Анонс


«Анаға құрмет» галереясы ел игілігіне берілді (ФОТО)

Сейсенбі, 18 Мамыр 2021 23:49
«Анаға құрмет» галереясы ел игілігіне берілді (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылында «Анаға құрмет» галереясы ел игілігіне берілді. Анаға құрмет музейінің жанынан бой көтерген екі қабатты галереяның құрлысы 2020 жылдың қыркүйек айында басталды. Жалпы алаңы 254,4 шаршы метрді алып жатқан ғимарттың бірінші қабатында «жылжымалы көрме» залы мен әкімшілік орналасқан. Екінші қабат толығымен галереяға ыңғайластырып салынған.

«Анаға құрмет» галереясының ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткері Алик Шпекпаев бастаған ел ағалары, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, «Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама» ММ-нің басшысы Марлен Көлбаев, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Алиев,«М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК-ның директоры Рысжан Әбсеметқызы Аязбаева қатысты. Республика көлемінде алғаш рет ашылған аналар галереясының қызыл лентасын  генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, Амангелді Шабдарбаев және ҚР Құрмет Орденінің иегері, Қарасай ауданының құрметті азаматы, Анаға құрмет музейінің негізін қалаған Бақыт Жатқамбайқызы қиды.

Галерея еліміздің туристік әлеуетін арттырады

     Галереяның ашылу салтанатында Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев 9 мамыр Жеңістің 76 жылдығымен қатар келген іс-шараға жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады. – «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында Қарасай ауданында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі бүгін ел игілігіне берілген «Анаға құрмет» галереясы. Өздеріңіз білесіздер, Анаға құрмет музейінің бой көтергеніне жеті жыл болды. Осы уақытқа дейін аталған музейде халқымыздың рухани, тарихи-мәдени қазынасын толтыру мақсатында біраз шаруа атқарылды. Осы ретті осынау ігі бастамалардың басы-қасында жүрген мемлекет және қоғам қайраткері Алик Жатқамбайұлына елдің, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың атынан алғыс айтамын! Өйкені бұл тарихи-мәдени нысандар бүгінгі және келер ұрпақтың тәрбиесінде алар орны ерекше. Болашақта Анаға құрмет музейі мен галереясы ауданымыздың ғана емес, республикамыздың туристік әлеуетін артыратын іргелі шаңыраққа айналатынына сенімдімін!» - деп сөзін түйіндеген аудан әкімі Анаға құрмет музейі мен галереясын республика көлемінде насихаттап, әсіресе жастарды көптеп тарту керектігі жөнінде өз ұсынысын білдірді.

 

Ұрпақ тәрбиесінің таптырмас құралы

     Өз кезегінде, «Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама» ММ-нің басшысы Марлен Қапашұлы Анаға құрмет музейінің соңғы жылдардағы жұмысына тоқталып, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Анаға құрмет музейі Алматы облысының «Үздік мәдениет мекемесі» номинациясының жеңімпазы атанғанын тілге тиек етті.

- «2019 жылдың қыркүйек айында Анаға құрмет музейінің бес жылдығында «Даланың дана арулары» атты халықаралық фестивал өткен болатын. Көп ұзамай Анаға құрмет музейінің жұмысын жоғары бағалаған Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы өткен жылы музейге қызметтік көліктің кілтін тапсырды. Бұл облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының еліміздің мәдениет саласына, оның ішінде музей ісіне деген жанашырлығы, қамқорлығы деп білем. Ана деген қасиетті атауды иелеген музей мен галереяны жалпы тәрбие ісінің таптырмас құралы деуге де болады» - дей келе, «егіздей» қатар тұрған қос ғимараттың есігі мәдениеті мен тарихын бағалаған, анасын құрмет тұтқан көпшілікке қашанда ашық екенін жеткізді.  

   Ал, Анаға құрмет музейінің меңгерушісі Аршагүл Серікқызы ағымдағы жылдың күзінде «Аналар» күніне орай Анаға құрмет музейінде «Даланың дана арулары» халықаралық фестивалі екінші рет облыстық деңгейде өтетінін, әлемде болып жатқан пандемеяға байланысты біраз ойға алған іс-шараларды атқару мүмкін болмай жатқандығын айтты. «...Дейтұрғанмен, өткен жылдың наурыз айынан бүгінгі күнге дейін Анаға құрмет музейінде біраз жұмыстар атқарылды. Соның бірі музей жанынан галерея ашылған галерея. Осы орайда, Анаға құрмет музейінің негізін қалаған Бақыт Жатқамбайқызы бастаған барша мәдениет жанашырларына, Алматы облысының әкімдігіне, мәдениет басқармасына алғыс айтамын!ьЖалпы мұнда келушілер ең алдымен өздерінің аналарын еске алады.  Тіпті кейде көз жастарына ерік беретіндер де бар. Себебі мұнда аналарымыздың тұрмыста қолданған заттары сақталған. Үлкен кісілер балалық шағын еске алып, аналарына деген сағынышын білдірсе, балалар «анау не?», «мынау не?» деп бәрін білгісі келіп тұрады. Ал, жастар жағын тарихта өткен аңыз аналарымыздың өмірі көбірек қызықтырады» - деп, музейдің күнделікті тыныс-тіршілігі жайлы айтып берді.

      Анаға құрмет музейі 2014 жылы ҚР Құрмет орденінің иегері, Қарасай ауданының құрметті азаматы Бақыт Жатқамбайқызының идеясымен музей ретінде салынып, 2016 жылдан бастап «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама» ММ-нің «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК-ның филиалы болып, музей мәртебесіне ие болды.

    Жалпы музей мен галереяның мақсаты бір. Ол сонау ықылым заманан – бүгінгі күнге дейінгі ұлы дала тарихындағы аналардың орны мен олардың тарих бетінде қалдырған іздерін жаңғырту, өскелең ұрпаққа аты аңызға айналған қазақтың ел билеп, қолбастаған батыр қыздары мен ақылы асқан аналарын, өнер, білім, ғылым тағы да басқа қоғамның сан саласынан өз орнын тапқан нәзік жандыларын таныстыру, олардың жүріп өткен жолын ұрпақ тәрбиесімен ұштастыру десек, бүгіннің өзінде Анаға құрмет музейі мен «Анаға құрмет» галереясы халық саны 273 мыңнан асатын Алматы облысы Қарасай ауданындағы іргелі мәдениет ордасына айналып үлгерді. 

 

Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ, Анаға құрмет музейінің экскурсия жүргізушісі

313 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper