Анонс


Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстары

Бейсенбі, 22 Қазан 2020 18:27
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстары KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты қадамдарын ұсынған еді. Осы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы республикадағы музейлердің дамуына оң ықпал жасады. Мәдениеттің киелі ошақтары – музейлер – осы бағдарлама аясында қорларды сақтау және дамыту, насихат жұмысындағы оңтайлы шешімдерді пайдалану мен енгізу, археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру және музейлер арасындағы республикалық, халықаралық байланыстарды тереңдету бағытында көлемді жобаларды жүзеге асырып келеді. Ең бастысы, осы шараларды атқаруда ұлтымыздың болашағы – өскелең ұрпаққа атадан-балаға мирас болып сақталып келген, кейін музей қазынасына айналған экспонаттардың маңызын жете түсіндіру басшылыққа алынды.  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі үш жыл ішінде атқарған жүмыстарының арқасында үлкен табыстарға қол жеткізді. Ең басты оқиғалардың бірі – тоқсан жылдық тарихы бар, киелі шаңырақ – музейдің жаңа ғимаратқа қоныс аударуы. Облыс орталығының жаңа мөлтек ауданында салынған музей құрылысына жұмсалатын қаражаттың бір бөлігін «Туған жер» арнайы жобасы аясында «Алтын қыран» компаниясының құрылтайшысы әрі бас директоры, меценат Исламбек Салжанов бөлген еді.  Жаңа музейдің жалпы ауданы – 4275,95 ш.м. құраса, көрме залының ауданы – 1502,2 ш.м. болып табылады. Облыстық музей залдарына тұрақты экспозиция жасақтау мақсатында 246 млн. теңге жұмсалды.

2018 жылдың 14 қарашасынан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінің 5 залы келушілерге қызмет ете бастаса, ал 2019 жылдың 10 шілдесінде жаңадан «Археология», «Этнография», «1869-1940 жж. өлке тарихы», «Ерлік пен Даңқ», «1945-1991 жж. Ақтөбе өлкесінің тарихы», «Тәуелсіздік жолымен»  залдары өзінің есігін айқара ашты.

Қазіргі уақытта зәулім әрі әсем ғимарат қаланың көрікті нысанына айналып, оның он залында келушілерге мазмұнды экскурсиялар ұйымдастырылып келеді.

Бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыру және тұрғындардың сауаттылығын арттыру мақсатында енгізілген «Сандық Қазақстан» бағдарламасы музей ісіне қолдау көрсетті. Бұл бағытта музейде арнайы жұмыс тобы құрылып, қызмет етуде.

Тақырыптық залдарда LED экран, AR-карта, ақпараттық киоскілер, интерактивті панельдер, голограмма, виртуалды кітап, сандық форматқа көшіру мақсатында арнайы сканер іске қосылды. Музей залдарын тамашалауды қолжетімді ету мақсатында виртуалды турлар дайындалып енгізілді. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына сәйкес Ақтөбе облысындағы 32 нысанның үш өлшемді кескіндемелері дайындалды. Бұл әрбір музейге келушінің облыс орталығынан шалғайда орналасқан халықтық сәулет ескерткіштерін жан-жағынан тамашалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қордағы 207 экспонаттың кеңістіктегі  үш өлшемді кескіндемелері дайындалды.

Электронды тіркеу - “SAQTAU” жүйесі іске қосылып, тіркеу кітабын сандық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ең бастысы, енгізілген жаңа жүйе жәдігерді тіркеу және есепке алу формаларының барлық түрін жүзеге асырады. Заттардың электронды каталогын жүргізіп, сақталу өзгерісін, оған қатысты реставрациялық мәліметтерді тіркейді. Картотека мен анықтамалық жазбалар толық жүргізіледі. Аудандық музейлердің тіркелген мәліметтерін ортақ серверге енгізу – кезекте тұрған жұмыстардың бірі.  

Музей қызметінің даму стратегиясында республикадағы іргелі ғылыми-зерттеу мекемелері және жекелеген зерттеушілермен байланысты дамыту жолға қойылған. Бұнда Отан тарихы және өлкетану бағытындағы зерттеулердің өзекті мәселелері мен ізденіс жұмыстарының әдіснамасы, ғылыми айналымға түскен деректер мен олардың маңызы туралы ғалымдармен, өлкетанушылармен және осы бағытта ізденіп жүрген зерттеушілермен байланыса отырып, жұмыс жасау қарастырылып отыр.

Әсіресе, республикадағы музей ісінің білікті мамандарымен өзара пікірлесу әрі тәжірибелерімен танысу арқылы заманауи талапқа сай қызмет көрсетудің үлгілерін оқып-үйрену басты мақсаттардың бірі болып отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында өлке тарихында өшпестей із қалдырған танымал тұлғалардың өмірін ұрпақ жадында сақтаудағы жұмыстарды кеңінен насихаттау керектігі міндеттеледі.

Осы орайда облыстық музей қызметкерлері халықаралық және республикалық деңгейде бірнеше көлемді іс-шаралар ұйымдастырып өткізді. 2017 жылдың қазан айында Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш қозғалысы: тарихы, зерттелуі және жаңа ізденістер» тақырыбындағы республикалық ғылыми-теориялық конференциясын, қолбасшы, мәмілегер Есет батыр Көкіұлының 350 жылдығына арналған «XVII-XVIII ғғ. Қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы халық батырларының ролі: қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференциясын, 2018 жылдың сәуір айында Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесе отырып, «Марғұлан оқулары-2018. Рухани жаңғыру және археологиялық мұра» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференцияларға алыс және жақын шетелден ғалымдар, зерттеушілер, өлкетанушылар, музей мамандары қатысты.

Былтырғы жылдың қараша айында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, «Қаһармандар» РҚҚ Ақтөбе облыстық филиалы мүшелерімен бірлесе отырып, көрнекті ғалым, педагог, аудармашы, мемлекет қайраткері Телжан Шонанұлының туғанына 125 жыл толуына орай «Т.Шонанұлы – әмбебап ғалым һәм ағартушы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ежелгі көшпелілер мәдениетіне тиесілі ескерткіштерді зерттеу жалғасын табуда.

2018 жылдың маусым айының бірінші жартысында Мәртөк ауданы Родниковка ауылынан солтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан Бисоба жерлеу қорымында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Экспедицияның басты мақсаты күйреу қаупі бар ерте темір дәуіріне жататын көшпелілер мәдениетіне қатысты ескерткіштерді тез арада тіркеп, зерттеу болатын.

Музей қызметкерлерімен 2017 жылы Ойыл территориясындағы топографиялық-ғарыштық мәліметтерді пайдалану арқылы анықталған, ғұн-сармат кезеңіне жататын Ақбұлақ жерлеу қорымын қазу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, далалық кезеңнің басында Шалқар ауданының солтүстігінде археологиялық барлау жұмыстары ұйымдастырылды. Барлау жұмыстары барысында аудан территориясынан ежелгі тас мәдениеті мен ортағасырлық кезең аралығын қамтитын ескерткіштер анықталып, тіркелді. Музейдің ғылыми қызметкерлері Байғанин ауданының Доңызтау аймағы мен Шағырай платосында ежелгі көшпелілер мәдениетіне тиесілі археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, анықталған ескерткіштерді қағаз бетіне түсіре бастады.

2019 жылы музейдің ғылыми қызметкерлерімен Ырғыз ауданы Шеңбертал селосынан солтүстікте қарай 300 м. жерде, Ырғыз өзенінің сол жағалауында орналасқан Шеңбертал І қорымында қазба жұмыстары жүргізілді. Қорымнан қола шекеліктер, сырғалар, өрнектелген қыш құмыралар және орақ тәріздес құралдар табылды. Табылған дүниелер мен жерлеу дәстүріне қарап алдын-ала андронов мәдениетіне (Алакөл) жататын тайпалар деп болжам жасалды. Қола дәуіріне жататын ескерткіш ғалымдар арасында үлкен қызығушылық туғызуда.

Осы жылы далалық қазба жұмыстары Ойыл ауданындағы Құмсай және Сорлақмола ІІ қорымдарында жалғасты. Іргелі оқу орындарының бірі, Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ-нің студенттерімен бірлесіп, Ойыл селосынан оңтүстікке қарай 11 шақырым жерде орналасқан Құмсай қорымында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл қорым 2010 жылдан бері зерттелуде. Ғұн-сармат кезеңіне жататын ескерткіштердің бірі – Сорлақмола ІІ қорымы Қиыл өзенінің оң жағалауында, Шиқұдық селосының солтүстік-батысында 3,5 км жерде орналасқан. Алға қойған мақсаттардың бірі, Ойыл өзенінің бойында орналасқан ескерткіштердің нақты орналасуы мен ерекшелігін анықтау болатын. Осы кезеңде Сорлақмола ІІ қорымының 3 обьектісі толық зерттеуге алынды. Олардың топографиялық және аэротүсірілімдері жасалды. Қорғандар топырақты және кейбірлерінің айналасынан орлар мен шұңқырлар кездеседі. Қорымның көптеген қорғандары ертеректе тоналғандығы анықталды. Қорғаннан қыш құмыралар, ұршық басы, айналар, ат әбзелдері және т.б. табылды.

Аталған кезеңнің күз айларында 2018 жылы басталған ғұн-сарматтар кезеңіне жататын ескерткіштерді зерттеу жұмыстары жалғасын тапты. SASPlanet бағдарламасының камералдық жұмыстары барысында ғұн-сарматтар мәдениетіне тиесілі 10 ескерткіш анықталды. Ойыл өзені бойында Көсембай ауылының оңтүстік-шығысында 13 шақырым жерде орналасқан Тілепмола І қорымына лазерлік тахеометрмен топографиялық түсірілімдер жасалды. Бұл ескерткіш 2018 жылы зерттеу жұмыстары жүргізілген Ақбұлақ қорымының жалғасы болып табылады.

Музей мамандарының ынтымақтастығын нығайту, республикадағы білікті мамандардың іс-тәжірбиелерімен танысу әрі музей ісін дамытудағы туындап отырған мәселелерді өзара талқылау мақсатында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей – ғасырлар шежіресі» атты семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңес музейдің құрылғанына 90 жыл толуына орай көлемді іс-шара бағдарламасы аясында өткізілді. Әр облыстан келген музей қызметкерлері музей ісін автоматтандыру, экспозицияға жаңа технологияны енгізу, музей маркетингін жүргізу және музей педигогикасы бойынша өзіндік пікірлерін білдірді.  Сондай-ақ ҚР Ұлттық музей қызметкерлерінің басшылығымен қор жұмысында құрамы әр түрлі заттарда өңдеу, қайта қалпына келтіруде жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдану туралы шеберлік сағаттарын өткізді.  

2018 жылы музейдің ғылыми қызметкерлерімен өткізілген шаралардың қатарында қазақтың ақыны, түркітанушы, ғалым А.Байтұрсыновтың өмірі мен қызметіне байланысты ресейлік зерттеуші Т.Тугайдың жарық көрген «Оренбургский путь Ахмета Байтурсунова» еңбегінің тұсаукесерін атап өтуге болады. Автор өз еңбегінде Ресей архивтеріндегі материалдар негізінде А.Байтұрсынов өмірінің беймәлім беттеріне жаңаша баға береді. Орынбор қаласының оның азамат әрі тұлға есебінде қалыптасуындағы орнын көрсетеді. 

Осы жолмен Алаштың өзге де ардақты тұлғаларын ұлықтау жұмыстары жалғасын тауып келеді. 2018 жылы А.Байтұрсыновтың туғанына 145 жыл, Х.Досмұхамедовке - 135 жыл, С.Торайғыровқа - 125 жыл, М.Жұмабаевқа - 125 жыл,  А.Досжановаға - 125жыл,Т.Жүргеновке - 120 толуына орай«Тарихи тұлғалар тағылымы» атты республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып өткізілсе, 2019 жылы республиканың түкпір-түкпірінен жиналған білімді жастардың басын қосу арқылы «Тарихы тылсым туған жер» тақырыбында пікір сайыс турнирі өз жұмысын жалғастырды.

Өткен жылдың маусым-шілде айларында музейдің ғылыми қызметкерлері РҒА Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейінің Орталық Азия этнографиясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері И.Стасевич және РҒА Ресей этнографиялық музейінің Кавказ, Орта Азия және Қазақстан халықтары этнографиясы бөлімінің меңгерушісі Л.Поповамен бірлесе отырып, Ақтөбе облысының Алға, Қобда, Ойыл аудандарына материалдық емес мәдениет үлгілерін жинақтау бойынша этнографиялық экспедиция жұмысын ұйымдастырды. Жергілікті тұрғындармен сұхбат барысында баланың дүниеге келгеннен бастап, балалық шағы, үйлену, дүниеден өткенде жасалатын әдет-ғұрыптарға байланысты мәліметтер жинақталды. Сондай-ақ, музей жанынан құрылған «Руханият» клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен «Аманат» ғылыми- зерттеу экспедициясы Алға, Қобда және Ойыл жерлерінде өмір сүрген дін қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне және осы өңірдегі халық үшін қастерлі болып табылатын киелі нысандар мен мешіттерге қатысты мәлімет жинақтау бағытында жұмыстар жүргізді. Экспедицияның жұмысы барысында арнайы деректі фильм түсіріліп, республика жұртшылығына  «Тұран» телеарнасы арқылы көрсетілді.

Ұлттық мәдениет символдарының бірі – өткен мыңжылдықтар мен кейінгі көшпелілер мәдениетінен сыр шертер киелі орындар, халықтық сәулет ескерткіштері қазіргі ұрпақ үшін ерекше мақтанышпен айтатын нысандар болып табылады. Соңғы үш жылдықта республикалық деңгейде қолға алынған ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау әрі насихаттауда музей қабырғасында бірнеше шаралар өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Тарихи-мәдени мұраларды зерттеу-зерделеу, қорғау және пайдалану мәселелері» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық семинар-кеңесі және Ақтөбе облысы аумағындағы тарихи-тұлғаларға қатысты эпиграфикалық ескерткіш мұраларды анықтап, ғылыми-зерттеу экспедициясының жұмысын қорытындылау мақсатында дөңгелек үстел өткізілді.

Халқымыздың бай мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатындағы ұйымдастырылған көрмелер республика және жергілікті тұрғындарының зор ықыласына ие болуда. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының бір жылдығына орай Ұлттық музейде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстық музейлерімен қатар, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнографиялық көрмесі «Батыс жауһарлары» тақырыбымен ортақтаса ашылды. Көрмеге қойылған өлкеміздің тарихы мен мәдениетінде елеулі із қалдырған тұлғалардың тұтынған заттары мен маңызды оқиғалар туралы сыр шертер сирек, бірегей экспонаттар келушілердің қызығушылығын туғызды. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде өлкетанушылардың республикалық форумы аясында музей қорынан алынған «Ақтөбе жері – қаһармандық дастаны» атты жылжымалы көрме де – сәтті ұйымдастырылған шаралардың бірі.

Жыл сайын халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылып келе жатқан «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы өңір тұрғындарына материалдық заттарға бей-жай қарамай, оларды музейге тапсыру, экспонат есебінде тіркелгеннен бастап экспозициядан орын алғанға дейінгі кезеңдегі атқарылар жұмыстар туралы түсіндіріп келеді. Облыстық музей қабырғасында 1999 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан шараның маңызы зор. Жыл сайын акция барысында музей қоры халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын қолөнер бұйымдары, зергерлік бұйымдар, қыл қалам туындылары, тұрмыстық бұйымдар  және  өзге  ұлт өкілдерінің тұрмыстық-шаруашылық заттары және сирек кітаптармен толығуда.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі республикалық «Музейдегі түн» акциясына қосылып, кешкі уақытта музейге келген келушілерге арнайы іс-шаралар бағдарламасын ұйымдастырып келеді. 2018 жылы «Музейдегі түн» шарасы «Бақытты бала» жобасын қолдау мақсатында өткізілсе, 2019 жылдың қыркүйек, желтоқсан айларында «Art Street» жобасы аясында «Музейдің түнгі сырлары» тақырыбында ашық есік күні өтті.

Жыл сайын өткізіліп жатқан акцияға қала және облыс жұртшылығы жақсы көзқарас танытып отыр. Бұндай шара келушілердің музей экспонаттарын жақын келіп, жете түсінуге мүмкіндік береді. Экспонат тарихымен танысып, өзіндік ой түйген, мәдениетіміздің жарқын ескерткіштерін суретке түсіріп қуанған әрі жәдігерді көріп, айналасындағылармен ой бөліскен жандар қатарында ақтөбелік жастардың көп болуы ерекше қуантты. Сондай-ақ, келушілер тобынан әр жастағы азаматтарды, түрлі кәсіп иелерін, қала қонақтары мен облыс аудандарынан ат арылтып келген азаматтарды байқауға болады.

Акция барысында келушілер музей залдарын тегін тамашалап, залдар бойынша дайындалған бағдарламадағы шараларға қатысты.

Келушілерге музейдің он залы есігін айқара ашып, жаңадан жасақталған  тақырыптық экспозициялар көпшілік көңілінен шықты. Былтырғы жылдың қыркүйек және желтоқсан айларында өткен шараларда Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аясында музей қорынан «Ақтөбеге сый», «Сирек кітаптар сыры», «Қазақ ауылы», «Қазақ хандығы», «Қола дәуірінің адамдары» атты, ақтөбелік болгар диаспорасы өкілдерінің қолдауымен «Гүлдене бер, туған өлкем!», ақтөбелік коллекционерлердің қолдауымен «Ақтөбенің пошта конверттері», «Қазақстан Республикасының маркалары» тақырыбындағы көрмелер мен қойылымдар ұйымдастырылды.

Халқымыздың ұмытылып бара жатқан ата кәсібін ұстанып, жаңғыртып жүрген қолөнер шеберлерін облыстық тарихи-өлкетану музейіне шақырып көрме өткізу көптен күткен іс-шараның бірі болатын. Бағдарлама аясында «Ғасырлар мұрасы – халық қазынасы» және «Шежірелі өлке шеберлері» тақырыбында ақтөбелік шеберлердің көрмелері ұйымдастырылып, өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қолынан шыққан бұйымдар қайталанбас және алуан түрлі әсем әшекейлерден, ағаштан, металдан жасалған бұйымдардан, кілемшелерден, матадан тігіліп дайындалған кестелі жиынтықтардан, шағын кәдесыйлардан тұрды.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында облыстық тарихи-өлкетану музейі «ХVІІ-ХVІІІ ғғ. қазақ-жоңғар қақтығыстарындағы халық батырларының рөлі: қазақ бірегейлігінің қалыптасуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының жинағын, «Алаш қозғалысы: тарихы, зерттелуі және жаңа ізденістер» тақырыбындағы республикалық ғылыми-теориялық конференциясының, «Марғұлан оқулары-2018. Рухани жаңғыру және археологиялық мұра» конференциясының жинақтарын жарыққа шығарды. Осы кезеңде жарық көрген еңбектердің қатарында өлкетанушы, музец ардагері Р.Ілиясованың «Музей-мәдениет ғибадатханасы, таным мен тарихтың қайнар көзі», ардагер журналист Идош Асқардың «Тарих пен тағылым Шалқары» және мәдениет саласының үздігі, еңбегімен ел арасына танылған Сүндет Сарыбаев туралы «Сарыбаев салған сара жол» еңбектері қалың оқырманға жол тартты. Ағымдағы жылы «Ақтөбе облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері. Байғанин ауданы» жинағы жарық көрді.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тәуелсіздік алғаннан бері өзіндік даму жолымен қадам жасап келе жатқан мемлекетімізге үлкен серпіліс берді. Қоғамдық сананы жаңғырту – төл тарихымыз бен ұлттық мәдениетіміздің құндылығын болашақ ұрпаққа аманат есебінде жеткізудің жолы. Бұл бағытта Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі – өлкеміздің тарихын зерттеуге, экспонаттар негізінде өңір тарихының белестерін түсіндіруге, насихаттауға және бағдарлама негізіндегі ойларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлген мекемелердің бірі. Сондықтан да ауқымды әрі мәні зор қоғамдық-саяси және мәдени–ағарту іс-шаралары музейлерге келушілердің таным көкжиегін кеңейтіп, ғасырлардан бүгінгі күнге жеткен бабалар аманатымен жете танысуға, зерделеуге бар мүмкіндіктерін ұсынады.

 

Арман ЕРЖАНОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі «Қазіргі заман тарихы» ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері                                                                               

249 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper