Анонс


Ішік туралы (Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан)

Сенбі, 23 Қаңтар 2021 00:54
Ішік туралы (Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазіргі таңда Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры құнды бұйымдармен толықтырылуда. Музей қорында ерекше тігілген  ішіктердің бірнеше түрі сақтаулы.

ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысып, табиғат аясында өскен ата-бабамыздың талғамы жоғары болғанын аңғартады. Қазақтың көшпелі шаруашылығында малдың және аңның терілері негізгі тұрмыстық қажеттіліктерді толық өтеді және шикізат ретінде тері бірінші орында тұрды.

 Ақтөбе облысы бойынша тері өңдеу, илеу технологиясымен айналысып, оны жас ұрпаққа үйретіп жүрген, жалғыз тері шебері, Темір ауданы, Шұбарқұдық елді мекенінің тұрғыны, Суретшілер  одағының мүшесі Нұрлан Жақыбаев. Шебердің тері өңдеу әдісіне жан-жақтан қызығушылар көп. Оның бір ерекшелігі, табиғи өсімдіктермен бояп, ешқандай техниканы пайдаланбай, үй жағдайында өңдеуінде. Оның қолынан шыққан тері бұйымдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясынан орын алып тұр.

 Бүгінгі таңда халық күнделікті тұрмыста ағаш ыдыстарды қолданғанмен, тері ыдыстарды қолданыста пайдаланбайды. Мысалы, шелекті көнекке, графинді саба, торсыққа  ауыстыра қойған жоқ. Тері бұйымдарды тек музейлерден көруге болады. Сол  себепті  тұрмыста тері бұйымдарына сұраныс аз боғандықтан, шеберге  тек  жәдігер үшін ғана тапсырыс түседі.

 Теріні илеп тіккен қазақтың ұлттық киімдерінің бірі — ішік. Оны елтіріден, сеңсеңнен, түрлі аң терлерінен тігеді, сырты матамен тысталады. Аң терілері қолданысына қарай екі топқа бөлінеді. Біріншісі, бағалы жүні үшін қолданатын жыртқыш аңдардың терілері, екіншісі түрлі былғары терінің сапасы, алынған (сыпырылған) уақытына мерзіміне байланысты әртүрлі болып келеді. Терінің ең сапалы кезі жаздың ортасынан күздің соңына, малдың қоңды кезіне сәйкес келеді. Ішік тігетін теріні шел майынан, көк етінен арылтып алған соң ашыған айран жағып, илейді. Тері әбден иі қанғанда ирек ағашпен тарап, қолмен уқалап, керіп, созып жұмсартылады. 

 Батыс өлкесінің ішіктері шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, қайырма жағалы болып келеді. Ішікті жөрмеп тігеді және тігістерінің бәрі терінің тақыр жағына қарайды. Жұқа терлерді мақта жіппен тіксе, ал дайын болған соң, оның тақыр бетін бидай шүберек көктейді де барқыт, шұға, пүліш сияқты қалың тыстық маталармен тыстайды.

 Мысалы, қасқыр ішік, түлкі ішік, бөкебай ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішіктер қыста, пұшпақ ішік, сеңсең ішік, қасқыр ішіктерді ерлер, қалған түрлерін көбінесе әйелдер киген. Әйелдер мен бойжеткендер киетін ішіктер өте сәнді етіп тігіледі. Олардың өңіріне, жеңінің ауызына, етегіне айналдыра құндызбен жиектеп, тысына жібектен кесте тігеді.

 Ішік қой, ешкі терісінен тігілмейді, тек олардың төлінің терісінің жүні қысқа немесе әдемі, бұйра болып келуіне байланысты тігіліп, елтірі ішік, сеңсең ішік деп аталады. Елтірі ішік аса марқаймаған қозының бұйра елтірісінен тігіледі. Түлкінің терісінен тігілген киімдер жоғары бағаланған. Ішіктің қайсы түрі болса да, әрі жылы, әрі киюге сәнді тамаша киім. Ішік жас ерекшелігіне және әлеуметтік мәртебесіне қарай арнайы тігілген. Мәселен, қасқыр ішікті  қырық жастан асқан ер азаматтарға ғана киюге рұқсат етілген.

Суретте: Қасқыр ішік

Қазақ халқында тон жағалы киімдер қатарына жататындықтан құдаласу кезінде китке берілген. Сонымен бірге әлеуметтік құқық бойынша, айыпкер, айыбының өтемі ретінде жәбірленушіге тон берген. Тон бағалы киімдер болғандықтан: «Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас», «Таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы», «Орамал тон болмайды, жол болады» сынды т.б. тонға байланысты мақал-мәтел түрлері көп.

Музейдің этнография залындағы көшпелі заманның салт-дәстүрімен жалғасып келе жатқан қолөнердің аса бай қазынасының бірі қазақтың ұлттық киімдері экспозициясында жергілікті жердің ерекшеліктеріне бейімделіп, орындалған ер адамдардың жазғы және қысқы киім үлгілері музейдің аса құнды экспонаттары болып табылады. Экспозициядағы  және музей қорында сақталған әрбір жәдігердің өз тарихы бар. Музей қорына қала тұрғындарының қолындағы құнды бұйымдары түсіп, толықтырылуда.

 Оған дәлел, соңғы жылдары түскен ішік қасқыр терісінен тігілген сәнді, әрі жылы қысқы сырт киімі. Ішіне астарланған терісіне қарай қандай, ішік екені аңғаруға болады. Ішік ұзын, әрі мол, тік жағалы етіп тігілген. Ішіктің шалғайы мен өңірі кең пішіліп, тігілген. Өйткені ол қыста мол қапсырыну үшін атқа мінгенде тізені жауып және тобығына дейін жетіп тұратын жылулық үшін қажет. «Кеңесті ел азбас, кең тіккен тон тозбас» деген мақал осындайда айтылса керек.

Суретте: Күзен ішік

Ал күзен терісінен тігілген ішік 28 дана күзеннің терісінен тігіліп, ал жағасы қара елтіріден салынған. Осы құнды терілерден тігілген ішіктерді Әйтеке би ауданы, Тасөткел ауылында ұзақ жылдар қызмет жасап, Ырғыз ауданында басшылық қызметтер атқарған Қияс Сәрсеновтің киген сырт киімдерін күйеу баласы Тәңірберген Кеңшілік музей қорына сыйға тапсырды.

Суретте: Түлкі ішік

2015 жылы «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы аясында қала тұрғыны Қаршыға Сембаева енесінің түлкі ішігі мен әкесінің қысқы қасқыр ішігін музей қорына тапсырды. Музей қорындағы ішіктер Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ресей Федерациясының Орынбор қалаларында ұйымдастырылған көрмелерде шығарылып, халық ерекше ықылас, қызығушылықпен тамашалайды.

 

Жаңылған ДАНАБАЕВА, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің сектор меңгерушісі

214 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper