Анонс


Меркі қалашығының тарихы

Жексенбі, 03 Желтоқсан 2023 21:49
Меркі қалашығының тарихы KAZMUSEUM.KZ -  

Меркі – тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Оңтүстігінде асқақтап Алатау тұрса, одан бастау алатын Мыңбұлақ тау етегінен төмен ағып жатыр. Осы Алатаудың қойнауында Меркі қалашығы орналасқан.

Меркі туралы алғашқы дерек ІХ – Х ғасырларда жазылған Қудама Ибн Хордадбектің қолжазбаларынан көруге болады. Автор қаланы ірі елді-мекен ретінде көрсетіп кетеді. Ал толық сипаттама тек Әл-Макдисидің жазбаларында бар: «Мирки – орташа аумақты алып жатқан, бекемі мықты ішкі қамалы да бар қала. Соборлы мешітпен бірге шіркеуі де болған» – дейді.

Мерке – Қытай патшалығын бағындырып, салық салып, үстемдік жүргізген, Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр еткен сақ, ғұн тайпаларының ішіндегі бір үлкен тайпаның аты. Тарихта осы ғұнның бір үлкен тайпасы  Алатаудың етегінде, Іле бойынан Меркі жеріне дейін мекендеген. Сақ, ғұндардан кейін бұл жерді үйсін ұрпақтары билеген.

Бұл өңірде аты тарихтан өшсе де, солардың сарқыты болып табылатын талай халықтар мен ұлыстар өмір сүрген. Меркі атауы түркі тілдес Түркеш мемлекетінің тарихымен астасып жатады. Бұл өңірді түркештердің қарасы да, сарысы да билеген. Ескендір Оңдасыновтың айтуынша, 738 жылы Шу және Іле бойын жайлаған қара және сары түркештер өзара билікке таласып, соғысуының салдарынан өзгеге жем болған. Түркештерден кейін Меркіні жайлаған қарлұқтар да түркі тілдес халық болатын. Бір нәрсе анық – Меркі өңірінің байырғы тұрғындары да, қазір де түркі тілдес халықтар болған. Мәселен, парсы тілінде жарық көрген «Һодуд әл-аләм» кітабындағы деректер бойынша: «Меркі хәллохтар (қарлұқтар) тұратын ауыл. Саудагерлердің де жолдары жиі түседі. Ол жерде қарлұқтардың үш тайпасы тұрады. Олар – бистан, хим және бериштер (мүмкін кіші жүздің беріш руы болуы)». Осы кітаптың тағы бір жерінде былай дейді: «Меркі мен Нуикста мұсылмандар мен түріктер өте көп шоғырланған. Бұл қалалар саудагерлер үшін өте ыңғайлы. Меркіде түріктер басым келеді». 766 жылы түркештерді биліктен тайдырған қарлұқтар сол өңірді билеуде ықпалды қалалар Құлан мен Меркінің гүлденуіне және осы бекіністердегі әскерлердің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше назар аударды. Жалпы, бұл кітаптың тарихи деректері біз үшін аса қымбат. Яғни, Х ғасырда жазылған кітапта «Тараз», «Меркі» атаулары кездеседі. Осыдан-ақ Меркінің тарихы тереңде екенін аңғару қиын емес.

Меркіні Меркі еткен қарлұқтар туралы да көп жазылған. Қазақстан тарихында: «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Олардың қарауында Құлан, Меркі қалалары болды», – деп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегінде: «Қарлұқтар – ежелгі түріктер» – деп жазғанын еске алатын болсақ, Меркі түркі тектес халықтардың мекені. Қарлұқтар түркі тайпасының бір бұтағы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қарлұқтар Тараз қаласының шығыс жағындағы Құлан, Меркі, Аспара, тағы да басқа кішігірім қамалдар мен қалаларды билегені белгілі.

Ортағасырлық Меркі қаласының аты Шу мен Талас өңірлеріне қатысты аңыздарда да кездеседі. Ертеде Шу өңірінде өзі жас, ақылды, әрі батыр Шу атты қаған билік құрыпты. Бір күні Мысыр елінен келген саудагерден Зұлхарнай патшаның (Александр Македонский) Яксарттың (Сырдарияның) арғы бетіне соғыс ашқалы дайындалып жатқанын естиді. Шудың жағасындағы қамалына әскербасыларын жинап алып: «Әрқайсың өз жеріңе, қорығыңа барып үлкен жолдың бойындағы таулардан ағатын әр өзеннің жағасына кале (мұнара), кент салыңдар. Кенттің қақпасы берік, қамалы ана таудай биік, ал оны қоршаған оры мынау асау Шудай терең болсын. Кенттің қорығы жайшылықта аң мен малға толы болса, ол ел басына күн туғанда шөбі жылқыға жем, аңы мен малы жасаққа азық болады. Әр кенттің жанындағы биікке қарауыл төбе, өзендердің өткелдеріне бекініс салынсын» – деп, әмір береді. Ертесіне Шу қаған Қожекент (Сырдария) өзенін бетке ұстап асығыс жүріп кетіпті. Арада жеті ай, жеті күн өткенде жаңадан салынған 40 кентті, Қожекент, Талас, Шу өзендеріндегі өткелдерге салынған бекіністерді көзімен көрген қаған қамалына қайта оралыпты.

Ғалымдардың Меркі қалашығын зерттеу барысында осы айтылған аңыздар жоғарыдағы жазба деректерге өте жақын келеді. Қаланың құрылыс қалдықтары, қыш бұйымдар жиынтығы, оның көркемдік бағыттары бұл қалада қолөнердің жоғары деңгейде дамығанын және Оңтүстік Қазақстан және Жетісу қалалары, Шығыс Түркістан, Шаш, Соғды, Хорезммен мәдени, экономикалық, сауда қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді. Бұл дегеніміз Меркі қаласы Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды орталықтардың бірі болғандығын айтады.

VI–VIII ғасырларда қазіргі Меркі орнында көпестер мен қолөнершілер тұрған қала қалыптасып, ал оның айналасында шаруалар арпа-бидай егіп, бау-бақша, жүзімдіктер өсірген. Қала айналасында мал бағушы көшпелілердің көктемде жылқы мен қой табындарын таулы жайлауға айдап, ал күзде Балқаштың құмдақ даласына, Мойынқұмдағы қыстауға түсетін жолдары өткен. Олардың өмірі осылай жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға ұласып, жалғаса берген. Әуеліде олар сақтар, үйсіндер, ғұндар, ал кейін түркілер, түргештер, қарлұқтар, қыпшақтар, қазақтар аталған. Елді-мекендердің көпшілігі өзен жағасында немесе биік тау мен оның баурайындағы бастаулар мен бұлақтар жанында орналасты және олардың маңында ғибадатханалар, жартас суреттері мен мазарлар болды. Қола дәуірінде кен қазу, оны балқыту маңызды рөл атқарды. Мыс қоры бар жерлерде кен қазылып, қасында қола балқытылып, одан балта, орақ, түрлі әшекейлер, сүңгі мен садақ ұштары жасалды. Қыш шеберханаларында құмыралар жасалды. Меркі маңынан қола балталар, садақ ұштары мен қыш құмыралар табылды.

Меркі қалашығын алғаш рет 1893–1894 жылдары Орта Азияға ғылыми сапармен келген және Шымкент, Тараз, Тарты (Құлан), Меркі, Ыстықкөл жағасы, Іле аңғары арқылы өткен В. В. Бартольд зерттеді.

1936 жылы қалашықты Материалдық мәдениет тарихы институтының Жетісулық археологиялық экспедициясы мен КСРО ҒА Қазақстандық бөлімі А. Н. Бернштам жетекшілігімен зерттеді. Қалашық бетінен және оның құлама қабаттарынан жиналған қыштар ғалымның анықтауы бойынша, негізінен, VI–XV ғасырларға жатқызылады.

1964 жылы К. М. Байпақовтың жетекшілігімен Жетісу археологиялық экпедициясының Луговое бөлімі барлау қазбаларын жүргізді. Табылған археологиялық заттар қаланың VІІ–ХІІІ ғасырларда болғанын дәлелдейді.

1986–1987 жылдары Ә. Х. Марғұлан атындағы археология Институты ішкі қамалдың солтүстік қабырға жағындағы шахристанмен шекаралас төбешікте археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ортағасырлық Меркі қаласының негізгі бекінісі Қарасу өзенінің оң жағасында, қазіргі Меркі ауылының ортасында орналасқан. Қалашық тік жағалауды бойлай жатыр. Әсіресе, оның мұнаралы қамалы бар орталық бөлігі алыстан көрініп тұр. Қалашықтың қираған орнынан сыртқы дуалмен қатар шахристан жəне ішкі қамал мұнараларының іздері анық байқалады. Қаланың дуалы оны ертеде төрт жағынан қоршап, дүниенің төрт бұрышына бағытталып тұрды. Оңтүстік жағындағы дуал толық сырылып тасталған жəне оны бойлай кешегі күнге дейін қалалық кұрылыстар салынған. Қарасу өзені өтетін батыс жақ та сондай күйде болған. Шикі кірпіш (саман) дайындауға топырақ алған жерлер ізі жағаны бойлай кездеседі. Себебі, өзен суының шаюы жəне қалашықтың батыс жағының жарқабатты болуы топырақ алуға ыңғайлы болды. Дуалы шығыс жағында салыстырмалы түрде айтқанда – жақсырақ сақталған, ал ең жақсы сақталғаны – солтүстік жағы. Дуалдың сыртынан ор іздері байқалады. Көп жерлерде дуал мен ордың үстінен қазіргі кезде жолдар мен соқпақтар өткен. Солтүстік қабырғаға, солтүстік-шығыс бұрышына жақындау жерден дуал арқылы терең ой өтеді, ол түбіне дейін қиып түскен жəне оның құрылысын айқындап тұр. Дуалдың іргесі шикі кірпіштен қаланған жəне қалыңдығы 4 м қалың қабырғадан тұрады. Дуалдың өзінің биіктігі – 5 м, қалыңдығы – 20 м. Ордың тереңдігі – 1,5 м, ені – 15 м. Дуалдың астына іргетас ретінде көлемі 10×10 см малтатастар қаланған. Қабырға үш қабаттан тұрады. Дуалдың биіктігі ішкі жағынан есептегенде 3 м-ге жуық. Қалашықтың өзі шығыстан батысқа қарай созылып жатқан тікбұрышты төбе болып табылады. Солтүстік жағы – 380 м, шығысы – 275 м, батысы – 250 м. Қалашықтың оңгүстік-батыс бөлігінде ішкі қамал қалдығының орны көрініп жатыр. Ол қазіргі кезде мүжілген, сақталған биіктігі 1,5–2 м топырақ жал түріндегі қабырға арқылы шахристаннан бөлініп тұр. Қабырға бұрыштары дөңгеленіп салынған мұнаралармен бекітілген, тағы бір екі мұнара қабырғаның оңтүстік-батыс бұрышынан ішкі қамалға кіретін қақпаның жақтауы болып түр. Ішкі қамалдың ішкі аумағы – 110×75 м төртбұрышты алаң. Батыс қабырғаның ортасы ішкі қамал бетінен 4,5 м биік жатқан тікбұрышты төбешікке ұласады. Төбешік үстінде аумағы 17×10 м жазық алаңқай бар. Шахристан – біраз мүжілген жəне қабырғамен қоршалған биіктігі 3 м төртбұрышты төбе түрінде көрінеді. Бұрыштарынан биіктігі 1,5–2 м дөңгеленген төбешік түріндегі мұнара іздері байқалады. Оң жағасы тік жарлы, сазды жайылымы бар. Қарасу өзені – қалашықты батыс жағынан қоршап тұрған табиғи қорғаныс. Шахристанның солтүстік жəне шығыс жақтарында соңғы кезге дейін бас арық арнасы ретінде қолданылып келген ені 15 м ор іздері сақталған. Қала орталығына кіретін бас қақпалар оның батыс және шығыс жағында орналасқан.

Меркі қаласының орталығы мен оның рабадын жан-жағынан «ұзын» қабырғалар қоршап жатыр. Қазір олардың орны сақталмаған. Тек шахристанның оңтүстік жағында, 2,5 шақырым жерден 0,5 шақырымдық сыртқы қабырға іздері сақталған. Оның биіктігі – 1,5 м, түбінің қалыңдығы – 8 м. «Ұзын» сыртқы қабырғаның ішкі аумағында қазіргі заманғы құрылыстар, бау-бақшалар және басқа да ауылшаруашылық егіндіктер орналасқан.

Меркі қалашығындағы археологиялық жұмыстар барысында табылған VII–VIII ғасырларға жататын заттардың көпшілігі қыш сынықтары. Олар, негізінен, қолдан жасалған ыдыстардың сынықтары: қазан, құмыра, таба, құм, қақпақ, дастархан, шырақ және қазан тұғырлары. Қыш ыдыс сынықтарының көпшілігінің беттері геометриялық және өсімдік тәрізді мәнерлермен ойылған, сызылған, және бастырылған оюлармен өрнектелген.

ІХ–Х ғасырлардың қыштары пішіні бойынша алдыңғы ғасырлар қыштарына ұқсас, бірақ шарықта дайындалған ыдыстар саны көптеп кездеседі. Қолдан жасалған қыштар тобына қазандар, дастархандар, қақпақтар жатады.

ХІ–ХІІ ғасырлар қыштарына, негізінен, әйнекелі ыдыстар – дөңгелек түпті табақшалар жатады. Оюлар мөлдір түссіз немесе сары, ақ ангоб бетіне салынған. Өрнектері қоңыр, жасыл, қызыл, қара түсті бояулармен жасалған.

Қыш бұйымдар жиынтығы қыш қолөнерінің жоғары деңгейде дамығанын, оның көркемдік бағыттарын, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу қалалары, Шығыс Түркістан, Шаш, Соғды, Хорезммен мәдени, экономикалық, саудалық қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді.

Меркі қалашығының тарих сахнасына келу дәуірін VІІ–VІІІ ғасырларға жатқызады. Ал ХІІІ ғасырдағы моңғолдардың шабуылынан кейін қала қиратылады. Ал оның қайта тұрғызылған уақыты ретінде ХІХ ғасырда қоқандықтардың кезеңімен байланыстырса болады. Мұнда бүгінде Меркі ауданының орталығы жатыр. 

Меркі қалашығы Жамбыл облысының республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткішіне, сонымен қатар 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілген.

 

Мадина ИБАДІЛДАЕВА, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері

834 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper