Анонс


Мемориалдық музейлердің тәжірибелеріне арналған дөңгелек үстел өтті

Сейсенбі, 01 Қараша 2022 10:10
Мемориалдық музейлердің тәжірибелеріне арналған дөңгелек үстел өтті KAZMUSEUM.KZ -  

 ҚР Ұлттық музейінде «Мемориалдық музейлердің үздік тәжірибелері» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.  

  Мемориалдық музейлердің үздік тәжірибелерін көпшілікке таратуға арналған дөңгелек үстел Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың 110 жылдығы тәрізді елеулі мерейтойлардың құрметіне арналды.

  Дөңгелек үстелдегі алғысөзінде ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов мемориалдық музейлердің рөліне тоқталып өтті.

 «Тарихи-мәдени мұраны сақтап, оны зерттеуде мемориалдық музейлер зор рөл атқарады. Еліміздегі 80-ге жуық мемориалдық музей бұл үдеден шығып келеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі «Рухани қазына» фестивалі алғаш рет өткен уақытта Ілияс Есенберлиннің әдеби-мемориалдық музейі жеңімпаз атанса, өткен жылы ғана Мәлік Ғабдуллин музейі мен Алматы облысындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі жүлделі орындарға ие болды. Мұндай жетістіктер мемориалдық музейлердегі жұмыстың сапалы әрі нәтижелі жүріп жатқанын көрсетеді», - деді А.Сыдықов.

  Дөңгелек үстелге Жангелдин музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы директорының орынбасары Гүлжан Кударинова, Астана қаласы музейлері дирекциясы басшысының орынбасары Самат Тергембаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау, І.Есенберлиннің әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Ұлболсын Комбатурова, М.Ғабдуллин мемориалдық музейінің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова қатысты.  

 Бұл жолғы дөңгелек үстелге мемлекеттік музейлермен қатар, жоғары оқу орындарындағы мемориалдық музейлер де атсалысты. Атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мемориалдық музейінің меңгерушісі Сымбат Ахметова экспозицияларды жаңғырту туралы тәжірибесімен бөліссе, Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейінің қызметкері Бақытжамал Айтмұхамбетова музей экспонаттары арқылы тұлғаның рөлін көрсетуге арналған жұмыстарын ортаға салды.

  Дөңгелек үстел соңында қатысушылар Қарар қабылдап, мемориалдық музейлердің қорын толықтыруға, реставрация жұмыстарына жіті көңіл бөлуге, халықаралық байланысты нығайтуға күш салу қажеттігін атап көрсетті.

   Айта өтейік, дөңгелек үстел жұмыстарының қорытындысы ретінде «Мемориалдық музейлердің үздік тәжірибелері» атты электронды жинақ жарыққа шығатын болады.

403 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper