Анонс


Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылу тарихы

Дүйсенбі, 05 Ақпан 2024 06:10
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылу тарихы KAZMUSEUM.KZ -  

Мақалада Жанақорған аудандық тарихи-өлкетанулық музейінің құрылу тарихы мен оның қызметі айтылады. Автор жергілікті музей тарихын жазу барысында аудандық музейдегі мәдени және ғылыми жұмыстардың нәтижелерін пайдаланған.

Кілт сөздер: Қаратау, Сыр бойы, Жаңақорған, тарихи-өлкетану музейі, ғылыми қызметкер, Манап Көкенов

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мемлекетіміз үшін, шын мәнінде кемелденген, тағылымды кезең басталды. Тәуелсіздік жылдарында іргетасы қаланған Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі бүгінде облыстағы іргелі мәдени орталықтарының біріне айналған. Бұл Жаңақорған аудандық музейінің тарихында маңызды кезең болып саналады. Осыған орай, Жаңақорған аудандық музейі отыз жылда қандай жетістіктерге жетті? Тәуелсіздік жылдарында құрылған музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?! Музей жұмысындағы жаңа бетбұрыстар, жоба-жоспарлары жайында баян етеміз.

Қарт Қаратау мен сұлу Сырдың бойын жайлаған қазыналы жер жәннаты – Жаңақорған өңірінің тарихы бай, шежірелі өлке. Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі – осы шежірелі өлкенің тарихи тармақтарын кезең-кезеңге бөліп зерттеп-зерделеп, құнды жәдігерлерін жүйелеп, көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа ұлттық, патриоттық тәрбие беру ісімен тындырымды еңбек жасап келеді. 30 жыл уақыт ішінде көп өзгерістер болды. Аудан музейінің дамуында ілгерілеу бар. Баяндамамызда музейдің қалыптасу тарихындағы бірнеше айтулы белестеріне тоқталамыз. Музейдің қалыптасу тарихы да, енді ірге тіктеген жас мемлекеттің қалыптасу кезеңімен тұспа тұс келді. Бұл музей жұмысының толық орнықпаған кезеңі. Жаңақорған аудандық қоғамдық ұйымдардың басшылары мен бірқатар мәдени өкілдерінің қатысуымен, (атап айтқанда: Қазақстан Жастар одағы аудандық комитетінің бірінші хатшысы А. Мұстапаев; Қазақстан Социалистік партиясы аудандық атқару комитетінің төрағасы С. Ибадуллаев; Халық ақыны М. Көкенов; жазушы А. Сопыбеков; аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы А. Бибасаров; «тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының жауапты хатшысы Н. Айсынов, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімінің төрағасының орынбасары Д. Шоманов осы қоғамның жауапты хатшысы Х. Тұрсынов; Ауғанстан соғысы ардагерлері аудандық кеңесінің төрағасы И. Этизов; аудандық өнер мектебінің мұғалімі, мүсінші Р. Амандықов; №86 Шалқия орта мектебінің мұғалімі, археолог Б. Сырымбетовтер қатысуымен ) [1, c. 9] жылы 29 қарашада өткен жиналыс протоколымен «Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейін ұйымдастыру» туралы мәселе ұсынылып, бекітілді. Музей халықтық әдіспен ұйымдастырылып, екі жылдай уақыт ешқандай мекемеге қаржылай бағынышты болмаған, оның қызметін қамтамасыз ету Ережесін бекітуге жауапты етіп, сол кездегі «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімінің жауапты хатшысы Х. Тұрсыновқа жүктеген.

Музей қызметін ресми заңдастыру және қаржыландыру үшін 23.12.1991 жылы мәселе халық депутаттары аудандық Кеңесінің қарауына ұсынылып, ресми тіркеуге алынсын деген шешім шығарады [2, c. 4]. Ал, 1992 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жаңақорған қыстағындағы кинотеатрдың бұрыңғы үйі аудандық тарихи-өлкетану музейіне пайдалануға берілген [3, c. 6].

Аудандық музей 28.10.1993 жылы Жаңақорған ауданының әкімі И. Әбибуллаевтың шешімімен «Жаңақорған аудандық әдеби-мәдени және тарихи мұражайы» болып ресми тіркеуге алынады [4, c. 11]. Музей жұмысы ресми тіркелген кезеңнен бастап, жергілікті режиссер-драматург Әмір Мәжитов пен кейінгі жылдары Ахмет Есіркеповтер  музей жұмысына басшылық жасады. Музейдің өз зал қараушысы мен қор сақтаушысы бекітілді. Музейдің алғашқы қор сақтаушысы болып Рахима Әбсаттарова бекітілді. Сол жылдар аралығында Қ. Қалдаров, С. Сыздықовалар музейдің ішкі шаруашылық жұмыстарын жүргізді. Бұл кезеңдегі музейдің негізгі қызметі экспонат жинақтаумен айналысты.

1997 жылы түрлі жағдайлардың әсерінен, қаржыландыру қиындықтары себебінен аудандық музей жабылуға шақ қалған, қиын-қыстау кезеңінде ауданның мәдениет жанашыры, ел зиялысы Н. Тастаев және музейдің қор сақтаушысы Р. Әбсаттарова бұл жағдайға бейжай қарамай, қайткен күнде де мәдениет ошағын сақтап, ұстап қалуды көздейді. Ол 2 ай мерзім ішінде музейді қалпына келтіруді өз қолына алады. Аудандық мәдениет бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Н. Тастаевтың 2 маусым 1997 жылғы № 38 бұйрығымен музейді сақтап қалу мақсатында, музейдің арнайы есеп шотына қаражат бөлдіртіп, қажетті материалдық-техникалық заттарымен қамтамасыз етіп, экспозиция сөрелерін дайындауға тиісті шаруашылық қызметкерлерін жұмылдырады. Нәтижесінде, музей үйін аудандық мәдениет үйінің екінші қабатының 4 залына жаңадан жасақтау жұмыстарын бастап кетеді. Оған Жаңақорған халық театрының безендірушісі Қ. Әлібековты, аудандық мәдениет үйінің ағаш ұстасы Ж. Күзембаевты, электрмен дәнекерлеуші Н. Өтепбергеновты, шаруашылық қызметкері А. Қалдыбаевты, құрылыс маманы Н. Шалаповтың қарамағына беріп, музей экспозицияларын жаңадан жасақтау жұмыстарына жұмылдырылады. Өз алдына ғимараты жоқ, қарбалас уакытта экспонаттардың жоғалып кетпеуіне, бүлінбей қаз-қалпында сақталуында музейдің қор сақтаушысы Р. Әбсаттарованың еңбегі зор. Р. Әбсаттарова экспонаттардың орнымен, жүйелілігімен бөліп орналастырылуына көп қызмет жасады. Ал, құрылыс маманы Н. Шалапов экспозиция залдарының жөндеу-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін арнайы шақыртылып, осы шаруаны ары қарай өз деңгейінде жүргізу үшін «музей директоры» лауазымы берілді. 

1997 жыл - Жаңақорған аудандық музейінің қайта жасақталып, келушілерге есігін айқара ашқан тарихи сәті. Музей жұмыстарының нәтижесін талдай отырып, осы кезеңнен бастап музей қызметінің айтарлықтай артқанын көреміз. Осы жылдар аралығында Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкеновтің шығармашылық өнер мектебі ашылды. Ақынның құрметіне Манап Көкеновке арнайы бір зал арналып жасақталды. Залдың экспозициясын жасақтау үшін облыстық мәдениет басқармасынан қаражат бөлініп, арнайы музей мамандары шақыртылды.

1999 жылдан бастап, аудандық музей аудандық мәдениет бөлімінен бөлініп, енді «Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі» ретінде өз жарғысы бекітіліп, жаңа мамандар алуға мүмкіндік алды. 2001 жылы музейге жаңадан ғылыми қызметкер, экскурсия жүргізуші мамандықтары енгізіліп, қосылды. Музейдің ғылыми қызметкерлері болып тарихшы М. Дюсенбаева, С. Скендірұлы және экскурсия жүргізуші болып Т. Жәненовтер келді. Осы кезеңнен бастап, музей қызметі ғылыми жүйеленіп, қор, ғылыми-мәдени шаралары жөнінде облыстық мәдениет басқармасына жоспар, есеп тапсырды. Музей аудиториясы кеңейді. Осы жылдар аралығында аудандық музейдің көрермендерінің қатарында қазақтың жезтаңдай әншілері Р. Бағланова, Б. Төлегеновалар, қоғам қайраткерлері С. Шаухаманов, танымал ғалым-жазушылар арнайы ауданға келген сапарында, аудандық музей қонағы болды. Дегенмен, заман талабы, музейлердің де көрермен назарына ұсынатын экспозициялық құрылымының жаңаша безендірілуін талап етті. 

2003 жылы музей басшысы Н. Шалаповтың бастамасымен аудан әкімі Н. Мұсабаевтың алдына Жаңақорған аудандық музейін жаңа ғимаратқа көшіру мәселесі ұсынылды. 2004 жылы аудан әкімі Н. Жолдасбаевтың басшылығымен Жаңақорған аудандық музейін жаңа үлгідегі еурожөндеу жұмыстарына, хронологиялық, тақырыптық-экспозициялық құрылымын жасақтау жұмыстарына қаражат бөлінді. 2004 жылдың қазан айынан бастап, 1904–1905 жж. салынған бұрыңғы орыс-қазақ түзем мектебі ғимаратының бөлмелерін музейдің өзіндік қайталанбас ерекшелігін сақтай отырып, 4 экспозициялық залына безендірілуін Алматы қаласынан экспозиционер-дизайнер маман Нағашыбек Алишариевтің дизайнерлік компаниясы тендерді жеңіп, күрделі-жөндеу жұмыстарымен қатар экспозициялық жұмыстарын жүргізді. Аудандық музейдің қызметкерлер бөлмесі аудандық мұрағаттың 77,95 (шаршы метр бөлігіне) бір ғимарат ішінде мекеме орындары ауыстырылып, орналастырылды.

Осы аралықта қаржының бөлінуінде, тағы қиындықтар туындады. Музейдің күрделі жөндеу жұмыстары кейінге шегерілер ме еді?! Мәселе ауданнан шыққан қайырымды азамат А. Тұртановтың арқасында шешімін тапты.А. Тұртанов күрделі жөндеу жұмыстарына (3 млн теңгені) қаражатты уақытша өсімсіз беріп, шаруаны дөңгелетіп бастатып жіберді. Музейдің ғылыми қызметкері М. Дюсенбаева және қор сақтаушысы Р. Әбсаттарова музейдің тақырыптық-экспозициялық құрылымы мен жоспарына жауапты болды. Өлке тарихы мен мәдениетіне байланысты музей экспонаттарын жинақтауға музей мамандары Ж. Ахатаев, А. Қалдыбаев, К. Ибрагимова, С. Сыздықова, С. Рустемовтер зор еңбек сіңірді. 2005 жылдың 30 маусым күні облыс әкімі И. Адырбеков өзі арнайы ашып, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі ел игілігіне пайдалануға берілді. Музей жұмысы жаңа қарқынмен жүре бастады, халықтың музейге деген ынта-ықыласы артты, келушілер саны, мәдени-көпшілік, экскурсиялық шаралар өткізу көбейді. Жаңақорған аудандық музейі 2005 жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық музейлерінің көрмелері шеруінде «Сұлтанбек Қожанов - Орынбордан Ақмешітке астананы көшіріп әкелген тұлға» атты номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. 2006 жылы кадрлардың кәсіби деңгейін көтеру үшін аудандық музей мамандары өз қаражаты есебінен Алматы қаласындағы қазақтың мәдениет және өнертану ғылыми зерттеу институтында 1 айлық білім курсынан өтіп, республикалық музейлермен тәжірибе алмасып қайтты.

Музейдің төл қызметі ретке келгенімен, ғимарат мәселесі әлі де шешімін таппады. Музей ғимараты «Республикалық және жергілікті маңызы бар Қазақ КСР тарих және мәдениет ескерткіштерінің» 1983 жылғы мемлекеттік тізіміне енгенімен, БТИ коммуналдық қазыналық кәсіпорынның (балансында) жалда отырды. Музейдің қор бөлімі, материалдық-техникалық базасы нашар, кеңселік жабдықтар жоқтың қасы болды.

Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар отандық тарихтың дамуына тың серпін берді. Бұл ретте, музейлердің ғылыми-зерттеу қызметіне баса назар аударылды. Бұрын бәймәлім болған көптеген археологиялық, тарихи құндылықтарымызды түгендеуге жол ашты. 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында жерлесіміз, қоғам қайраткері Ш. Қарақожаевтың ықпалымен Мысырдың Ұлттық Кітапхана қорында сақтаулы тұрған Сығанақ қаласының тумасы, ғұлама ғалым Һиссамеддин Сығанақидің 7 томдық қолжазбасының электронды көшірмесі алынды. 2016 жылы «Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік кәсіпорынының тапсырысымен Қызылорда облысы, Жаңақорған кенті аумағына жақын орналасқан обаны ашып, «Archeo-service» ЖШС-нің археолог мамандары археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл обалар 2005 жылғы маусым айында мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Қызылорда облысының жүргізген зерттеулері барысында анықталған [5, c. 11]. Жаңақорған кентінен шығыста – Шалхия және Шымкент жолдары аралығында орналасқан. Зерттеудің мақсаты қала салу аймағында қалып қойған 18 обаны қазу арқылы анықтау болып табылады. Тапсырыс бойынша осы тізбектің орталық бөлігіндегі обада қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба нәтижесі бұл обаның б.з.д. V–ІV ғғ., яғни ерте темір кезеңіне тән жерлеу орыны екендігі анықтады. Оба көне заманда-ақ тоналған. Обалы қорымнан табылған аз ғана заттар жергілікті ақсүйектердің (сырдариялық сақтар) мәдениетінің жоғары деңгейде болғандығын көрсетті. Зерттеу барысында тоналғаннан қалған, киімді әшекейлеуге арналған алтыннан жасалған өте нәзік жіп бөліктері, алтыннан жасалған қапсырма, тойтарма шеге және екіжақты жүзі бар қылыштың бөлігі табылып, жергілікті музей қорына тапсырылды.

Ел егемендігінің 20 жылдығына облыс музейлерінің Тәуелсіздік залы қайта жасақталды. Ал, ел егемендігінің 25 жылдығына аудан жұртшылығының атынан бір топ ардагерлері талапқа сай музей ғимаратының құрылысын салуға арнайы облыстық мәслихат депутаттарына өтініш - хат жолдады. Хатта аудандық тарихи-өлкетану музейінің бүгінгі таңда өзіне тиесілі талапқа сай ғимараты жоқ екендігін атап көрсетті. Музей осыдан 110 жыл бұрын, 1904 жылы салынғанын, іргетастары құздана бастаған (бұрыңғы бұратана қыш мектеп) тар ғимаратқа орналасқандығы жайлы талаптары айтылды.

Осы хатқа байланысты, облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ысқақов Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейіне арнайы сапармен келіп, музейдің қазіргі таңдағы жағдайымен танысты. Музейдің от жағатын бөлме (8,7 м2), қор сақтау бөлмесімен (10,5 м2) қатар орналасқанын, өрт қауіпсіздігіне сай еместігін, экспонаттардың өз дәрежесінде сақталмауын көрсетіп, Жаңақорған ауданына жаңа типті музей ғимаратын салуды тиісті орындар алдына ұзатпай қойып, бұл мәселенің үстіміздегі жыл ішінде толық шешілуіне ықпал жасады. Мұндай іргелі, игілікті бастаманың ел игілігіне айналуы уақыты да алыс емес деп сенеміз.

Мөлдір ДҮЙСЕНБАЕВА, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі, Қызылорда облысы

  

Әдебиеттер:

  1. Қазақстан Жастар одағы аудандық комитетінің бірінші хатшысы А. Мұстапаев; Қазақстан Социалистік партиясы аудандық атқару комитетінің төрағасы С. Ибадуллаев; Халық ақыны М. Көкенов; жазушы А. Сопыбеков; аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы А. Бибасаров; «тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының жауапты хатшысы Н. Айсынов, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімінің төрағасының орынбасары Д. Шоманов осы қоғамның жауапты хатшысы Х. Тұрсынов; Ауғанстан соғысы ардагерлері аудандық кеңесінің төрағасы И. Этизов; аудандық өнер мектебінің мұғалімі, мүсінші Р. Амандықов; №86 Шалқия орта мектебінің мұғалімі, археолог Б. Сырымбетовтер қатысуымен) 29 қараша 1991 жылы өткен аудандағы қоғамдық ұйымдардың басшылары мен бірқатар мәдени өкілдері жиналысының протоколы.
  2. Халық депутаттары аудандық Кеңесінің атқару комитетінің 23.12.1991 жылғы № 309 қарары.
  3. Халық депутаттары аудандық Кеңесінің атқару комитетінің 25.12.1991 жылғы № 316 қарары.
  4. Жаңақорған ауданының әкімі И.Әбибуллаевтың 28.10.1993 жылғы № 794 шешімі.
  5. Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Кызылординская область. – Алматы: Аруна, 2007. – 376 с.

 

427 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper