар, кездесулер, экскурсиялар (тақырыптық және шолу), конкурстар, музейге келушілермен қосымша жұмыстар, т.б. болуы мүмкін.Бұл үрдіс Қазақстан музейлерінде кең етек алған.

Д.Камерон музейдің бір бағыты ретінде музейде арнайы аудиториялық мектеп немесе институт қалыптастыруды ұсынды. Мәселен, оқу орындарында оқытылатын дәрістерді музейде ұйымдастыру, музейде тірі жәдігерден мысалдар келтіре отырып, мектеп оқушыларына сабақ өту,  жас мамандарға арнап тренинг өткізу. Осының негізінде музейлік коммуникация жүйесі реттеледі, ал дәріс тыңдаушының кәсіби шеберлігі шыңдалады деп түсіндірді [5, 506 б.]. Д.Камерон ұсынған идея қазіргі білім беру жүйесіне дөп келіп, музей мен білім мекемелері арасында тығыз байланыс орнауда.

Аралас музейдің білім және тәрбие берудегі информативті талаптары:

- Экскурсия кезінде берілетін мәлімет өзекті, ғылыми жағынан дәйекті фактілермен негізделген болуы тиіс;

- Берілетін мәлімет тақырыпты терең және толық ашуға мүмкіндік беріп, экскурсантқа түсінікті болуы керек. Ақпарат көлемі экскурсияның танымдық және тәрбиелік мақсаттарымен сәйкес, психологиялық және қажеттілігі мен қабылдауы жағынан аудиторияны қанағаттандырып, талабына сай болуы керек;

- Ақпарат экскурсанттардың білімі мен интелектуалдық деңгейіне сай болуы тиіс. Мүмкіндігінше келушілердің қызығушылығына орайластырылуы керек;

- Келушілердің назарын аудартатындай ерекше, әр сипаттағы, салыстырмалы, контрастты материалдарды кең қолданған дұрыс   [6, 97 б.].

  Халықтың рухани дамуының түп қазығы, тірегі – мәдениет, әдебиет, дін, салт-сана, тіл деген ең негізгі құндылықтардың беріктігіне келіп тірелетіні анық. Жастарға білім беру мен тәрбие саласындағы барлық өзгерістердің өзегіне осы тұрғыдан келуіміз заңды. Жастарды оқыту мен тәрбиелеу осы негізде жүйеленуі қажет. Сондықтан, еліміздің болашағының қамы – ұрпақ тәрбиелеу мәселесін оқу орындары мен мәдени мекемелер болып шешсек, рухы жоғары, талғамы зор, заманауи тұлғаны қалыптастыру жолында бірігіп жұмыс атқарсақ, Қазақ елі абыройының әлі де асқақтайтыны анық.

 

Әйгерім БЕККУЛИЕВА,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Музей. Образование. Культура. Процессы интеграции. Москва, 1999 г. ИПРИКТ, Каф. музейного дела
  2.  Б.А.Столяров Музейная педагогика: история, теория, практика. М.: Высшая школа, 2004. – 216 стр.
  3. 3.      Личностное развитие детей средствами музейной педагогики / Т.А. Елькина.  г. Слободской, Кировская область
  4. В.И. Ревякин. Проектирование музеев: монография / В. И. Ревякин. – М.: ГУЗ, 2003. – 206 с.
  5. Музейное дело России / М. Е. Каулен, И. М. Коссова, А. А. Сундиева. – 2-е изд. – М.: Издательство «ВК», 2005. – 614с.
  6. С.И. Сотникова. Музеология / С.И. Сотникова. – М.: Дрофа, 2004. – 192 с.
4777 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper